Жүсіп пайғамбардың қасиеті

    81

    Шам мен Кәнған жерінде де қуаңшылық белең алған болатын. Сол елдің халқы Мысыр елінің аш халыққа бидай таратып жатқанын есітіп, осылай қарай алақан жайып ағылды. Жақып (а.с.) та ұлдарын астық сұрауға Мысырға жіберді.

    Он ағасы астық сұрап алдына келгенде, хазірет Жүсіп оларды бір көргеннен-ақ жазбай таныды. Әйтсе де олар інілерін танымаған еді. Бір кездері құдыққа тастап, құлдыққа сатылған жас баланың бүгін Мысыр елінің уәзірі болады деген ой олардың үш ұйықтаса түсіне де кірмеген еді.

    Хазірет Жүсіп оларды көрген кезде баяғы балалық шағы, олардан көрген қорлығы есіне түсті. Жүрегінде әкесіне, жалғыз інісі Бунияминге деген сағыныш қасіреті асқынып терең ойға батты. Оларға қарап: «Басқа бауырларың, әке-шешелелерің де бар шығар?» – деп сұрап еді олар: «Иә, екі ініміз бар. Бірақ үлкені балалық шағында дүниеден озды. Кіші ініміз болса, қазір әкеміздің жанында. Сол кісіге бас-көз болып қалып қойды», – деп жауап береді.

    Хазірет Жүсіптің жүрегі елжіреп, сонау жылдары ағаларының көйлегін зорлықпен шешкізіп құдыққа тастап жатқан сәттері көз алдына көлбеңдеп келе қалды. Иә, бәрі де күні кеше ғана болған тәрізді. Бала күнінде осы ағалары мұны бауырына қатты басатын. Әкесі өзгелерге қарағанда тіпті жақсы көретін. Сондықтан ағаларының қызғанышы қозып, сол қызғаныш өшпенділікке ұласты. Мұны жақсы көріп еркелетудің орнына шеттетуді шығарды. Інісі Бунияминге де солай қарай бастады. Әкесінің көзінше болмаса, бұл екеуіне ойыншықтарын да бермейтін. Әкесі жоқта еліктің лағындай ерке інісін өзі ойнатып, тамағын беріп, киімін кигізетін. Ол інісіне бар мейірімін көрсеткенмен, ағаларының жылы алақанын көре алмады. Иә, сөйтіп жүргенде бір күні аяқ астынан: «Сен біздің ең сүйкімді інімізсің. Бүгін біз тау жаққа сен үшін әдейілеп сейіл құрып, ойнауға бара жатырмыз. Ал, қанеки, жолға әзірлігіңді жаса!» деп қу түлкідей жымыңдап жетіп келгені. Бұрын-соңды бұлай іш тартқанын көрмеген бала Жүсіп қатты таңырқаса да, дереу інісін ойлап: «Буниямин ше, ол да бізбен барады ғой. Солай ма?» – деген еді. Ағалары «Жоқ, ол әлі жас бала ғой. Күн өтіп, науқастанып қалса, әкемізге не дейміз? Әлі-ақ күн ертең өсіп сендей үлкен болғанда барады», – деп жұбату айтты.

    Алайда бала Жүсіптің қуанышы ұзаққа созылмады. Елсіз жатқан меңіреу далаға барғанда, бір құдықтың ішіне әй-шайға қарамай көйлегін сыпырып алып жалаңаш тастап жібереді. Құдыққа түсіп бара жатқанда, соңғы рет ағаларының көздеріне қараған болатын. Бәрінің де жандары жадырап, көз алдында құбыжыққа айналып бара жатқандай еді. Тек өзгелерден оқшау тұрған үлкен ағасы Яһуда ғана ұзақтан бұған қимастық танытып: «Амалым не, қолдан келер қайран жоқ. Қолымнан бар келгені сені өлімнен аман алып қалу ғана», – дегендей ойлы көзін бұған қадап тұрып қалған болатын.

