– Болатбек Ұласқанұлы, жуырда өткен имамдар форумында бас мүфти Серікбай қажы Ораз «Қоғамда көрініс тапқан мәселелер – отбасылық келеңсіздіктер, оның ішінде ажырасу оқиғалары, суицид, біреудің арын таптау, ұрлық, зорлық-зомбылық, т.б. Осындай күрделі мәселелерді шешудің бір ғана қуатты жолы – рухы биік сананың қалыптасуы» — деген еді. Осындай рухы биік сананы жамағат арасында қалай қалыптастыруға болады?

– Сауалыңызға арқау болған мүфти хазіреттің сөзінде: «Сана түзелсе – адам түзеледі. Адам түзелсе – қоғам түзеледі. Рухы биік сана – барша жамандықтың қалқаны. Біз осы бағытта жұдырықтай жұмылып, көбірек жұмыс істеуіміз керек» — деп жалғастырған болатын. Яғни, жамағат арасында сананың рухани дамуы үшін көбірек дәстүрімізбен біте қайнасқан дәстүрлі дінімізді халықтың дінге деген, дәстүрге деген ой-пікірін ұштастыра отырып насихаттауымыз керек.

Бүгінгі күні әсіресе намазхан жамағат арасында әлеуметтік желілерде діни аяттар мен түрлі хадистердің таратылуы белең алып тұрған шақта, сол белеңмен қалыс қалмай дер кезінде таралып жатқан діни мәліметтерді саралап беріп отыруымыз қажет.

Діннің қайнар көзі болған аят-хадистер сараланып, сүзгіленіп дұрыс қолданылу жолдарын үйрете білген кезде жамағаттың ой-санасы дұрыс бағытта қалыптасады деп ойлаймын.

Бүгінде облыс бойынша әлеуметтік желілерде тіркелген әрбір мешіттің және білікті имамдар мен ұстаздар қауымы бар топтар бар. Бастысы Орталық мешіттің aqmeshit.kz сайтымыз бар. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, жамағат арасында саралы сананы рухани бағытта дұрыс қалыптасуына септігін тигізер деген ниетпен атқарып келеміз.

Мүфти хазіреттің «Қоғамда көрініс тапқан  мәселелер – отбасылық келеңсіздіктер, ажырасу оқиғалары, суицид т.б.» — айтқан болатын. Әлеуметтік желілерде жамағат қиналып, не қандайда бір күйзелістерге түскенде, топта түрлі жауаптарын алып, сабырға келіп жатса, бұл да жоғарыдағы оқиғалардың алдын алуға тигізер септігі зор.

– Сондай-ақ теріс ағымдардың да мәселесі бар ғой?

– Ия, апта сайын мешіттерімізде арнайы кей ағымдардың жетегінде жүргендерге дастархан жайып, сол сәттерді  пайдаланып насихат айтып, олардың түпкі ойларын өзгерте алмасақта, біз ұстанып жүрген мәзһабтың аят пен сүннет аясында тікелей қалыптасқанын түсіндіріп, саналарына кішкене болса да  ақиқатқа жан-жақты қарау керектігін айтып келеміз.

Мұндай шаралар нәтижесіз емес. Мысалы, «Құран бағыштап, оны пәленұлы түгенге бағыштауға болады» дегенді үлкен тәпсірші атақты ғалымдар мен хадистерге үлкен шарх жасаған танымал ғұламалардың айтқанын білмеппіз деп өздері Құран бағыштамаса да бағыштап жатандардың адасып ойдан алып жатпағанын аңғарып жатқандарда бар. Бұл деген сөз сананың рухани дұрыс бағытта қалыптаса бастауы деп білемін.

Осындай бағыттарды ғылыми тұрғыда дәріптеп, насихаттауда діннің түрлі саласында білікті мамандардың ауадай қажет екендігі белгілі. Яғни сананың рухани қалыптасуының тағы бір үлкен жолы – ол білікті мамандардың болуы.

Міне, осы бағытта облыс бойынша мешіттерімізде арнайы білім ордаларын бітірген мамандармен мейлінше қамтып, оларға жағдай жасау жолдарын қарастырып, білікті мамандарды тартып келеміз.

