«Зекет» қоры кезекті пәтер кілтін табыстады

    41

    11 қараша. KAZISLAM – Қармақшы ауданында Мәуліт айы мерекесінде «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында кезекті пәтердің кілті табысталды.

    Ауданның 1971 жылғы туылған азаматтар мен «Қармақшы Ата», «Ораз Ахун» мешіттерінің жамағаттары және демеушілер жинаған қаржыға сатып алынған пәтер кентіміздегі баспанаға мұқтаж Нұрлан Қаракөзиевке берілді.

    Бұл Қармақшы ауданы бойынша берілген 4-інші, ал республика бойынша табыс етілген 145-пәтер.

    6 бөлмелі пәтер кілтін аудан тұрғындарының алдында «Қармақшы Ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек Қажы Әбиұлы мен «Зекет» қайырымдылық қорының Қызылорда облысындағы өкілі Оңталап Жидебаев табыстады.

    «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында ауданымызда кезекті төртінші пәтер кілті табыс етілуде. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табары анық. Ауызбіршілік танытып, игі шараға атсалысқан барша халыққа ризашылығымызды білдіреміз», – деді «Қармақшы Ата» аудандық мешітінің бас имамы Жақсыбек Қажы Әбиұлы.

    Өз кезегінде сөз алған Нұрлан Қаракөзиев «Ел үлесі пәтерге» жобасын ұйымдастырушыларға, акцияға үлес қосқан барша тұрғындарға алғысын білдірді.

    Пікір жазу