    Міне, сол ағалары енді алдына келіп құрақ ұшып көмек сұрап тұр. Дегенмен ағаның аты қашанда аға ғой. Сүрінбейтін тұяқ, қателеспейтін жақ жоқ. Бұлар көйлегін шешіп алса, Зылиха да кезінде көйлегін жыртқан болатын. Сол Зылиха қазір мүлдем басқаша жаны таза әйел болды. Хақ тағала сабырлық нәсіп етсе, күндердің күнінде кінәларын мойындайтын күн келеді.

    Хазірет Жүсіп оларға мол дастарқан жайып күтті. Қайтарда өзі шығарып салып: «Қайта келер кездеріңде әлгі інілеріңді де ала келіңдер. Оған да жеке бір үлес берейін. Егер алып келмейтін болсаңдар, онда сендерге көмектесе алмаймын. Айшылық жерден ат терлетіп текке әуре болмаңдар», – деп сөзін қадап айтты. Олар бірден жауап бере алмай күмілжіп: «Біз оны әкесінен сұрап көрейік. Сізге оны қалай да алып келудің жолдарын қарастырамыз»[1], – деп жүріп кетеді. Жүсіп олар Бунияминді ертіп келуге әкемізді көндіре алмай жүрер деп ойлап, білдіртпей астық үшін берген ақшаларын қоржындарына қайта салып жіберді.

    Он ағасы әкелеріне үлкен қуанышпен оралды. Олар Мысырдағы көргендерін әкелеріне түгелдей жыр ғып айтты. Қазына бастығының мейірімді жан екенін, өздерін қадірлі қонақ етіп аттанарда өзі шығарып салғанын, тіпті Бунияминді де көргісі келіп, оны келесі жолы міндетті түрде алып келулерін сұрағандарын айтты.

    Хазірет Жақып: «Бұрын сендерге Жүсіпті қалай аманат етіп бергенімді жақсы білесіңдер. Сендер сол кезде ант-су ішіп едіңдер. Бірақ соның ақыры не болды? Алда-жалда Бунияминді жіберген күнде де оны сендерге емес, бір Аллаһ тағалаға ғана аманат етемін», – дейді. Олар жамырап: «Уайымдайтын түк те жоқ. Ол өзі бір өте сенімді адам. Қарасаңызшы, астықтың ақысын да қайтарып жіберіпті. Осындай ізгі жанның інімізге залалын тигізуі әсте мүмкін емес. Әрі оны алып баратын болсақ, бір түйе астықты артығымен беремін деп отыр. Егер ол көмектеспесе, мына жұттан құтылуымыз екіталай», – дейді.

    Ақырында әкелері амалсыз келісімін береді. Он ағасы бұл жолы жүрек жарды сөздерін айтып, шамалары келгенінше бауырлары Бунияминді қорғауға уағда етеді. Оларды шығарып салып тұрған хазірет Жақып: «Балаларым! Мысыр еліне барғанда бәрің бір бір қақпадан кіруші болмаңдар. Әр түрлі қақпалардан бөлініп-бөлініп кіріңдер. Әйтсе де жазмыштан озмыш жоқ. Хақ тағаланың пешенелеріңе жазғанын көрерсіңдер. Мен Аллаһқа ғана тәуекел етіп, арқа сүйедім»[2], – деп өсиетін айтады.

    Олар әкелерінің айтқанын екі етпей Мысырдың әр түрлі қақпаларынан кіріп, Жүсіпке (а.с.) барады. Аман-саулықтан соң олар кіші інісі Бунияминді көрсетіп «Міне, біздің ең кішкене ініміз. Өзіңіз қыстап қолқа салған соң, әкемізді көндіріп алып келдік», – дейді. Хазірет Жүсіп өз інісін көріп іштей қатты қуанады. Алайда ол осы қуанышын ағаларына сездірмейді.