Бүгінде мешіттерде республикалық дәрежеде насихат айта алатын білікті мамандарымыз, республикалық жарыстарда орын алған жетік қариларымыз бар.

Міне, жамағат арасында рухани сананың қалыптасуына осы секілді жолдардың кеңінен насихатталуы әсер етеді деп ойлаймын.

– Жақында өзіңіз Сыр имамдарының алқалы жиынында діни рәсімдерді кез келген адамның атқаруға құқы жоқ екендігін айтыпсыз. Мешіттің атын жамылып діни рәсімдерді атқарып жүрген азаматтарға нақты қандай шара қолдануға болады?

– Қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен ІІІ республикалық имамдар форумында «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы, «ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі», «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі»  құжаттарының қабылданғаны баршамызға мәлім.

Аталмыш құжаттарға мешіт имамдарының мәртебесін айқындап, ел мұсылмандарына тың серпін берді деп айта аламын.

Осы ретте діни рәсімдерді арнайы оқыған дін мамандарының атқарғаны дұрыс деп ойлаймын. Себебі, кей аймақтарда ҚМДБ қарасты мешіттерде қызмет атқармаса да, мешіт атын жамылып, діни рәсімдерді атқарып жүрген азаматтарды естіп жатамыз.

Ал ол азаматтардың қайдан, қандай діни білім алғаны беймәлім, тіпті кейбірінің діни білімі де жоқ.

Бұл өз кезегінде діни рәсімдерді атқару барысында шариғатқа қарсы амалдардың орын алуына немесе теріс пікірлердің туындауына, исламға кір келуіне әкеліп соғуы мүмкін.

Адам өміріндегі маңызды діни рәсімдерді арнайы білімі жоқ тұлғалардың атқаруы дұрыс емес.

Сондықтан, жоғарыда аталған және т.б. келеңсіз мәселелердің орын алмауы үшін, осындай мешіт атын жамылып, діни рәсімдерді атқарып жүрген азаматтарға жергілікті билік өкілдерінің тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тарту секілді шаралар қолданылғаны дұрыс деп ойлаймын.

– Облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің қолға алған өзге де жобалары туралы айтып берсеңіз.

– 2018 жылы қызметке келгеннен кейін «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде «Отбасылық мәселелер бойынша кеңес беру орталығы», «Құран жаттау» орталығы, «Араб тілі» орталығы, облыстық «Діни кітапхана» ашқан болатынбыз. Бүгінде аталмыш орталықтардың жұмыстары қарқынды жүруде. Мысалы, «Құран жаттау» орталығында 3 бірдей қари сабақ беруінің арқасында шәкірттердің алды 13 параны жатқа біледі.

Ал, 2019 жылы аталмыш мешітте Қазақстан республикасындағы Біріккен Араб Әмірліктері елшілігі мен «UMMET» қоғамдық қорының демеушілігімен 20 тігін машинасымен жабдықталған «Шебер әйел» қолөнер орталығы ашылды.

Орталық мешіт тарапынан қажетті құрал-жабдықтармен (қайшы, ине-жіп, мата, т.б.) қамтамасыз етілген. Курс тегін жүргізіледі. Жобаның мақсаты – «балық берме, қармақ бер» демекші, жұмыссыз жүрген қыз-келіншектерге үйде отырып та табыс таба алатын кәсіпті үйрету. Болашақта қолөнер орталығында тігіннен бөлек, басқа да аспаздық, тоқыма және т.б. бойынша кәсіби мамандардан шеберлік сабақтары мен өзгеде қолөнер курстарын өткізу жоспарлануда.

«Жастар жылының» құрметіне орай, «Жастар жұмыла тал егейік» республикалық акциясы аясында танымал азаматтардың қатысуымен ағаш көшеттерін отырғызу шарасы өткізіліп, облыс көлемінде 3900 астам көшет отырғызылды.

Сонымен қатар, Рамазан айында «Сыр жастары жарысады» атты умра байқауы ұйымдастырылды. «2019 – Жастар жылының» құрметіне орай ұйымдастырылған сайыстың басты мақсаты –  жанашырлық танытып, мейірімділік пен ізгілікті насихаттау үшін қаражат қажет еместігін түсіндіру.

