Қазақ халқының салт-дәстүрін зерттеп, ұрпаққа насихаттап жүрген тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев бізге берген сұхбатында бүгінде кең қолданыста жүрген және ұмыт болып бара жатқан кейбір әдет-ғұрыптар туралы әңгімелеп берді.  

 Әр дәстүрдің өз уақыты бар

Жамбыл мырза, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, нені озық, нені тозық деп бағалайсыз?

– Жалпы салт-дәстүр жүздеген, мыңдаған жылдар бойы електен өтіп, адам тіршілігін реттейтін, моральдық жағынан дұрыс жолға салатын кодекс болып саналады. Әр дәстүрдің өз уақыты бар. Мәселен, ата-бабаларымыздың әдет-ғұрпы өте күшті еді. Адам біреудің қолынан ажал құшса, оған құн төленетін. Ер адамның құны 100 жылқы, әйел адамның құны 50 жылқы болатын. Оны кейде қоймен немесе түйемен де есептейді.

Бүгінде «Алты жақсы» деген сый-сыяпат дәстүрі жоқ. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін «құн дәстүрі» деген жойылды. Осыған қарап, оны тозығы жеткен дәстүр деп айтуға бола ма? Меніңше, болмайды. Өйткені, құн қазіргі заманда да керек болар еді. Осы дәстүрді бүгінгі заңнамаларға енгізсе, құн – ер азаматынан айырылған отбасы үшін өте үлкен көмек болар еді деп ойлаймын. Жүз жылқы деген қазір қомақты дүние, үлкен байлық.

Ал қалыңмал дәстүріне келсек, бүгінде ол көп жерде жоқ. Оның орнына көбінесе кәде, сыйлық деген нәрселер жүреді. Бұрынғы заманда орташа қалыңмал әркімнің жағдайына байланысты 27, 37 немесе 47 жылқы болатын. Бұдан да көбі болды. Бірақ, бүгінде «қалыңмал жоқ екен» деп оны тозық дәстүр деп айта алмаймыз. Бұл қоғамдық қарым-қатынасты реттейтін жақсы дүние еді. Ер жағы қырық жеті қараға тең қалың мал төлейтін болса, қыз жағы жасау-жабдығымен киіз үй дайындап, ұлға да, қызға да ат мінгізіп шығарып салатын болған.

Бүгінгі күннің көзімен қарасақ, бір-екі бөлмелі үйдің құны 47 жылқының бағасымен пара-пар. Қырық жеті жылқының барлығы ірі мал бола бермейді. Жағдайы жеткендер 47 жылқыдан да асырып беріп жатады.

Сол себептен қазақ дәстүрлерінің ішінде озығы мен тозығы бар деп бөлуге болмайды. Әр дәстүр өзінің заманына сай ыңғайланған, сайланған. Бірақ, көп дәстүрлердің уақыты өтіп кеткенмен, оның қағидасы, маңызы жоғалмайды.

Ал кейбір дәстүрлер дәстүр ретінде қалыптаспай тұрып, шалажансар күйінде ұмыт болып жатады. Оның жөні басқа, ол – дәстүр емес. Яғни, ол заманның сыны мен елегіне төзбей қалды деген сөз.

– Қалалық қоғам далалық дәстүрді жаңа заманға қалай икемдеуі мүмкін?

– Елімізде урбандалу, яғни қалаға шоғырлану үрдісі 1990-жылдардан бастап өте қарқынды жүріп жатыр. Бұл ауыл шаруашылығындағы дағдарысқа да байланысты.

Бүгінде қала халқының 50%-дан астамын қазақтар құрайды. Бұрын ауыл мәдениеті дәстүр-салтымен, жақсы сақталған туысқандық жүйесімен, қазақтығымызға және мұсылмандығымызға сай өнегелерімен ерекшеленетін. Кеңес өкіметі орнаған соң, әсіресе, қалалық жерде сол мәдениет әлсіреп қалды. Қазір өтпелі жағдайда жүрміз. Дегенмен, қазір қазақтар ауылдың сол саф салт-санасын қалалық жағдайға біртіндеп бейімдеп жатыр деп айтуымызға болады.