    Хазірет Жүсіп оларды естерінен кетпестей қонақ қылып, астан соң бір бөлмеге екі кісіден орналастырды. Осы кезде Буниямин жалғыз қалды. Жүсіп пайғамбар оларға: «Бұл жалғыз қалды. Ендеше менімен бірге тұрсын», – деп өзімен бірге ертіп кетеді. Ол кіші інісімен жеке қалған соң, оған: «Қайтыс болған ағаңның орнына мен саған аға болғым келеді? Осыған қалай қарайсың?», – дейді.

    Буниямин: «Өмірде сендей адамға іні болудан асқан бақыт бар ма? Бірақ сен әкем мен шешемнен туған бауырым емессің ғой», – деп жауап береді. Осы кезде төзімі таусылған хазірет Жүсіп оны бауырына басып: «Сол бір туған ағаң, міне, қарсы алдыңда тұрған жоқ па? Сендерден қол үзгелі, міне, бірталай жыл өтті. Өздеріңді бір көруді зарыға аңсап келген Жүсіп деген ағаң мен боламын. Өткен өтті. Жүрегімде ағаларыма деген титтей де кек жоқ. Бірақ сен мен туралы ешкімге тіс жарып ештеңе айтушы болма», – дейді.

    Буниямин сонда ғана оның өз ағасы екенін көзінен танып, қуанғаннан балаша секіреді. Жүсіп пайғамбар оған өзінің құдыққа тасталғанынан бастап осы күнге дейінгі бастан кешкен оқиғаларын түгел әңгімелейді. Аздан соң хазірет Жүсіп: «Мен сені әйтеуір бірдеңені сылтау етіп өзіммен бірге алып қаламын. Саспа! Иншаллаһ, бәрі де жақсы болады», – деп ішкі жоспарын оған жайып салды.

    Күндер зулап өтіп, ағаларының қайтатын мезгілі жетті. Сол кезде Жүсіп Бунияминнің қоржынына өзінің тиесілі күміс кесесін салып қояды. Он бір кісілік керуен жаймен жылжып жолға шығады. Қаладан шығып бара жатқанда, арттарынан хазірет Жүсіптің шабармандары қуып жетіп: «Уа, керуен! Тоқтаңдар. Қазына бастығының ғажайып күміс кесесі бар еді. Сол жоғалды. Сендер алған болуларың мүмкін. Қане, жүктеріңді тексеріп көрелік», – дейді.

    Олар шын пейілдерімен: «Жо-жоқ, біз алған жоқпыз. Бізге сонша құрмет көрсетіп, жылы пейіл танытқан мырзаға қалай опасыздық жасамақпыз? Оның үстіне біз пайғамбардың баласымыз», – деп ағынан жарылады. Шабарман: «Егер күміс кесе біреуіңнен табылса, шариғаттарың бойынша қандай жаза беріледі?» деп сұрайды. Олар: «Қай жүктен кесе табылса ұры сол болғаны. Сондықтан оның жазасы ұрланған кесенің иесіне бір жыл қол қусырып қызмет етеді», – деп жауап береді. Шабарман жүктерді тексеріп жүріп, Бунияминнің қоржынынан күміс кесені тауып алады. Осыған куә болған он ағасы не істерін білмей сасады. Осы кезде хабар жіберіліп хазірет Жүсіп те келеді. Олар Жүсіп пайғамбарға ақталып: «Егер Буниямин ұрлаған болса, таңданатын түгі жоқ. Өйткені бір кездері оның ағасы Жүсіп те осылай ұрлық жасаған болатын», – деп жан-жақтан даурыға кетеді.