– Жақында облыс орталығында ҚМДБ-ға қарасты қайырымдылық орталығы ашылыпты. Бүгінгі тыныс-тіршілігі мен оның қызметіне тоқтала кетсеңіз?

– Биылғы жылдың күзінде Қызылорда қаласында «Ақмешіт-Сырдария» қайырымдылық мекемесі ашылған болатын.

Бас мүфтидің тапсырмасына сәйкес, ҚМДБ жанынан қайырымдылық мекемелерінің ашылу мақсаты – ең бірінші тұрмысы төмен және әлеуметтік жағдайы аз қамтылған көпбалалы отбасыдан шыққан жеткіншіктерге көмектесу, жас ұрпақты отансүйгіштікке, мейірімділікке, имандылыққа тәрбиелеу, теріс пиғылды адамдардың арбауына түсудің алдын алу болып табылады.

Мекеме өз қызметінде ҚР Конститутуциясын, Азматтық Кодексін, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы», «Баланың құқығы туралы», «Білім туралы», «Діни қызмет және бірлестіктер туралы» Заңдарын, сонымен қатар аталған мекеме туралы Діни басқарманың шешімімен қабылданған Жарғыны басшылыққа алады.

Қайырымдылық орталығы 45 адамға шақталған 2 қабаттан тұрады. Оның ішінде 15 жатын бөлмесі, 2 сынып және асханасы бар. Жатын орны мен 3 мезгіл тамағы тегін.

Шәкірттер колледж, университеттегі сабақтарынан тыс уақытта Нұр-Мүбарак университетін тәмамдаған және қари ұстаздардан «Фиқһ» пен «Құран және тәжуид» пәндері бойынша сабақ алуда. Қала мешіттерінің имамдары «Отансүйгіштік», «Ата-ананың разылығын алу», «Ұстазды құрметтеу», «Білім алу», «Мейірімді болу» секілді тақырыптарды тәрбиелік уағыздар жүргізіп отырады. Сонымен қатар, толеранттылық пен бауырмалдылықты қалыптастыру мақсатында аптасына бір рет спорттық ойындар өткізіліп тұрады.

– Соңғы кезде имамдардың қоғамдағы бет-бейнесі туралы жиі айтыла бастады. Облыстағы имамдардың білімі мен біліктілігі және әлеуметтік жағдайы қандай?

– Бүгінгі таңда имамдар тек 5 уақыт намазға азан шақырып немесе дәрет, намаз шарттарын үйретумен ғана шектеліп отырған жоқ. Нақтырақ айтсақ, діни жоралғыларды атқаруды айтпағанда, уағыз-насихат, оқу-ағарту, қайырымдылық, жат ағымдармен күрес бағыттары бойынша түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырып, қоғам тыныштығын сақтау үшін мемлекеттік мекемелерде, оқу орындарында, мешіттерде кездесулер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.

Одан бөлек, көгалдандыру, жамағатпен жұмыс, мешіт істері және бар. Мысалы, мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ел үлесі пәтерге» республикалық жобасы аясында биылғы жылы 14 Қызылордалық отбасы баспаналы болды.

Осы секілді, имамдарымыз мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен, өзге де материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз ету және т.б. бағыттағы ауқымды шаралардың ұйытқысы болып жүр. Мұның барлығы имамдардың шығармашылық жұмыспен айналысуына мүмкіншілік бермесе де, ресми сайттар мен әлеуметтік желілерді қоса алғанда, жергілікті телеарналар мен газет басылымдарындағы ақпараттандыру жұмыстары да қалыс қалып жатқан жоқ. Яғни, имамдарымыз заман талабына сай әмбебап қызметкерге айналып жатыр.

Жалпы Сыр мешіттерінде 175 имам, 34 наиб имам, 27 ұстаз, 12 азаншы, 5 молдадан құралған 253 діни қызметкер жұмыс жасауда. Және де олардың ішінде 10 қари бар. Діни біліктілігіне келер болсақ,  31 жоғары, 41 орта діни оқу орнын тәмамдаса, 165 діни сауат ашу курсында діни білім алған. Сонымен қатар 9-ы шетелдік жоғары, орта діни оқу орындарында білім алған және де 5 магистр, 2 докторант бар.