Қазақ мәдениеті қалаға толық кірген жоқ

– Ол қалай бейімделіп жатыр? Нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

– Қаланың белгілі бір тәртібі бар. Көпшілігі Еуропаның, орыстың құндылықтарымен өмір сүреді. Ауылдан келген қазақ баласы бірте-бірте орысша сөйлей бастайды. Осылайша, қала әлі қазақиланған жоқ. Қазақ мәдениеті қалаға толық кірген жоқ. Сондай-ақ, ол доминант рөліне ие болмады.

Жалпы, тарихта біз үнемі даланың халқы болған жоқпыз. Бір жағымыз көшпелі, бір жағымыз отырықшы мәдениетке байландық. Бір ғана Түркістанның маңайында 32 шағын қалашық болған. Кезінде бұларды «Қырық қақпалы қалашық» деп атаған. Сол өңірде урбандалудың шығыстық қазақи үлгісі көрініс тапты. Ол жерде кәдімгідей көрші болып өмір сүру тәртібі сақталған еді. Көршілік қауым қазақ қоғамына, әсіресе, қалалықтарға қазіргі күні өте қажет.

Болашақта құрылыс мәселелерін қарастырған уақытта жеке бір орамдарға туысқандарды жинақтау мүмкіндігін ескеру керек шығар. Қалалық болу үшін көпшілік модельге кіруіміз керек. Көпшілік модель үлгісі оңтүстік қалалық өлкеде ертеден бері болған. Мәселен, Шымкенттің, Түркістанның, Қарнақтың байырғы тұрғындарынан «кімсің, қайдан боласың?» деп сұрасаңыз, ол руын айтпайды, өзінің тұрған ауылының атын атап, «мен Қарнақтанмын», «мен иқанлықпын» дейді.

Жалпы қазақ халқының урбандалуға белсене қатысып жатқаны өте қуанарлық жағдай. Бірақ, өз дәстүріңді жоғалтып алмай, заман ағымына сай халық болу керек. Бұл аса маңызды мәселе. Ол үшін шығыстық дәстүрді көбірек пайдалану керек деп ойлаймын.

– Қазіргі таңда қазақтың қандай салт-дәстүрлері жойылып бара жатыр немесе жаңадан пайда болуда?

– Әрине, адам қоғамы қашан да алға жылжып, техникалық өзгерістер болғаннан кейін өркениет күннен-күнге жаңарып отырады. Осыған байланысты өмірімізге көптеген өзгерістер еніп жатыр. Енді олардың қаншалықты дәстүр болатыны беймәлім. Жаңадан кіріп жатқан дүниелер дәстүр емес, ол – инновация.

Жас кезімде «XIX ғасырдағы жаңашылдыққа байланысты дәстүрлер» тақырыбында алғашқы монографиям жарық көрген болатын. Ол ғасырда қазақ қоғамы үлкен өзгерістерге түсті. Сол дәстүрмен енген жаңалықтар бір-бірімен сәйкестігі, қаншалықты дәстүр болып қалуы, олардың әлеуметтік-саяси, құрылымдық институттардың ішкі жағдайы мен сыртқы қарым-қатынастарына арналған жұмыс болатын.

Қазіргі таңда әлемдік геосаяси құндылықтар бізге әсер етпей қоймайды. Олардың қалай қабылдануы қазақ халқының негізгі ұстанымдарына байланысты.