    Хазірет Жүсіп олардың бұлай кінә таққандарына іштей наразы болса да, ішінен: «Пейілдерің неткен жаман еді! Өздерің бір кездері мені әкемнен ұрлап әкеткен жоқ па едіңдер? Аллаһ не айтқандарыңды жақсы біледі», – деп күбірлейді. Хазірет Жүсіп Бунияминді алып қалмақ болғанда, он ағасы жалынып: «Бунияминнің кәрі әкесі бар еді. Бір баласын жоғалтқалы, қатты қайғырып тек осыны өзіне медет етіп келе жатыр. Сізге біздің өтінішіміз, осының орнына кез-келгенімізді алып қалыңыз. Бұл бала қалса, әкесінің бетіне қалай қараймыз? Сіз өзіңіз де жүзіңіз жылы өзгеге игілік жасаушы адамсыз ғой»[3], – дейді. Хазірет Жүсіп: «Жо-жоқ, о не дегендерің? Ұрлықты кім жасаса соны ғана алып қаламыз. Жазықсыз жанды кінәлап жазаға тартсақ, нағыз әділетсіздік сонда болмай ма?» – деп, Бунияминді өзімен бірге алып кетеді.

    Олар кеткен соң он ағасы сол жерде бір-бірлеріне қарап жүрер-жүрмесін білмей дағдарып тұрып қалады. Аздан соң өзара ақылдаса бастайды. Үлкен ағалары Яһуда осы кезде: «Мен әсте елге қайтпаймын. Бұдан былай әкеміздің жүзіне қарайтын менде бет қалған жоқ. Әуелде Жүсіпті қорғаймыз деп уағда етіп едік. Оны әдейілеп көзін жойдық. Енді Бунияминды аман ертіп баруға серт берген едік. Оның жағдайы мынадай болды. Енді елге не деп барам? Әкеме осы жайды не деп түсіндіремін? Сондықтан әкем рұқсат бергенге яки мен үшін Аллаһ бір үкім еткенге дейін, осы жерден әсте айырылмаймын. Аллаһ үкім берушілердің ең жақсысы. Бірақ сендер елге барып болған жайды әкемізге қаз-қалпында баян етіңдер. «Қалай болғанын білмейміз. Әйтеуір сол күміс кесе балаңыздың қоржынынан шықты. Сенбесеңіз, қала халқынан яки керуендегі кісілерден сұраңыз», – деп айтыңдар», – деді де, оларды шығарып салып, өзі сол жерде қалып қояды.

    Яһуданың шыдамы осы жерге дейін жеткен еді. Оның ар-ожданы һәм ішкі иманы оның жанын қанша жылдан бері тергеп, қажап мазалап келеді. Ол інісі Жүсіпке әсте жамандық ойлағысы келмеген болатын. Бірақ осы тоғыз інісінен аса алмаған еді. Ол сол кездері інісі Жүсіпті өлтірмейік деп қарсы шыққанда, бәрібір тоғызы бұған көрсетпей, оны өлтіріп тынатын еді. Сондықтан амалсыз солардың бірі болып көрініп, Жүсіпті аман алып қалудың жолын күні бойы ойлап, ақырында, оларға «өлтірмей құдыққа тастайық» деп ебін тауып сөзін өткізген болатын.

    Кейіннен сол құдықтан өтіп бара жатқан керуеннің інісін тауып алып, құлдыққа сату үшін алып кеткенінен де хабардар болған. Бірақ одан арғы тағдыры қалай болғанын білмейтін. Ақымақ інілерінің айтқанынан шыға алмай, солардың жоспары бойынша әкелерінің көңілін өздеріне бұрмақ болып еді. Қайта бұрынғы сүйіспеншілігіне зар болды.

    Әкесі сол інісі жоғалғалы, көз жасын төгіп қайғырумен келеді. Інілерінің сонша санасыздығын қара! Олар ағасына «әкемізге қасқыр жеді» деп айтамыз деп көндірді. Ақырында, сол айтқанын істеп көйлегіне малдың қанын жағып ұялмай әкелеріне «балаңызды қасқыр жеп кетіпті» деп айтты. Бір адамды қасқыр таласа, одан тым құрыса бір сүйегі қалмай ма? Қанға боялған көйлектің жырым-жырымы шықпай ма? Көйлегін жыртпай жейтін ол қандай қасқыр сонда? Қарапайым адам да аңғара алатын нәрсеге бір пайғамбар сене салады деп ойлағаны ма? Енді, міне, Бунияминді де ант-су ішіп алып шығып едік, одан да айырылдық. Бүйтіп пайғамбар әкемізді алдап күн кешкенше қара жерді құшқан әлдеқайда артық. Жылдар бойы өзегіме түскен осы бір жегі құрт енді бүгін өңешімді тесіп шықты-ау.