– Облыстағы барлық мешіттерде имамдар жеткілікті ме?

– Жалпы Қызылорда облысы бойынша 178 мешіт болса, соның 13-і биылғы жылы ашылған. Бүгінде аталмыш мешіттердің 175-інде имам болса, 3-іне діни кадр дайындалуда. Яғни, барлық мешітте діни қызметкер жұмыс жасауда деп айтуға болады. Жаңа мешіттердің ашылуы, өзге де материалдық қажеттіліктерге (жалақы) байланысты мәселелер діни кадрлардың тапшылығын үнемі туындатуы мүмкін.  Сол себепті кадр мәселесі үздіксіз назарда тұратын мәселе. Кадр мәселесіне қатысты, 2019 жылы өңірімізге 36 жаңа кадр жұмысқа келген болса, оның ішінде 11-і Нұр-Мүбарак университеті мен отандық медресе-колледждердің биылғы түлектері.  Дегенмен, мешіттерімізді әлі де білімі мен біліктілігі жоғары діни кадрлармен қамтамасыз ету – өкілдіктің басты мақсаттарының бірі.

Нұр-Мүбарак университеті мен медресе-колледждер діни кадрларды дайындайтын бірден бір оқу орны.

Бүгінгі таңда, Нұр-Мүбарак униферситетінде 92 Қызылордалық студент оқып жатса, медресе-колледж бен қарилар дайындау орталықтарында 109 шәкірт діни білім алуда.

Осы ретте, ҚМДБ-ның Сыр өңіріндегі өкілдігі діни оқу орындарында білім алып жатқан Қызылордалық шәкірттермен тығыз байланыс орнатып, қолдау білдіру мақсатында үнемі көмектесіп келеді.

– Соңғы сауал, бүгінгі мұсылманның бейнесі қандай болуы керек ойлайсыз?

– Жоғарыдағы алғашқы сауалыңызда тақырыпқа арқау еткеніңіздей бүгінгі мұсылманның рухы биік сана қалыптасқан, әрбір жүріс-тұрысы Құран мен сүннетке негізделген шынайы мұсылманның үлгісінде болу керек.

Қасиетті кітабымыз Құран мен әз. пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз сүннеттерінде пендені білім алуға, саналы түрде ойланып, әрбір жаратылыс пен өмірдің мәнін ұғынуға, мәңгілік Құран мұғжизаларын зерделеп, заманауи ғылымдарға бет бұруға, бір сөзбен айтқанда мұсылманның нағыз келбетін айқындауға үндейді.

Әли Имран сүресінің 102-аятында: «Әй, мүміндер! Алладан шынайы қорқыңдар да мұсылман болған күйде ғана жан тапсырыңдар» — деп, Аллаға тақуалық жасап, кім қай уақытта жан тапсырарын білмегендіктен, қай кез болмасын шынайы мұсылманның амалында жүруге бұйырған. Бұл әмірді Әбу Хурайра (р.а) жеткен хадисте пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) көбірек жәннатқа кіргізетін амал қайсы деп сұралғанда: «Тақуалық және көркем мінез» — деп қуаттаған болатын. Демек, мұсылманның шынайы келбеті әуелі тақуалық пен көркем мінез құлықта болып отыр. Пендеде осы екеуі ұштасқан кезде өмірдің мәнін түсініп, жаратушысының сүйіктісіне айналады.

Амалдары түзеліп,  тек жақсылыққа қадам басатын болады. Алған білімін зерделеп, пайдалысын санаға түйетін болады. Заман талабына сай кез келген жаңалықты дұрыс ұғынып, парқына баратын болады. Себебі, тақуалықтың астарында Раббысымен жолығар күнге бар жақсылық пен ізгілікті дайындау болса, көркем мінезділіктің астарында жалпы қоғамды сыйлау, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, парасаттылық пен салауаттылықты басшылыққа алу мен күллі өмірдің шынайы келбеті жатыр.

Сондықтан, әрбір мұсылман иманды, тақуалы, көркем мінезді, білімді, парасатты, көзі ашық, өз діні мен ұлтының жанашыры, Жаппар Иенің салихалы пендесі, қоғамға пайдалы ел азаматы болуы керек.

– Салихалы сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан — Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Пікір жазу