Зайырлылық туралы тұжырымдар

    768
    @ press-unity.com

    ҚР Конституциясы, 1-бабының 1-тармағы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».

    * * *

    ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңның преамбуласы: «Осы Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады».

    * * *

    «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам»

    * * *

    «Мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын берік ұстану біздің қоғамымыздың тұрақты дамуының берік кепілі болып табылады»

    * * *

     «Зайырлылық дәстүрлері Қазақстанның ертеден келе жатқан мұрасы»

    * * *

    «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып, мемлекет, дегенмен, қоғамға өз бетінше біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады»

    Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы

    * * *

    «Қазіргі Қазақстан — бұл нарықтық экономикасы бар, демократиялық, зайырлы мемлекет»

    * * *

    «Қазақстан барлық дәстүрлі діндерге төзімділікпен қарайтын зайырлы мемлекет саналады және алдағы уақытта да солай бола беретіні анық»

    Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
    Қазақстан Республикасының Президенті

    * * * 

    «Қазіргі заманғы зайырлы мемлекеттің дін өкілдері мәдени, ғылыми және білім беру артықшылықтарын ескергені абзал»

    * * *

    «Қазақстанда еркін дін ұстану үшін өте ыңғайлы әрі бірегей жағдай жасалған. Конституцияға сәйкес біз зайырлы мемлекетпіз, бұл мемлекеттің діннен бөлек екенін білдіреді»

    Дәурен АБАЕВ,
    ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі

    Оқи отырыңыз: Қазақтың дәстүрлі зайырлығын жаңғырту керек.

    * * * 

    «Зайырлылық – бұл дінді жоққа шығару емес. Зайырлы қоғамда дінді мемлекетен ажыратқанмен, қоғам өмірінен аластатпайды. Мемлекет кез келген діни бірлестіктің қызмет жасауы үшін теңдей жағдай жасайды, олармен әріптестік қатынастарды ұстанады. Басқаша айтқанда, зайырлылық үйлесімділік пен өзара сабақтастың негіздеріне сүйенеді»

    Марат ӘЗІЛХАНОВ,
    ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі

    * * * 

    Зайырлылық – əр адамның нәсіліне қарамастан, әр азаматтың қандай да бір дінге сену-сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни бұл ұстаным адамның ар-ожданының моральдық болмысы еркіндігіне мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекет азаматтардың арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз етеді.

     

    Серікбай қажы ОРАЗ,
    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

    Тағы да оқи отырыңыз: Зайырлылық діни саланы өз бетінше қоя беру емес!

    * * * 

    Зайырлық түсінігі аясында мемлекет төмендегі ұстындарға сүйенеді: азаматтардың қандай да бір дін және діни ұйымдарға жататындығына қарамастан, өмірдің барлық саласында тең құқығын қамтамасыз етеді; азаматтардың дінге деген қатынастарына бейтарап қарап, олардың таңдауларын мадақтап, сөгіп немесе насихаттамайды; діни ұйымдар мен бірлестіктердің істеріне, діни ағартушылық, ішкі тәртіптік, діни, кадрлық істеріне мүлдем араласпайды; азаматтардің дінге деген қатынасын анықтауда мемлекеттік білім беру стандартының бейтараптығын қаматамасыз етеді; адам құқығы мен еркіндігін шектейтін, азаматтардың дінге деген қатынасын күшпен өзгерту мақсатында арнайы мекемелерді қолдануға рұқсат бермейді және т.б.

    Бақытжан САТЕРШИНОВ,
    Қазақстан Дінтанушылар конгресінің төрағасы,
    филос.ғ.д., профессор

    * * * 

    Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясат тұрғысынан зайырлылық дегеніміз ол:
    — мемлекет пен діни бірлестіктер бірін бірінің істеріне араласпау;
    — мемлекеттік институттар барлық діндерге бейтараптықпен қарау;
    — мемлекеттік немесе жалпыға міндетті діннің болмауы;
    — ғылым мен білімнің діннен тәуелсіздігі;
    — дінге сену не сенбеуде ар-ождан бостандығын сақтау.

     Ғарифолла ЕСІМ, академик

    * * * 

    «Біз зайырлы елміз. Бірақ, зайырлылық – атеистік мемлекет дегенді білдірмейді. Ол – мемлекеттік билік пен дін билігінің ажыратылуы. Зайырлы елде мемлекеттің билігі бірінші тұрады, яғни діни билік мемлекеттік билікке бағынады деген мағынада қарау керек»

     Досай КЕНЖЕТАЙ,
    профессор

    * * *  

    «Біздің мемлекетіміз Ата Заңымызда көрсетілгендей, дін қатынастарын реттеуде зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алады. Алайда, зайырлылықтың қатып-семіп қалған абсолютті догма емес екенін дұрыс түсінуіміз керек. Нағында, зайырлылық деп – халықтың діни-рухани мұң-мұқтаждықтары мен талап-тілектерін қанағаттандыруда мемлекет мүддесі ескерілген саяси-құқықтық шешімдердің жүзеге асуын айтамыз. Яғни, зайырлылық – ұдайы қозғалыста болатын тірі организм, соған сәйкес ол қажет кезде модернизацияланады»

    Мұхан ИСАХАН,
    ғылым докторы

    Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