Алла Тағала «Алла жерді барша мақлұқ (жаратылыс) үшін жаратты» (Рахман сүресі, 10) – деп, жер жүзінің тек адам баласына емес, бүкіл жанды атаулыға тіршілік ету орны болу үшін жаратылғанын ескертеді.

Осы себепті де, жер бетін топан су басқан уақытта Алла Тағала Нұх пайғамбарға кемесіне әр тіршілік иесінен бір-бір жұптан мінгізуін әмір етті.

Бүкіл барлыққа рақымды болғаны секілді, жан-жануарларға да ерекше мейірімділік танытқан Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жануарлардың оққа нысана ретінде көзделуіне, сондай-ақ, оларды бір-бірімен төбелестіруге тыйым салған.

Астындағы түйесі асау мінез көрсеткенде қаттылық танытқан Айша анамызға «Жұмсақ бол!» – деп ескерткен. Айрықша, жануарлардың індеріне дәрет сындыруға тыйым салған.

Жазықсыздан-жазықсыз өлтірілген торғайдың қиямет күні Аллаға жағдайын айтып, «Уа Раббым! Пәленше мені бір қажеттілігі үшін емес, бостан-босқа өлтірді», – деп шағымданатындығын есерткен.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде жалғыз өзі сапарда қатты шөлдеп келе жатқан кісінің құдыққа кез болып, ішіне түсіп су ішіп, шөлін қандырып, қайта шыққанында, шөл қысқаннан ылғалды топырақты жалап тұрған итті көргендігін, сосын «Менің басыма келген жағдай бұның да басында да бар ғой!» – деп, құдыққа қайта түсіп, аяқ киімін суға толтырып алып шығып, итке су беріп, шөлін қандырғанын, оның бұл ісіне Алла Тағала разы болып, күнәларын кешіргендігін жеткізді. Сондай-ақ, бір мысықты байлап қойып, аштан өлтірген әйелдің тозаққа түскендігі де риуаят етіледі.

Бір жолы, қажылық үшін ихрамға кірген бір кісі түйесімен түйе құстың ұясын басып кетіп, бірнеше жұмыртқасын сындырып алады. Мұны білген пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол кісіге әрбір сынған жұмыртқа үшін бір күн ораза ұстауды немесе бір кедейді тамаққа тойдыруды бұйырады.

Тағы бір сапарда, сахабалардың біреуі бір ұяда жатқан екі балапанды алып алады. Олардың жанына келген балапандардың анасының қалшылдап тұрғанын көрген Рахмет пайғамбары (с.ғ.с.) «Кім мына құсты бұлайша уайымға салған! Балапандарын кері беріңдер!» – деп әмір етті. Бір түйенің ауыр халін байқаған ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) «Бұл тілсіз хайуандардардың ақысында Алладан қорқыңдар!» – деп ескертті. Пайғмабарымыздың (с.ғ.с.) осы мәселеге қатысты сөздері, бүкіл жағдайлардағы сияқты, жануарлар ақысы туралы пайым мен парасаттылықтың да – тек иманнан азықтану арқылы ғана адамдардың жүрегіне толықтай сіңетінін көрсетеді.

Қорыта айтқанда, адамдар, айналасындағы, өзі де бір мүшесі болып есептелетін қоғамның алдында да, Жаратушы иесі – Алланың алдында да жауапты. Сан алуан нығметтерге толы қоршаған ортасын, ешбір еңбегі сіңбестен, дайын күйінде тапты.

Алла Тағала қоршаған ортаны және ондағы барлық нәрсені адамның қызметіне берді. Сондай-ақ, адамға да өзінің осыларға жауапты екенін білдірді.

Адамзат араласып, бүлдірмейінше, табиғат өз жүйесімен тап-таза халінде сақталады. Алайда, адамдардың әртүрлі саяси, экономикалық және техникалық әрекеттерінің нәтижесінде ғаламдық дағдарыс пен түрлі мәселелер бой көрсетті. Қазір адам баласы ішінен шыға алмай жатқан бұл дағдарыс пен қиыншылық өте үлкен мөлшерге жетті және тек адамдарға ғана емес, басқа да түрлі жаратылыстарға қауіп төндіруде.

Мұндай дағдарыстың басты себебі – қоршаған ортаға қатысты нәзіктіктің жоқтығы, қысқаша айтқанда, аманаттың қадірін білмеудің нәтижесі екендігі анық. Табиғат – бүкіл ғажайыптарымен бірге, Ұлы Жаратушымыздың адамға берген сыйы және Алла Тағала адам баласын осы өмір сүріп жатқан ортасын көркейтуге қызықтырып, бұзықтық жасап, жер бетін бүлдіруден қайтарады.

Балғабек Мырзаев,

дінтанушы, Ph.D докторы