    Бұдан былай жаратушы Жаппар Иенің жарлығын күтуден басқа шара қалмады. Тәубе етіп адам боламын ба, әлде жер құшып қор боламын ба, ендігісін бір Аллаһ қана біледі.

    Ол осылайша терең ойға батып, еліне қарай жылжып бара жатқан керуенге бір, Мысыр қақпасына бір қарап сілейіп ұзақ тұрды.

    Суыт хабарды естіген хазірет Жақып қайғы үстіне қайғы жамады. Олардың сөздеріне де сене қоймады. Оның үстіне мысырлықтар өзінің әкелген шариғаты бойынша амал еткендеріне де көзі жетпеді. «Олай емес. Сендерді нәпсілерің бір іске қызықтырған екен. Енді маған сабыр сақтау керек. Бәлкім Аллаһ олардың бәрін келтірер. Өйткені Ол – толық білуші, хикмет иесі»[4], дейді.

    Әйтсе де ол баласы Жүсіптен кейін Бунияминді де жоғалтып алғанына қайғырып «Қайран Жүсібім, оның ізінен кеткен кенже балам Буниямин!» деп көз жасын көлдетті. Жылай-жылай көздеріне ақ түсіп, жанары су қараңғы болды. Тоғыз ұлы әкесінің көз жасын көруге дәті шыдай алмай, ақырында: «Әке, Жүсіпті жоқтай-жоқтай күйіктен өртеніп өлетін болдыңыз. Неге өзіңізді осынша қинай бересіз?» дейді. Хазірет Жақып сонда: «Мен күйзелісімді де, күйінішімді де, Аллаһқа ғана шағамын. Әрі Аллаһтан сендер білмеген нәрсені білемін»[5], деп жауап береді.

    Көп өтпей хазірет Жақып тоғыз ұлын тағы шақырып алып: «Дереу қайтадан Мысырға барыңдар да, Жүсіп пен Бунияминді іздеңдер. Әсте Аллаһ тағаладан үміттеріңді үзбеңдер. Аллаһтан кәпірлер ғана үміт үзеді», – деп, балаларын Мысыр еліне аттандырады.

    Олар қазынаның бастығы Жүсіп пайғамбарға барып: «Ей, әзиз кісі! Біз отбасымызбен бірге ашаршылыққа ұшырадық. Оған Бунияминнің қайғысы қосылғанда, бізде де, әкемізде де төзім қалмады. Әкеміз жылай-жылай көзіне ақ түсіп, жанары суалды. Һәм астық алу үшін саған болмашы дүние ғана алып келдік. «Жақсылықтың қырқына шыдағанда, қырық біріне шыдамайсың ба? Сен бізге бұрынғыдай толық өлшеп бер. Бунияминді де бізге қайтарып бер. Сол арқылы жақсылық үстіне жақсылық істе. Сонда істерің босқа кетпейді. Аллаһ өз разылығы үшін жақсылық жасағандарды еселеп қайтарады», – дейді. Хазірет Жүсіп олардың уайымға батып, жасаған істеріне әбден пұшайман халдерін көріп іштей жаны ашыды да, тағында отырған бойы: «Сендер Жүсіп пен оның бауырына не істегендеріңді білесіңдер ме?» – деп сұрады. Олар Мысыр елінің аса лауазымды бір мырзаның мына сөздеріне қатты таңырқап бір сәт тұрып қалды. «Мына мырза не деп тұр өзі? Тіпті мына дауыс таныс дауыс қой». Шамасы хазірет Жүсіп сол кезде Мысыр елінің тілімен емес, өз елінің тілімен сөйлеген болса керек. Оларға өзінің Жүсіп екенін айқын аңғартқан да осы, өз тілдері болуы мүмкін. Болмаса бұған біз туралы Буниямин айтқан ғой деп ойлауы да әбден мүмкін.