Ұлт тамыры – салт-дәстүрлеріміз мықты болса, сыртқы әсерге төтеп бере аламыз. Бірақ, кей жағдайда төтеп бере алмай жатқанымыз рас. Мәселен, қазақ ешқашан христиан дәстүріндегі Жаңа жылды тойлап қарсы алған емес. Біздің жаңа жылымыз Наурыз еді. Кеңес заманында 1-2 қаңтарды тойлай бастадық. Оған үйренгеніміз соншалық, Наурызды мереке ретінде қабылдай алмай отырмыз. Тіпті оның байыбына барып, мән-мағынасына үңіле алмай жүрміз.

Мысалы, бұрын Науырызға байланысты қыс пен жаздың, күн мен түннің айтыстары өтетін, тіпті, адамдар жануарлардың атынан бір-бірімен айтысатын. Мерекелік қызықты дәстүрлер болатын. Жаңа туған күнді қарсы алу, аспан әлеміне байланысты күн мен түннің теңелген сәтін бақылау сияқты дәстүрлер қазір жоқ.

Оның орнына, жастар арасында бет-ауыздарын бояп, албастылар секілді киініп алып жүретін Хэллоуин деген «мереке» кең етек алып барады. Бұл «мереке» де уақыт өте саябырсыр, мұны көбінесе халық өз талғамына сай қабылдайды деп ойлаймын.

Шежіре – ұлттық идеология

Салт-дәстүр, мәдениетті сақтауда шежіренің маңызы қаншалықты зор? Ол ұлттық кодты сақтаудың құралы бола ала ма?

– Шежіреұлт мәдениетін сақтаудың құралы емес, ол – мемлекеттік, ұлттық идеология. Шежіре туыстық жүйені ұстап тұру үшін керек. Қазақ қоғамы осындай туыстық жүйеге сүйеніп отырған.

Қазақ хандығы құрылған уақытта болған рулар әлі де бар. Оларды әкімшілік-территориялық құрылым бірлігі деп айтуға болады. Оның иерархиясы, қазіргі аудан, облыс сияқты әкімшілік-территориялық бірліктердің көрінісі іспеттес. Мысалы, үш жүз – үш облыс болса, оның ішінде ондаған, жүздеген ру болады. Олар облыс ішіндегі аудан секілді. Міне, осындай үлкен әкімшілік-территориялық саяси жүйені шежіре арқылы бекітеді.

«Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» демекші, қазақ шежіресі осыдан басталып, бәрі де Алаштың баласы болып саналады. Ал, енді шежіренің төменгі деңгейі – Жеті ата дәстүрі. Оны шежіре деп атамайды. Көбінесе «Насабнама» дейді. Жеті ата деңгейіндегі білім халықтың бәріне ортақ, көбі оны біледі. Жеті атасын білмегенді жетесіз санау бұрыннан қалыптасқан ұғым.

Ерте уақыттарда үлкен рулардың арғы тарихы мен шежіресін кәсібилер ғана білген. Шежірені кез келген адам айта бермейді. Кәсіпқой шежірешілер, көнекөз қариялар болады. Солар шежіре сөйлеп отырған.

Халықтың көпшілігіне жеті атасын білу жеткілікті деп ойлаймын. Ал енді оның дәстүрді сақтауға аса бір қажеті жоқ.

– Ұлттық идеология деп қалдыңыз, осыған орай бір сұрақ туындап тұр. Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ақынның туған жері – «Абай алаңындағы» домбыраға байланысты дау туындап отыр. Көзқарасыңыз қалай?

– Домбыра бейнесін гүлзарлы алаңда қолданып аяқасты қылмай, тек аспап ретінде құрметтеп қолданғанымыз жөн. Қазақтың ұлттық музыкалық символдары – домбыра, қобыздың адамдар аяпен басып жүретін жерде жатуы дұрыс емес.

Ол өңірде «Абай музейі» мен ескі қыстауы бар. Оған еліміздің төрт бұрышынан, әлемнен адамдар келеді. Сондықтан мүмкіндігінше домбыра биікте болғаны жақсы.

