Жастардың өмірге деген көзқарасы қандай?

    802

    Қоғамтанушы ғалымдар, алдыңғысы 1980 жылдары дүниеге келген, соңғысы университет бітіретін жасқа жеткен жаңа заман адамдарын «millennials» (мыңжылдық ұрпағы) деп атаған.

    Бұл атау бір елдің жастарын ғана қамтымайды, заманауи трендтің жетегінде кеткен барлық ұл мен қызды суреттейді. Орда бұзар жастан енді ғана асқан болсаңыз, сіз де осы топтасыз.

    Қамал алар жастан өтіп, елуді қусырған әке-шеше болсаңыз, кіндігіңізден өрбіген бала осы қатарда, ал алпысты еңсеріп, жетпіске тақаған ата-әже болсаңыз, онда немереңіз осы топта жатады. Әйтеуір, сіз білетін жақын жұрағаттан біреу «millennials» деп аталатын жаңа ұрпақтың қақ ортасында жүр [1]. Яғни, қоғамдағы үш адамның бірін (3/1) жастардың қатарына кіргізуге болады.

    Қасиетті Құрандағы: «Ол сондай Алла сендерді әлсіз жаратып, сосын әлсіздіктен кейін күш-қуат беріп, сосын күштен кейін нашарлатып, қартайтты…» («Рум» сүресі, 54-аят) делінген аятта, адам өмірінің үш кезеңі сөз етіліп тұр.

    Сәби балалық шақ, адам қабілетінің жетіліп, күш-қуатының толықсып келе жатқан жастық шағы және бойынан әлі кете бастаған қарттық шағы. Соның ішінде адамның қолын алысқа сермеп, ертеңі үшін азық боларлық бір іс тындырып қалуға жарамды кезеңі, ол – жастық шақ екендігі ескертіп тұр.

    Дүниеге ақ парақтай, тап-таза тәбиғатымен келген адам баласы өмірін мәнді өткізіп, қолынан келгенше маңызды істерді атқару үшін жаралған. Өкінішке орай, сол ұлы мақсатты сезіне алатын да, өмір бойы өзін қораш санап, сезінбей кететіндер де бар.

    Оған кім кінәлі? деген сұраққа бір ауыз сөзбен жауап беру қиын. Отбасы, жолдастары және өмір сүрген ортасы әркімге әр қырынан жылуын да, ызғарын да беруі мүмкін. Әйткенмен, ел қатарлы хат танып, ақылы толысқан жастардың өзгелерді кінәлай беруінің де қажеті жоқ. Өмірдің белестерін бағындыратын жолдарды, яғни, өмір жайлы толғануы, кітап оқуы және өзі қатарлы жетістікке жеткен жастарды үлгі тұтуы сияқты ізденіс жасауға міндетті.

    Осы жерде жастардың өмірге деген көзқарасы туралы көптеген зерттеулер мен жазылған еңбектерге сүйене отырып, үлкен жағынан оларды екі топқа бөліп қарастыруға болады. Әуелгісі, өмірде үлкен жетістікке жетуді, құндылық жаратып, қоғамға өзгеріс әкелуді, яғни, импакт (impact) жасауды армандайды. Мысалы, олар үшін «бір ауруханаға жұмысқа тұрсам, қаншалық пайда әкелуім мүмкін? Университетке ұстаз боп барсам ше? Немесе кәсіпкерлікпен айналысып, байлыққа жетсем, сөйтіп өзім оқыған шетелдегі университетке дарынды балаларды жіберсем ше?» деп ойлануды ешқандай сөкеттік санамайды [2]. Олар  атақ-мансап және байлыққа да қызыға бермейді. Қай салада жұмыс істесе де қандай құндылық жарата алам, қоғамға өзгеріс әкеле алдым ба, жоқ па? деген сұраққа жауап іздейді.

    Егер сұрағына жауап тауып жатса, оны істеген жұмысы да, өмір сүрген ортасы да бақытты етеді. Қоғамға үлкен өзгеріс әкеліп, дамуы жолында ерен еңбек сіңіре алады. Ал, ол іздегенін таба алмаған жағдайда жүйкесі жұқарып, өмірге кінә таққыш, оппозисионер немесе ішімдік пен шегімдікке салынған топтың қатарына шегіліп кетуі әбден мүмкін.

    Екіншісі, өзіндік нақты көзқарасы жоқ жастардан тұрады. Бұлар көп жағдайда айналасындағы адамдарға еліктегіш келеді. Жақсыны көрсе, солар сияқты өмірге махаббатпен қарай бастайды. Ал, дұрыс бағыт көрсетілмесе, уақытын пайдасыз нәрселермен өткізуге құмар, керенау, кертартпа келеді. Сондай-ақ, жастардың бұл түріне қоғам болып көмек қолын созуы керек. Әйтпесе, олар өмірде біраз нәрсені жоғалтқан, өз-өздеріне келуі қиындап кеткен жандар. Әрі олар өздеріне ғана кесірін тигізбей өзгелерге де кесірін тигізіп, қоғамды бұзады, кері кетіреді.

    Қорыта айтар болсақ, дана Абайдың: «Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап, Әр қиырға салған шақ», — деп суреттегеніндей, жастық шақ адамның өнер-білімді игеруге бейім, талантты кезеңі. Оны бағалай білу керек.

    Кім болсаңыз да қолыңыздағы ең үлкен ресурс – өзіңіз. Өзін сыйлаған адам, қартайған шағында жастық уақытын сүйсіне еске ала алады, өткеніне өкінбейді. Сол себепті, мына біртұтастық әлем ықылымында мағыналы ғұмыр кешкісі келген жастар жастық өмірін бәкір-шүкір істермен өткізбеуі тиіс.

    Қазірден бастап бар шаруаны жиып қойып, бір саланың мықты маманына айналуға ұмтылмаса, уақыт өте келе «әр таудың шөбін аңсаған бұғы аштан өліптінің» кейпін құшары сөзсіз.

    Самет ОҚАНҰЛЫ,

      исламтанушы

    [1] «Жаһан» журналы, 04(15)2018, 6 б.

    [2] «Жаһан» журналы, 04(15)2018, 10 б.