    Олар оған қарады да, Жүсіп екенін енді аңғарды. Бәрі ұялғаннан беттері дуылдап, салбыраған бастарын жерден алмады. Бір кездері өздері көйлегін сыпырып құдыққа тастаған жас бала енді бүгін алпауыт бір елдің қазынасын уысында ұстап отыр. Бұлар болса, оның алдында өте жалынышты халде. Бейне сүмірейген қайыршыдай.

    Бір кезде біреуі: «Сен шынымен-ақ Жүсіпсің бе?!» деп сұрады. Ол: «Иә, мен сол баяғы бала Жүсіппін. Мынау менің інім – Буниямин. «Хақ тағала бізге шарапатын төкті. Кімде-кім жамандықтан сақтанып, пәлекет атаулыға сабырлық көрсетсе, Аллаһ оның еңбегін зая қылмайды»[6], – деді. Олар кінәсін мойындап: «Аллаһ тағалаға ант етейік! Хақ тағала сені бізден үстем етті. Расында, біз күнә жасадық», – деп, істеген істеріне қатты өкінді. Хақ пайғамбар: «Бүгін сендерге сөгіс жоқ. Аллаһ сендерді жарылқайды. Ол рақымдылардың ең рақымдысы»[7], – дейді.

    Хазірет Жүсіп оларды бұдан соң да, бірнеше күн сыйлы қонақтарша жақсылап күтті. Олар інісі кешіргенмен, өздерінің кінәсін, қазіргі оған кіріптар жағдайын ойлап мазалары әбден қашты. Бір күні төзімдері әбден таусылған олар дастарқан басында: «Жүсіп! Сен бізге түк болмағандай ізгілік жасап жүрсің. Ал біз сенің алдыңда кірерге тесік таппай ұяттан өлер болдық» дейді.

    Жүсіп пайғамбар болса: «Жо-жоқ, қайта сендерге рақмет. Бір кездері қазына бастығы болған кезімде Мысыр халқы «Ой, тоба! Болмашы жиырма дирхамға сатылған бір құл қалайша бірден мынадай мәртебеге жетті. Қарадан шығып хан болмас», – деп әңгіме етуші еді. Ал қазір сендер арқылы үлкен абыройға кенелдім. Халық алдында мерейім үстем болды. Өйткені олар мені сендердің бауырларың екенін білу арқылы менің де Ибраһим атамның ұрпағы екенімді білді. Бұл күнде олар: «Е, бәсе, осылай болуы тиіс еді ғой. «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деген осы. Әр нәрсе өзінің тегіне тартады» деп қуанысып жүр. Осының бәрі сендердің арқаларыңда болды», – дейді.

    Көп кешікпей Жүсіп пайғамбардың (а.с.) ағалары әкелерінен сүйінші сұрамақ болып жолға шықты. Хазірет Жүсіп сол сәт оларға өзі киіп жүрген көйлегін беріп, оны әкесінің көзіне сүртсе, суалған көздері шырадай жанатынын айтты. Әкесінің көзі ашылған бетте, дереу Мысырға алып келулерін тапсырды.

    Хазірет Жүсіптің көйлегін жүзіне тигізу арқылы көзінің шипа табуы оның мұғжизасы еді. Әйтсе де әр пайғамбардың мұғжизасының астарында сөзсіз ғылымның негізі бар. Өткен жылдары бір мұсылман дәрігер осы мұғжизаға қатты таңырқап: «Не үшін көйлек, онда қандай қасиет болуы мүмкін?» – деп зерттейді.

