Жат ағымдағыларды оңалту – ортақ міндет

    238
    Жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен «Профилактикалық және оңалту жұмыстарын жетілдіру мәселелеріндегі дінтанушылар мен теологтардың рөлі» тақырыбында  Қазақстан дінтанушыларының кезекті IX форумы өтті.

    Қазіргі таңда жыл сайын жалғасын тауып отырған Қазақстан дінтанушыларының форумы мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың өзекті мәселелерін талқылаудың диалогтық алаңына айналды.

    IX Форумға қатысушылар 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын іске асыру мәселелерін, ақпараттық-түсіндіру жұмысын тиімді жүргізуді, ғаламторда радикалды идеологияға қарсы тұру және деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан зардап шеккен адамдарды оңалту мәселелерін кеңінен талқылады. Форумда  басқа да қоғамға серпіліс әкелетін тың ойлар айтылды.

    Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы діни сенім бостандығы, елдегі азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған діни саясатты дамытудың бағыттарын реттейтін негізгі құжат болып табылады.

    Елімізде дін саласында айтарлықтай қарқынды жұмыстар жасалып жатыр. Дәстүрлі рухани құндылықтарды халыққа жеткізу, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, тұрғындардың діни сауатын арттыру бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстары оң нәтиже беріп отыр.

    Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстан Дінтанушыларының ІХ форумында:

    «Біздің дін саласындағы маңызды міндетіміз еліміздің дамуының өміршеңдігін қамтамасыз ету болып қала береді… Соңғы діни әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бойынша 2019 жылдың 3 тоқсанындағы зерттеу нәтижелеріне сәйкес халықтың 89,2%  (жоспар бойынша 89,5%) елімізде діни салада жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты қолдайтынын білдірді», — деді.

    Бұл еліміздің ар-ождан және діни сенім бостандығын мойындайтындығы мен қамтамасыз ететіндігін, азаматтардың өз еркімен және қандай да бір мәжбүрлеусіз дінге қатынасын анықтай алатынын немесе өзін қандай да бір дінмен байланыстырмай және белгілі бір діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүре алатындығын білдіреді.

    Елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті діннің жоқтығын Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың басты сипаттамасы ретінде анықтауға болады.

    Сондай-ақ, Қазақстан дінтанушыларының IX форумында ҚР ҰҚК терроризмге қарсы орталығы басшысының орынбасары Сергей Швейкиннің айтуынша, Қазақстанда деструктивті ағымды ұстанатындардың саны 20 мыңнан асады, деп хабарлаған еді. Оның айтуынша, олардың көбі Атырау мен Түркістан облысында, Қарағанды мен Ақтөбе облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында. Бұл бағытта атқарылып келе жатқан жұмыстар өз нәтижесін көрсетуде.

    Мәселен бір ғана Ақтөбе облысында 3-4 жыл бұрын теріс діни ағымда жүрген азаматтардың саны облыс бойынша өте жоғары – 2,5 мыңға жуық болса, қазіргі таңда 1987 адамға дейін азайғандығын Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтқан болатын.

    Ал, Жамбыл облысы дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаровтың  мәліметіне сүйенсек бүгінге дейін Жамбыл облысы бойынша 911 азамат деструктивті діни ағымдардың ықпалында жүрген. 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде, деструктивті діни бағыттағы 709 азамат қоғамға бейімделген.

    Мұндай көрсеткіштер барлық өңірлерден мысал келтіруге болады. Бұл бірлескен жұмыстың нәтижесі. Бір жағынан, құқық қорғау органдарының, екінші жағынан жергілікті атқарушы органдардың, үшінші жағынан дін саласы мамандары мен теологтардың жұмысы.

    Халық ішінде үрей тудырып, сананы тұмшалауға күш салып жатқан деструктивті діни ағымдар көбінесе жастар арасында белең алуы ойланарлық жәйт. Сондықтан, жат ағымның артынан ерген жастарымызбен кешенді түрде үздіксіз жұмыс жүргізе беру керек.

    Осы ретте, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті  шара барысында басты 4 бағытты негізге алып,  деструктивті ағымдарға қатысты түсіндіру жұмыстарын бір мезет те тоқтатқан емес.

    Бас мүфтидің айтуынша, имамдардың жасаған жұмыстарының нәтижесінде елімізде жыл сайын 500-ден астам азамат деструктивті ағымнан бас тартады екен. Демек, жат ағымнан қайтқандар дәстүрлі дінімізбен қауышып, қоғамға қайта бейімделгені байқалады.

    Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз деструктивті ағымға ерген азаматтарды райынан қайтару үшін жасалатын жұмыстарға тоқтала келе:

    «Рухани мұраны аршып алуға сабыр мен төзім, ұқыптылық пен тиянақтылық қажет. Адам санасын оңалту да осындай: жылдар бойы жинақталған түйсіктегі теріс діни түсінікті күндер мен айлармен түзете алмайсың. Имамдармен жиі болатын жеке кездесуімізде де деструктивті ағымдағы азаматтара түсіндіру жұмыстарында терапевттің тәсілін қолданыңдар деп бағыт-бағдар беретініміз сондықтан»,- деді.

    ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораз дінтанушылар форумында «Тарих және діни сана» жобасы аясында үш ұсыныс айтты. «Оңалту шараларына қатысты тағы бір тәсіл – тарихпен тәрбиелеу. Тарих дегеніміз – адамзаттың қоғамдық жады, өзін-өзі тануы, өткен өмірдің санада жаңғыруы. Ғұламалар: «Адам ойын оятқың келсе – оның тарихын оят», – деген тәлімді сөз айтқан»,- деп терең пайымды ой айтып өтті.

    Қоғамда діни-экстремистік идеологияға қарсы түсінік қалыптастыруды, дінге қызығушылық танытатын тұрғындардың сауатын көтеруді күн тәртібінен түсіруге болмайды. Ал жат ағымдағыларды оңалту – ортақ міндет.

    Әсіресе тұрғындардың дін саласындағы мәселелерге қатысты сауатын арттыру, ақпараттандыру және түсіндіру, сондай-ақ, дәстүрлі рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ұлттық бірегейлік пен тұтастығымызды нығайта аламыз.

    Радикалды идеялардың таралуының алдын алу және азаматтардың бойында жат діни идеяларға төтеп бере алатын иммунитет қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар әлі де атқарылу тиіс.

    Осы орайда Қазақстан дінтанушыларының басын қосқан алқалы жиын ілгерілеу мен межелі мақсатты байқатты.

    Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

    Пікір жазу