Ізгілік пен қайырымдылық – адамзаттық құндылық. Тіпті, бұларды адамгершіліктің өзегі деп те атаған. Әр нәрсе өзінің мәнімен, өзіндік қасиетімен қадірлі, құнды. Яғни адам өзінің мәні, қасиеті – адамгершілігімен, қайырымдылығымен қадірлі әрі абзал болмақ.

Осы орайда Аристотельдің өзі «Бақыттың кілті – қайырымдылықта» деген екен. Демек, ізгілік, қайырлы іс – адам баласын бақытқа жеткізер жол. «Егер пенде ізгілік ауылынан алыстаса, онда Раббысының разылығын алу бақытынан, тыныш тіршіліктен және Оның толық нығметтерінен айрылады» дейді дін ғалымдары.

Ал егер оған Алла Тағала бір қайырлылық қаласа, ол пендесін мүмін құлдарының қатарына қосады екен.

Исламтанушы ғалым Сәбит Замаддинұлы: «Ислам діні ізгілікке, қайырлы істі жасауға үндейді. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 148-аятында: «Ізгі істерде жарысыңдар!» деп бұйырады. Ал «Әл-Имран» сүресінің 133-аятында: «Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген кеңдігі жер мен көктердей болатын жәннатқа асығыңдар» делінген. Ізгілікке жетудің жолдары қоршаған ортаға, ата-анаға, туған-туысқа, мұқтаждарға жәрдемдесу, қолдан келгенше игі іс істеу» дейді.

Алла Тағала «Қасас» сүресінің 77-аятында «…Алла саған жақсылық еткендей, сен де жақсылық жаса…» деп адамзат баласын қайырымды болуға үндейді. Ал халқымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді.

Қайырымды істің түрі көп

ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев өзінің бір мақаласында үздіксіз жалғасып тұратын, пайдасы адамзатқа тиетін садақаның түрі өте көп екендігін, соның ішінде қоғамдағы сауатсыздықтың жойылуына жол ашатын ұрпақ тәрбиелеу мақсатында балабақша, мектеп, мешіт, медресе, университет салу, адамдардың тұрмысын жақсарту жолында ауызсу тарту, көпір, жол, аурухана салу т.б. секілді көптеген ізгі шараларды тізбелей беруге болатынын айтқан.

Қай заманда болмасын жәннатқа жетелер сауапты істен құралақан қалмаған небір дәулетті кісілер де болған. Олар халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін қашанда материалдық тұрғыдан демеуші бола білген.

Бұл туралы кезінде қазақ даласына келіп, өз көзімен көріп қазақтың бай түсінігіне қатысты орыс генералы Броневский былай дейді: «Қазақтың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес, қазақтың байы – ақыл-ойы, рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне жеткен адам. Соны ғана қазақ халқы бай дейді. Ал жай ғана материалдық құндылықтарды жинаған адамды қазақ ешқашан бай деп мойындамаған» деп жазған екен.

Үш сауап…

Адамгершілікке негізделген үш сауап бар: шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған және  жолға ағаш еккен. Жолаушының шөлін қандыратын құдық қазғанда, жүргіншінің демалып, сая болар ағаш еккенде алғысқа бөленерің ақиқат. Ал жол үстінде өзен немесе ағынды су кездескенде көпір болмаса, қиындыққа тап боларың белгілі.

Кезінде қазақ байларының елге жасаған жомарттықтары, руханиятқа, білім саласына қосқан үлестері – өз алдына үлкен әңгіме. Кешегі бабаларымыз бір нәрсемен шектелмей баспа ісіне де, әскери салаға да, сауда-саттық мәселесіне де, мал шаруашылығында асыл тұқымды төрт түліктің санын көбейтуге де, құдық қазу мәселесіне де өз үлестерін қосқанын тарихтан білеміз.

Бір ғана құдық қазу ісіне бір-екі мысал берсек. Тарихқа үңілер болсақ, құдық қаздырған қазақ байлары да болған. Мәселен, тарихшы-зерттеушілеріміздің айтуынша, Сыр бойындағы малды кісілер көктем шыға мал жайылымдағы Қарақұмға жайлауға шыққан. Қарақұм жері ыспақұм болғандықтан қазылған құдықтар тез көміліп қалады екен. Сол уақытта, яғни 1860 жылдары Күзекбай деген бай Қарақұм ортасынан құдық қаздырып оған 30 түйе сексеуіл түсіріп, өз қаражатына жұмысшы жалдап, шегендеткен екен. Сол құдық «Күзек шегені» деп аталады. Құдық әлі күнге дейін малшы қауымның қажетін өтеп келеді деген деректер де бар.

Ал Бетпақдаланың дәл ортасынан қазылған «Тоқымтыққан» құдығын да мысал етуге болады. Бұл құдықты Қаратау болысының атақты байы, әрі биі Дәуіт батырдың ұрпағы Жантөре би 1880 жылы қаздырған деген дерек бар.