    Ақырында, адамның көйлекке сіңген тер иісін алып дәрі жасап «катаракт» секілді науқаспен көрмей қалған жанарды емдегенде, расында шипа беріп, көзі көре бастайды. Жалпы Жүсіп пайғамбардың «Жүсіп» сүресіндегі қиссасын оқып отырсаңыз осы көйлек-жейде үш жерде кездеседі. Хазірет Жүсіптің құдыққа тасталу кезіндегі көйлегі, Зылиханың жыртқан көйлегі және әкесіне жіберген көйлегі. Ендеше бұл да өз алдына зерттелсе артық етпейтін тақырып.

    Олар аманатты алып жолға шыққанына көп уақыт өткен жоқ. Бірақ сонау Канған еліндегі хазірет Жақып жылағанын қойып, жаны жадырап сала берді. Отбасы мүшелері мен халық оның мына қылығын таңырқай қарады. Хазірет Жақып оларға: «Дәл қазір мен Жүсіптің иісін сезіп тұрмын. Мені алжып есінен айырылды деп ойлап жүрмеңдер. Әлі-ақ көздерің жетеді», – дейді. Дегенмен халық: «Сен әлі де бұрынғы ойыңнан қайтпай қателесіп тұрсың. Сол Жүсіп бала күнінде өліп кеткен жоқ па еді?» – дейді.

    Жақып пайғамбардың сонау Мысыр жақтағы баласының көйлегінің иісін сезуі мұғжиза болумен қатар, оның ғылымға да берер кейбір ақиқаттары бар болуы мүмкін. Ғұлама Елмалылы тәпсірінде осы туралы айта келе, иістің ауа арқылы жетуінде осыған қатысты бір заңдылық бар. Егер осы заңдылықты табатын болса, ұзақтан адамдар бір-бірлеріне иісті де, соған ұқсас заттарды да жіберуі мүмкін дейді[8]. Осыны ғалымдар зерттеп табуы қажет.

    Тақырыпқа қайта оралсақ, көп ұзамай керуен де келіп жетті. Керуен тоқтағанда, Яһуда жүгірген бойда сүйінші сұрап, әкесіне көйлекті ұстатты. Әкесі көйлекті көзіне тигізгені сол екен, қос жанары шайдай ашылды. Жақып пайғамбар Хақ тағаланың осы жақсылығына мадақ айтып, шүкіршілік білдірді.

    Ал он баласы әкесінің алдында тізе бүгіп отырып: «Әкетай! Расында, біз үлкен күнә жасадық. Қазір соған қатты өкініп отырмыз. Біз үшін Хақ тағаладан кешірім тілеңіз», – дейді. Жақып пайғамбар: «Жақында сендер үшін Раббымнан кешірім тілеймін. Өйткені адамдарға рақым етіп, күнәларды кешіретін Сол ғана»[9], – дейді.

    Жақыптың (а.с.) көзі жазылысымен, ол балаларымен Мысыр еліне һижрет етті. Оларды қала сыртында хазірет Жүсіп және сол елдің патшасы Райян ибн Уәлид төрт мың әскермен күтіп алды. Әкесін көрген хазірет Жүсіп бала күніндегідей атынан түсіп жүгіріп барып оны құшақтай алды. Әкесі де баласын бауырына басып, көз жасын төгіп, маңдайынан иіскеді.

    Хазірет Жүсіп нағашы әпкесінің де келгенін көріп қатты қуанып, Хаққа шүкіршілік етті. Ол бала күнінде анасы қайтыс болғанда, соның қолында өсіп, ана орнына ана болып кеткен еді. Кейіннен хазірет Жақып оны өзіне жар етіп, некесін қидырған болатын. Сосын хазірет Жүсіп: «Әке-шешесін таққа көтерді. Барлығы Аллаһ үшін сәждеге жығылды. (Жүсіп): «Әкешім! Міне, бала кезде көрген түсімнің жорамалы. Раббым маған көп игілік нәсіп етті: мені зынданнан құтқарды. Шайтан туыстарым мен менің арамды бұзғаннан кейін, сахарадан сіздерді кезіктіріп маған үлкен игілікке кенелдім. Күдіксіз, Раббым қалағанына өте мейірімді. Ол – толық білуші, хикмет иесі»[10], – дейді.

