Жат ағымдағылар адамдарға «махаббатпен бомбалау» технологиясын қолданады

    271

    12 қараша. KAZISLAM – Адамдар ағымдардың тұзағына қалай түседі? Қандай психологиялық шабуылдар жасалуы мүмкін? – деген сауалға белгілі психолог, РАТТ мүшесі Лола Хакимова ҚазАқпаратқа берген сұхбатында жауап берді.

    «Психология бойынша адамдар қоғамға қабылдану үшін, өмірді өзгерту үшін, меркантильді мақсатпен, біреуге бірдеме дәлелдеу үшін топқа біріге бастайды. Бұл, адаммен сөйлесу кезінде анықталады. Көп жағдайда олар өздерінің алданғанын кеш біледі. Адамдар деструктивті ағымның алдауына түскенін ұғынғанда қатты көңілдері қалып, күйзеліске түсуі мүмкін. Тіпті, мұның арты өз-өзіне қол салуға апарады. Мұндай оқиғалар практикада болды. Кей адамдарда қаржылық қиындықтан шығу мақсат болады. Бұл ортада адамдарды махаббатпен бомбалау деген технология қолданылады. Адамға шектен тыс қамқорлық көрсетіп, қал-жағдайын сұрап, барынша махаббатын білдіреді. Қоғамнан аластатылған кейбір қылмыскерлер де осындай тұзаққа түседі. Адам өзін осы ортада ыңғайлы сезіне бастайды» – дейді Лола Хакимова.

    Лола Хакимова деструктивті ағымға тартатын адамның психологиялық портретінің қандай болатынын да айтқан.

    «Ол үнемі мейірімді, қайырымды, қай кезде де көмекке келетін адам. Ол сіз іздеген барлық сауалға жауап береді. Аяқ астынан сізге қамқорлық көрсетіп, жағдайыңызды ойлай бастаған адамнан қауіптену керек» – дейді психолог.

    Пікір жазу