Айта берсек, мұндай құдықтардың бірнешеуін мысалға келтіруге болады. Демек, исламда көпір салған, құдық қазу, қаздыру сауапты іс болып табылады.

Дін ғалымдары көпір мен құдық халыққа қаншалықты ұзақ қызмет етсе, сол уақытқа дейін оның сауабы салғызған, қаздырған, қазған кісіге барып тұрады деп жатады. Тіпті, халық оны игілін бірнеше ғасыр көруі мүмкін.

Ислам мейірімділікті үндейді

Түркі әлемінің ұстазы Яссауи бабамыз да «Халыққа қызмет – Хаққа қызмет» деді. Кез келген уақытта халыққа ізгі істер істеу арқылы пенде Раббысына жақындай алатынын және Раббысы алдындағы дәрежесі өсіп, мерейі үстем болатынын меңзейді. Бұл тұрғыда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла Тағаланың: «Егер пендем маған бір сүйем жақындаса, мен оған бір шынтақ жақындаймын. Ол маған бір шынтақ жақындаса, мен оған бір құлаш жақындаймын. Ол маған аяңдап келсе, мен оған асыға басып жетемін» дегенін жеткізген.

 — Құран Кәрімде: Әй, мүміндер! Сендерге жан түршігерлік азаптап құтқаратын бір сауда көрсетейін бе? Аллаға, елшісіне иман келтіресіңдер; малдарыңмен, жандарыңмен Алла жолында күресесіңдер! Егер білетін болсаңдар, осылар сендер үшін хайырлы!» дейді. Демек, Ислам діні адамдарды қайырымды, мейірімді болуға үндейді, қолындағысымен мұқтаж жандар үшін бөлісудің сауабының зор екендігін айтады. Елімізге жәрдеміміз тию үшін мал-дүниеміз бен қажыр-қайратымызды сарп етуге үгіттейді, — дейді исламтанушы Руслан Қамбаров.

Өткен Рамазан айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз еліміздің мұсылмандарын мүбәрак айда қайырымдылық істерді жиі ұйымдастырып, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға шақырған болатын. Көптеген ауқатты азаматтар қадірлі айда қайырымдылық істерін қолға алды. Мешіттеріміз күн сайын ауызашар беріп, тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық жасағанының өзі – үлкен сауап.

— ҚМДБ және Зекет қоры «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында республика көлемінде 78 пәтер берілді. Одан бөлек, жаны жабырқаулы мұқтаж отбасыларға қолдау білдіріп, көмек керсетіп келеміз. Тіпті әлеуметтік жағдайы төмен, сырқат адамдардан бөлек, жолда қалған азаматтарға да көмек қолын созамыз. Кейбір өңірлерде қайырымдылық дүкендері де ашылып, көптеген отбасыға киім-кешек арқылы да көмек көрсетілуде. Ал қыс мезгілдерінде мұқтаж отбасыларға отын-көмір үлестіріледі, — дейді ҚМДБ Қайырымдылық және уақып істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев.

«Игі һәм сауапты іс жасауға асығыңдар»

Кешегі бабалар жасаған қайырымды істер бүгінде өз жалғасын тауып келеді. Қайырымды жандардың қайырымдылығын әрине, мақалаға сыйғыза алмаспыз. Олардың атын атап та қажеті жоқ секілді. Себебі ел оларды жақсы біледі және жақсы көреді.

Сондай-ақ, қоғамда қаншама қайырымдылық қорлар жұмыс жасауда. Бірі науқас жандарға жәрдем берсе, екіншісі мұқтаж жандарға азық-түлігін жеткізіп беруде. Кейбіреулері бірыңғай көпбалалы отбасыларға пәтер сыйлаудың бағытына қол жеткізген. Әрине бір ғана адамның емес, бірнеше жанның қаражатының нәтижесінде қол жеткізіп отыр.

Алла елшісі де (с.ғ.с.): «Игі һәм сауапты іс жасауға асығыңдар» деп үмбетін ізгілікке шақырса, ал бүгінгінің психологтары жақсылық жасау адамның жүрегін жұмсартып, көңіл-күйін көтереді.

Үнемі айналаңа шуағыңды шашып, барыңды жоқ-жітік, жетім-жесірмен бөліссең, өзіңе деген сенімділігің артады деп кеңес береді. Демек, екі дүниенің есендігіне кепілдік жасау үшін ең алдымен дүниелік мүдделерге, атақ-даңққа, медальға, сыйға ие болу үшін емес, керісінше ізгі істерге, қайырлы амалдарға назар аудару қажет.

Қайырымды іске жұмыла кірісудің нәтижесінде түйткілді болған мәселенің түбегейлі шешімін тауып, қазіргі таңда жұртшылық үлкен сауапты істердің игілігін көруде.

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,

дінтанушы