    Осылайша әкелі-балалы кісілер бір-бірлеп көрісіп мауқын басты. Алайда бұл дүние қашанда өткінші, жалған дүние ғой. Жалғанның жарын жағалап мың жыл ғұмыр кешсең де, күндердің бір күні сол жардан құлайтының хақ. Ақиқат дүние ол – ақырет әлемі. Бірақ пенде сол жалғанның қызығына алданса да, пайғамбарлар әсте алданбақ емес. Сондықтан сол әке мен баланың осыншама көрген бейнеті де одан кейінгі зейнеті де олардың пайғамбарлық уазипаларына қатысты.

    Демек Жаратқанның жазғанына қарай Мысыр халқын имандылыққа шақыру үшін хазірет Жүсіптің қараңғы құдыққа тасталып, оның артынан болмашы ақшаға құлдыққа сатылып, одан кейін зынданға түсуі қажет болды. Ол сол зынданда жатып жылдар бойы елдің бұзақылары мен жаза басып жазықсыз түскен бейбақ жандарға имандылықты үйретті. Одан соң уәзір болып елдің ақсүйектерін имандылыққа жетеледі.

    Бүкіл Мысыр елі тұрмақ бір адамның иманға келуі үшін осындай бейнет көруі тиіс болса, олар осыған да дән риза болар еді. Иә, көп ұзамай уазипасы аяқталған кезде шамамен жиырма төрт жылдан кейін хазірет Жақып ақтық демі үзілуге таяғанда, балаларын шақырып алып: «Перзенттерім! Менен кейін кімге құлшылық қыласыңдар?», – деп сұрады. Олар: «Сенің Құдайыңа, аталарыңның Құдайына: Исмайыл, Ысқақтың жалғыз Құдайына құлшылық қыламыз» десті.

    Хазірет Жақып бұрын екі рет сөз алып, олар уағдаларын орындамаған еді. Олар әкелерінің алдында екі рет берген уәдеде тұрмай, жерге қараған еді. Сондықтан олар бұдан кейін берген уағдаларына өте сақтықпен қарап, пайғамбарға берген серттің қандай екендігін аңғаратын болды. Көп ұзамай хазірет Жақып қайтыс болып, әкесі Ысқақтың Шам жақтағы қабірінің қасына жерленді.

    Жылдар зулап өтіп, күндердің бір күні хазірет Жүсіп пайғамбардың да уазипасы аяқталып, әкесіне келген ажал мұның да есігін қақты. Ол қос қолын жайып: «Уа, Раббым! Сен маған күш дарыттың, билік бердің. Қасиетті мәтіндерді түсіндіру мен түс жору ілімін үйреттің. Уа, көк пен жердің жаратушысы! Дүниеде де, ақыретте де ием, көмекшім бір Өзіңсің. Саған шынайы мойынсұнған құл ретінде жанымды алып, мені қайырлы, дұрыс адамдардың қатарына қосқайсың»[11], – деп дұға жасайды. Деректерде ол қайтыс болған кезде жүз жиырма жаста екені айтылады.

    [1]       «Жүсіп» сүресі, 61

    [2]       «Жүсіп» сүресі, 67

    [3]       «Жүсіп» сүресі, 78

    [4]       «Жүсіп» сүресі, 83

    [5]       «Жүсіп» сүресі, 86

    [6]       «Жүсіп» сүресі, 90

    [7]       «Жүсіп» сүресі, 91-92

    [8]       Елмалылы, 4-том, 2920-бет

    [9]       «Жүсіп» сүресі, 97-98

    [10]     «Жүсіп» сүресі, 100

    [11]     «Жүсіп» сүресі, 101

    Пікір жазу