Жамандықтың артынан жақсылық жасау туралы

    921

    Сұрақ: Бір жамандықтан артынан дереу жақсылық жасап жіберcең, әлгі жасаған жамандығыңды жойып кетеді дейді. Осыны түсіндіре кетсеңіз?

    Жауап: Мұсылман жасаған жақсылықтары мен жамандықтарының қарымын тек қана Алла Тағала беретінін ешқашан есінен шығармауы қажет. Күнәнің жүректі қарайтатыны, ризықтан мақрұм етілетіні, көбейген жағдайда, адамның құрдымға кетуіне себеп болуын ескерткен Алла Елшісі, жасалған жамандықтардың дүние өміріндегі әсеріне ишарат етуде. Оның үстіне Құран да, Алла Тағалаға сенген соң жақсы амал жасаған құлдарына жұмақ нығметтерімен қатар, бақытты дүние өміріне де уағда етуде.

    Мұсылман адамның жасаған сауабы мен күнәсі алдындағы хәлі, хазіреті Пайғамбарымыздың мына дұғасы тәрізді болуы қажет: «Я, Алла! Мені жақсылық жасағанда қуанышты болған, ал күнә жасаған кезде кешірім тілегендердің қатарынан ете гөр!».

    Басқа қырынан алсақ, мұсылманның жасаған қателігін түзетуі мен күнәсінен арылуы осы дүниеде болуы қажет. Алла елшісінің сахабалары арасында да күнәға қолы тигендер болған. Бірақ олар жасаған күнәларына қатты қиналып, ақыры шыдай алмай: «Құрдымға кеттім Пайғамбарым!» деп, Пайғамбар алдында дірілдеп, қалтырап ауыр болса да күнәларын мойындаудан кері тұрмайтын. Жазасын ақыретте тартқанша бұл дүниеде қандай жаза болса да, өтеуге дайын еді.

    Бұл туралы Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын!): «Қайда болсаң да Аллаға қарсы келуден сақтан. Бір жамандықтан артынан дереу жақсылық жасап жібер. Әлгі жасаған жамандығыңды жойып кетсін. Сондай-ақ адамдарға жақсы қарым-қатынаста бол!» деп айтқан.

    Сахаба Әбул Ясир деген адам бөгде біреудің әйеліне әдепсіздік танытқанын мойындағанда мына аят түседі: «Күндіздің екі (бесін және екінті) уақытында, сондай-ақ, түннің күндізге таяу (таңсәрі, ақшам және құптан) уақыттарында намаз оқы. Шынында, жақсылықтар жамандықтарды (яғни, кішігірім күнәларды) жояды. Бұл ойланып, ғибрат алатындар үшін айтылған бірер насихат». Алла елшісі өзіне келіп мойындаған Әбул Ясирға түскен осы аятты оқығанда, осы насихаттың барлық мұсылмандарға да қатысы бар екенін айтқан еді. Өйткені Алла Құранда тұп-тура оқылған намаз адамды барлық жамандықтардан және әдепсіздіктерден тыятынын айтады (Aнкебут, 29/45).

    Және Пайғамбарымыз адамдар үлкен күнәлардан аулақ жүретін болса, бес уақыт намаздың, оқылған жұма намаздың және рамазан оразасының арасында жасалған күнәларға кәффарат болатыны туралы сүйіншілейді. Оразаның тура қалқан тәрізді адамдарды күнәлардан сақтайтынына назар аударған. Өзі мойындау арқылы жүзеге асқан жазалар, жасаған күнәларына кәффарат болса да, күнә кірлерінен толық құтылу үшін адамның шынайы тәуба етуі және жағдайын түзелтуі арқылы мүмкін болмақ. Өйткені, Рахман болған Алла рақымымен әр нәрсені қамтиды және ол рақым етуін өзіне парыз еткен.

    «Күнәдан тәуба еткен, ешбір күнәсы болмаған адам тәрізді» деген Пайғамбарымыз, тәубенің күнәдан қарайған жүректерді қалай тазартатынын мына ғажап мысалмен айтқан: «Пенде бір қателік жасаса жүрегіне қара нүкте қонады. Егер ол күнәдан қолын тартып, кешірім тілеп, тәубе етіп Аллаға қайтатын болса, жүрегі тазарады. Егер қайтадан дәл сол қателікті жасайтын болса, қара нүкте артып ақырында барлық жүрегін жаулап алады». Осылайша тәубе еткендерді күнәдан тазартқан Алла Тағала, бір жағынан дүние өмірінде кездескен ауыртпалықтарды мұсылмандарды кешіру үшін арқау етеді. Тіпті мұсылманның шаршауы да, науқасы да, қайғысы да, қиыншылығы да, денесіне батқан бір тікенге дейін, өзіне қиыншылық көрсеткен әр нәрсе, жасаған күнәларына кәффарат болады. Алла елшісінің сөзімен айтқанда, Алла Тағала ағаштың жапырақтарын төккені секілді, осы қиыншылықтар арқылы мұсылман құлының күнәларын төгеді.

    Бірақ Рахман болған Раббымыздың осы шексіз рақымына сеніп, халал мен харам турасында немқұрайдылық танытудан қашу қажет. Өйткені, бір мұсылман бәрінен бұрын Алла елшісі нұсқаған жолмен жүріп, күнә атаулыдан және жаман амалдардан аулақ тұруға тырысуы қажет.

    Сүйікті анамыз хазіреті Айшаның айтқаны бойынша, хазіреті Пайғамбарымыз екі істің бірін таңдауына тура келгенде, күнә болмайынша жеңіл келгенін таңдайды. Күнә болған жағдайда одан ең алыс тұратын сол болатын еді.

    Біз, қолымыздан келгенше жамандықтан сақтанып, «тақуалық» жолымен жүруге тырысуымыз керек. Ол үшін, үнемі Алла алдындағы жауапкершілік сезімінде болу қажет. Алла Тағала жамандықтың ашығына да, жабығына да жоламауға әмір етіп, күналардан аулақ тұруды насихаттап, қойған шекараларға бағыну қажеттілігін айтқан. Сондықтан саналы мұсылман тек қана күнәлардан емес, күнәға жетелейтін жолдардан да аулақ тұруды өзіне ұстаным етуі қажет.

    Балғабек Мырзаев

    1 Пікір

    1. Жақсылық жасау, қайырымдылықпен айналысу бізге бір қиын секілді көрінеді. Ол үшін арнайы уақыт бөліп, өзге дүниені ұмытуға тура келетіндей. Ал кейде тіпті жақсылықтың қайтарымын, бағалануын күтеміз. Көңілі ақ, адал адам бола білу тым қиын дүние емес екенін айтқымыз келеді. Қазислам порталы осындай мәселелерді көп жазсаңыздар.

    Пікір жазу