Қазақ тойы ысырапсыз өтетін

– Біздің дәстүріміз ең көрінетін жерлердің бірі – той. Бірақ, қазір қазақтың тойы ысыраптың ауылына айналып барады. Құдаласқан екі жақ та қарызға батып жатады. Бұл жайында ойыңызбен бөліссеңіз…

– Тойға байланысты әлеуметтік желілерде жазған болатынмын. Негізінен дәстүрлі қазақ тойы ысырапсыз өтетін. XIX ғасырдың ортасындағы деректерге көз жүгіртсек, Абайдың Ділдәға үйленгені «Абай жолында» жақсы суреттелген. Ешқандай да ысырап жоқ. Екі жақтан сол тойға қатысып жүрген барлық адамды қосып санасаң, жүзге де жетпейді. Және сол тойға қатысып жүрген әрбір жан белгілі бір қызмет атқарады. Біреуі өлең айтса, екіншісі той басқарады. Ал енді біреуі құда тартысқа қатысады деген секілді. Сондықтан да бұл жерде дәстүрімізді кінәлауға болмайды.

Бүгінде жаманның барлығын ескі әдетке жабатын болып алдық. Мәселен, қыз алып қашуды қазақтың дәстүрі дейді. Олай емес, бұл – дәстүрді бұзу. Қазақтың әдет-ғұрпында қыз алып қашқаны үшін жазаланып отырған. Бұл қоғамдағы үлкен қателік, озбырлық болып саналады.

Қыз ұрлағандарға өлім жазасын берген. Себебі, жас күнінде қызға қалыңмал төленіп қояды. Сондай-ақ, уәде беріліп, құйрық-бауыр желінген дәстүр жасалатын. Сондықтан қазақтың дәстүрі қыз алып қашуға қарсы.

Қазіргі қазақтың тойы да жоғарыда айтқан Абайдың тойындай болуы керек. Екі жақ, әрине, басын қосып, тойдың ырымын өткізгені жақсы. Бірақ, барлығы сабылып, пойыз немесе ұшақпен әрі-бері әуре болып жүрудің қажеті жоқ мына заманда. Ұлыңыз болса, оның үйін, қызыңыз болса, оның жасау-жабдығын дайындау қажет. Ешкім несие алып, той жаса деп қинамайды. Сондықтан да ешкімді ешқайда да шақырмай-ақ, жақын ағайындардың ортасында жүз адамнан асырмай, тойдың ырымын ғана жасап отырған жөн деп ойлаймын.

Менің осы пікірімді Жамбыл өңірі қолдап, жиындар болып, «ысырап тойдан кетейік» деп Қазақстанға үндеу жариялады. Сонымен қатар, Шымкент, Түркістан жағы да қолдап жатыр. Бұл үрдіс кең етек алып жатса, құба-құп.

Осы тойға байланысты қандай жақсы дәстүрлер жаңғыруы керек деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, қазақтың қыз айттырып алу, қалың мал беру дәстүрі барлық өңірде қайтадан жаңғыруы керек. Тең – теңімен, тезек – қабымен болу керек. Кімнің жағдайы жоқ, жалқаулығы және жарыместігі көп болса, олар отбасын құрмай-ақ қойсын. Қазақ өмір-бақи сұрыптаудан өткен халық. Қазіргі уақытта сол сұрыптауға қайтадан келуіміз керек.

Бұл сұрақтың өзі әлеуметтік мәселеге тірелетіндіктен, айтып өтейін, біз орта табы мықты ел құрғанымыз жөн. Қоғамның бай мен кедейге бөлінуі, екі арасының алшақтауы – болашағымызға төнген қатер. Егер орта тапты мықтап қалыптастырсақ, ертеңгі елін ойлайтын билеушілер де, ұлт көшбасшылары да солардың арасынан шығады. Осы арқылы біз жақсы ұлт боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Cұхбаттасқан Руслан БЕГЕН

Пікір жазу