Жомарттықтың сыйын білесіз бе?

    302

    Жомарттық адам сенгісіз нәтижелерге жеткізеді. Жомарт болу үшін бай-дәулетті болу шарт емес. Ең бастысы, қолда бармен бөлісе білу. Шынайы ниет. Кеңпейілдік таныту.

    Сахабалар заманында Омар бин Убайдулла есімді жомарт жан болған екен. Халық арасында сақилығымен танылған, ел билеген бірегей тұлға еді.

    Күндердің күні ел аралап жүріп, бір баудың етегіне жақындайды. Баудың қабырғасына арқасымен сүйеніп отырған бозбаланы байқап қалады. Қараса, бала бір жапырақ нанын жеп отыр екен. Ал, маңайында ит айналшықтап жүр. Бала нанын бір үзіп өзі жеп, тағы бір түйірін итке лақтырып қояды. Омар мұны көріп таңданысын жасыра алмады. Балаға:

    –Мынау сенің итің бе? — деді.  

    –Жоқ.  

    –Олай болса, неге тамақтандырып отырсың?

    –Ас ішіп отырғанымды біреу көргенде, онымен бұйырған нәсібімді бөліспеуден ұяламын, — дейді әлгі бала. Омар ерекше тәнті болды.

    –Сен басы бос азат адамсың ба, әлде құлсың ба? – деп сұрайды. Сонда бала:

    –Құлмын. Мынау бау иелерінің басыбайлы құлымын,-деді. Омар үн-түнсіз тұрды да кетіп қалды. Біраздан соң, қайта келді де:

    – Ей, бала! Сүйінші, бұдан былай сен Алла разылығы үшін азатсың. Ал, мына бау енді сенің иелігіңде,-деді.

    Қатты қуанған бозбала:

    –Ендеше, сіз куә болыңыз. Баудың жемісі қала кедейлері үшін – садақа,-деді. Ең жомарт деген Омардың таңданысында шек болмады.

    –Ғажап. Өзің мұқтаж және кедей бола тұра, түгелдей садақа еткенің қалай?,-деді тамсана.

    Бозбала дән ризышылық кейіпте:

    –Алла Тағала маған жомарттық көрсеткенде, сараңдық етіп қалудан ұяламын,-деген екен.

    Руслан ҚАМБАР

    Пікір жазу