«Зекет»: 17 күнде мың отбасыға көмек көрсетілді

    460

    Көптеген игі шараларды арттыруға күш жұмсап жатқан «Зекет» қоры республика бойынша түрлі бағытта қайырымдылық іс-шараларын атқарып келеді.

    Рамазан айының 17 күнінде орта есеппен 1000-нан артық отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілді. Өңірлер бойынша мыңдаған адамдарға күнделікті ауызашар мен сәресі дастархандары жайылуда, тарауих намаздарынан соң арнайы тегін автобустар мен тегін такси қызметтері жұмыс істеуде.

    Сондай-ақ, көптеген азаматтар зекетін сауаптар еселеніп жазылатын дәл осы айда беруге тырысатыны баршамызға мәлім. Өңірлердегі кәсепкерлер Алла берген дәулеттерінің бір бөлігін, нақтырақ айтсақ 2,5 пайызын Зекет қорының мамандарына тапсырып, парыздарын орындап, құлшылықтарын толықтыруда. Осылайша, Ақтөбе қаласында 1 миллион теңге көлемінде зекет үлестірілген болса, Талдықорған өңірінде 5 миллион теңге мұқтаж жандарға зекет ретінде таратылды. Сонымен қатар, жылқы, қой, саудадағы тауарлар сияқты басқа да заттардан зекет жиналып, арнайы Зекет қоры арқылы шариғи жолмен үлестірілді.

    Рамазан айында қуантарлық хабарлардың бірі – «Зекет» қорының бастамасымен жүргізіліп жатқан «Ел үлесі – пәтерге» атты жоба аясында 21-мамыр күні Талдықорған өңірінде 61-ші және 62-ші баспана мұқтаж екі отбасыға бұйырды. Дәл осы өңірдегі Зекет өкілідігі Рамазан басталғалы 6 баспана кілтін табыстаған болатын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, тағдыр тауқыметін тартқан мұқтаж отбасылардың баспаналы болуларына өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз!