Күндердің сұлтаны Жұмада көпшілікке есігін айқара ашқан «Раиса ана» мешітінде бүгін алғашқы уағыз айтылып, жамағат намазы оқылды.

«Кәсіпке адалдық» тақырыбында уағыз айтқан ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатқа адал еңбектің, ризық-несібені дұрыс жолмен табудың абзалдығын құран аяттары және пайғамбар (c.ғ.с.) хадистері арқылы жеткізді.

Жұма намазының азаны айтылмай тұрып Н.Тағанұлы ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығын оқып, жаңа мешітке Қалижан Заңқоевтың тағайындалғанын жариялады.

–Бүгін міне, Нұр-Сұлтан қаласында жаңа мешіттің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Бұл мешіт Сарыарқа ауданының халық ең көп шоғырланған жеріне, ерекше айта кететіні, «мешіт керек-ау» деген жерге салынды. Өйткені, өздеріңізге белгілі біздің қаламыздың Әзірет Сұлтан, Нұр-Астана сынды зәулім-зәулім мешіттері басқа аудандарда орналасқандықтан, Сәдуақас қажы Ғылмани мешітіне жұма күнін былай қойғанда, күнделікті бес уақыт намазына жиналатын жамағаттың өзі сыймай қалып жататын.

 Енді көптің ниеті, Алланың қалауы деп білеміз, күнделікті қозғалыс бір сәтке де тоқтамайтын темір жол және автовокзал маңына салынған «Раиса ана» мешіті қала тұрғындарынан бөлек, елорда қонақтарының көзайымына айналады деген сенімдеміз. Себебі, 1500-2000 адам сыятын мешітіміз – бас қалаға сапар шегіп келген жолаушыларға бірінші болып көрінетін ғимарат.

Одан кейін жаңа мешіттің ашылуында қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаевтың мына сөзі өте қатты ұнады. Ол кісі: «Біз мешіттердің қатары көбейгеніне қуануымыз керек. Өйткені, мешіт көбейген жерге береке орнайды, Алланың үйі – имандылықтың, жақсылықтың орны» — деген болатын.

Қазір елордамызда 11 мешіт жұмыс істеп тұр. Құрылысы жүріп жатқандар бар, әлі салынатындары қаншама?! Бірақ, біз мешіттің көбейгенінен қорықпауымыз керек. Керісінше, шын көңілмен қуанғанымыз абзал болмақ. Қасиетті Жұма мүбәрак болсын!» — деп сөзін түйіндеді Қ.Заңқоев.