Журналистерге арналған тренингтен фоторепортаж

    171

    Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дін істері комитетінің тапсырысымен елордалық және басқа облыстардағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, сарапшылар мен дінтанушылардың қатысуымен «Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренинг» өтті.

    Тренингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов кіріспе сөз сөйлеп, дін тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистерге алғысын білдіріп, іс-шараға сәттілік тіледі.

    «Оқыту тренингінің мақсаты – БАҚ-тағы діни тақырыпты және дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру және шеберлігін шыңдау. Дін саласындағы тақырып төңірегінде қалам тербеп жүрген журналистер, дінтанушылар және сарапшылармен діни бағыттағы мемлекеттік саясатты іске асырудың мәселелері бойынша пікір алмасу, БАҚ арқылы тұрғындарға дұрыс әрі шынайы ақпарат жеткізудің тәсілдері мен әдістерін қарастыру, экстремизм және терроризмнің алдын алу мәселелерін ашу бойынша мемлекеттік органдар мен БАҚ-тың өзара ынтымақтастығын арттыру» — дейді ұйымдастырушылар.

    Тренингті дінтанушы, «Kazislam» ақпараттық-ағартушылық порталының редакторы Тұрар Әбуов «Дін және дәстүрдің сабақтастығы» тақырыбында бастап, әдет-ғұрып, салт-дәстүр ұғымдарының ара-жігін ажыратып, оның дінмен сабақтастығын айтып берді.

    «Салт-дәстүр мен дін – құстың қос қанатындай десе де болады. Құс екі қанатсыз ұша алмайтыны секілді, адам да салт-дәстүрі мен дінді қатар ұстамайынша бақытты өмір сүре алмақ емес» — деп түйіндеді ол.

    Бұдан кейін тренингті журналист, медиа-тренер Абылайхан Қалназаров «Діни журналистика және оның типтері. Діни журналистика – сарапшы журналистика» тақырыбында жалғастырып, қатысушылар арасында сұрақ-жауап түрінде дискуссия ұйымдастырды.

    «Kazislam» ақпараттық-ағартушылық порталының бас редакторы, медиа-тренер Саясат Қабдрахманов «Дін тақырыбын жариялаудағы этика мәселесі» төңірегінде сөз қозғап, қазіргі таңдағы журналистика этикасына қатысты нақты мысалдармен түсіндірді.

    Тренингтің екінші бөлімінде медиа-тренер Абылайхан Қалназаров қатысушылардың діндер мен діни терминдердің білу деңгейін анықтау бойынша тест алып, ситуациялық ойындар ойнатты.

    Бұдан бөлек, терроризм мен экстремизмді БАҚ-та жариялау ерекшеліктері мәселесін көпшілік талқысына сала отырып саралады. 

    Сондай-ақ, «Ақниет» оңалту орталығының теологы Серік Тәжібаев «Деструктивті діни ағым өкілдерімен оңалту жұмыстарын жүргізудің әдістемелік негіздері» тақырыбында дәріс оқыды.

    Семинар тренинг соңында қатысушыларға арнайы сертификат табысталып, биыл дін тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде материал жариялаған журналистер марапатталды.

    Олардың қатарында «Қазислам» порталының тілшісі Ермұрат Назарұлы және де «SAF Media» студиясының директоры Салтан Сайранұлы мен республикалық «Заң» газетінің тілшісі Ерлік Ержанұлы, «Hola news» ақпараттық порталының журналисі Айжан Қали мен «Baq.kz» ақпарат порталының продюсері Олжас Сәндібек бар.

    Пікір жазу