Е.Қарақұлов: Адамдар қатесін дінмен ақтағысы келеді

    Қазақстан халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанушылар болғандықтан, еліміздегі мешіт-медреселердің мемлекеттік діни саясатты жүйелі түрде жүргізуіне ықпалы зор екені бесенеден белгілі. Осы орайда kazislam.kz тілшісі ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы, Орал медресесінің директоры Еркебұлан Ыбрайымұлы Қарақұловпен сұхбаттасқан еді.

    1093

    – Еркебұлан мырза, әңгімемізді мешіттегі қазіргі діни ахуал жөнінде бастасақ…

    – Жалпы діни ахуалды айтар болсақ, бір қалыпты. Әрине, бүгінде оны тек қана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының назарында ғана емес, мемлекет те жіті қадағалап тұрғаны белгілі. Сол себептен барынша діни ахуалды тұрақты ұстауға тырысамыз. Десек те, ол кей жағдайларда оңайға түспей жатады. Өйткені, кейде қатаң ескертулерге де барып жатамыз. Кез келген мәселеде бір қалыпты деп оған бей-жай қарауға немесе толық сенімді болуға тағы болмайды. Себебі бір қалыптылық өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан, әрдайым кез келген жағдайға дайын болу керек деп ойлаймын.

    – Мешіттердегі кадр жетіспеу мәселесі әлі бар ма?

    – Иә, бұл – ең өзекті мәселелердің бірі. Толықтай әлі шешімін таппай жатыр. Тек біздің облыс қана емес, республика бойынша өткір мәселе. Нақты бүгін, ертең шешіледі деп айту қиын. Жыл сайын діни жоғарғы оқу орындарын бітіріп жатқан түлектер жоқ емес, бар. Бірақ, ол түлектердің барлығы әртүрлі себептерге байланысты қызметке келе бермейді немесе біз де қызметке ала бермейміз.

    – Жақында аттестация өтті. Нәтижесі көңіліңізден шықты ма? Дін қызметкерлерінің білімі мен біліктілігі қандай деңгейде екен?

    – Аттестация өтті. Өкінішке қарай, ойлаған және күткен нәтижені берді. Бұл өткен аттестация бізге тағы да бір рет сапалы кадр даярлаудың өзектілігін растап берді. Бұл мәселе ең қысқа мерзімде, ол бес жыл бола ма, жеті жыл бола ма, толықтай шешімін табуы тиіс. Яғни, жоғары білімге ие кадрлармен облыстық, қалалық және аудандық деңгейде қамтамасыз етуіміз керек.

    Еліміздегі барлық мешіттерге тиісті жоғары білімге ие маман табу қиын болар. Бірақ облыстың, қаланың және ауданның бас имамдығына білімі жоғары имам қалай да болсын табылуы керек. Жоспарлы әрі кешенді түрде бұл мәселеге кірісу қажет.

    Білімі мен біліктілігі қатар жүретін кадрларға қол жеткізу – парыз. Ол қолдан келеді. Бүгінгі таңда мүмкіндіктер бар. Тек жоспарлы әрі кешенді түрде, бағыт-бағдармен, жүйелі түрде қадағаланып қолға алынса, бұл мәселе бес жылдан аспай шешімін табады. Ал егер өзінің ағысымен кете беретін болса, онда шұңқырдан шығуымыз қиын болады.

    Біз бір сәтке реалистік көзбен қарайық, барлық мешіттерге әрі жоғары білімді әрі білікті маман табу дәл қазіргі таңда мүмкін емес. Алайда, облыстық, қалалық және аудандық бас имамдық қызметті жоғары білімге ие, арнайы діни университет бітірген маманмен толықтай қаматамасыз ету шындыққа келеді. Ол мүмкін. Бүгінде нақты айтар болсақ, дін қызметкерлерінің білімі мен біліктілік деңгейімен әлі қуана алмаймыз. Бұл бағытта әлі жұмыс өте көп. Бірақ қайталап айтамын «мүмкін емес» демейміз.

    – Ал Орал медресесінің бүгінгі жағдайы қалай?

    – Медресеміздің жағдайы орташа. Жоспарлы түрде алдымызға қойған мақсатымызға келе жатырмыз деп ойлаймын. Эстафетаны алғаннан кейін оны жеткізу керек. 40-тан астам шәкіртіміз бар. Биыл 12 шәкіртіміз бітіргелі жатыр. Олардың арасында оқуды ары қарай жалғастыратындары бар, қызметке баратындары да бар. Оқу мен қызметтің арасындағы таңдауды шәкіттердің өздеріне тапсырдық.

    Бүгінгі таңда ҚМДБ бізге саннан сапаға өтуді тапсырып отыр. Енді осы бағытта әрі қарай ілгерілейміз. Негізгі көздеп отырған мақсатымыз: шәкірттеріміз бітіргеннен кейін кемінде 3 жыл ҚМДБ саласында қызмет етулері тиіс. Ал егер медреседен кейін жоғары оқуға түсетін болса, онда жоғары білімді алғаннан кейін қызмет етулері қажет.

    – Алдағы уақытқа құрған басты жоспар-мақсаттарыңыз қандай?

    – Алдағы уақытқа қойған жоспарымыз көп, атқарылар жұмыс та көп. Біріншіден, облысымыздың діни ахуалының тұрақтылығын нығайту. Ол облыс басшылығымен бірлесе отырып жүзеге асады. Екіншіден, кадр мәселесіне мән береміз. Яғни, білімді әрі білікті мамандармен қатарымызды күшейтуіміз керек.

    Үшіншіден, имам-молдаларымыздың әлеуметтік жағдайы күн тәртібінен түспей келеді. Осы бағытта әлі де көп жұмыстар атқаруымыз керек. Облыс әкімдігі барынша қолдау көрсетіп, жағдай жасап отыр.

    Міне, осы жоғарыда айтылғандарды жүзеге асырсақ деп отырмыз.

    – Бүгінгі күні қарқынды іс жүргізуге кедергі болатын қандай қиыншылықтар бар?

    – Жоғарыда айтып өткенімдей имам-молдалардың әлеуметтік жағдайы – басты мәселе. Бұл мәселе түбегейлі біржолата шешімін таппай, негізгі кедергі болып қала береді.

    – Бірнеше кітаптың авторысыз. Тағы да кітап жазу ойда бар ма?

    – Негізінде соавтормын. Нұрлан Сайлауұлы Анарбаев  ұстазымызбен бірлесіп көптеген еңбек жазуға қолғабыс еттім. Әзірге нақты дайындап отырған жобам жоқ. Бәлкім алдағы уақытта дайын болып қалар.

    – Көп уақыттан бері мешіт саласында әртүрлі қызметтер атқарып, халықпен рухани тұрғыда тығыз байланыс жасап келесіз. Ұстаз, әрі уағыз-насихатшы ретінде қоғамдағы ең жаман рухани дерттің қатарына қандай жаман мінезді жатқызар едіңіз?

    – Қоғамдағы ең жаман рухани дерт: нәпсіні тізгіндемеу және менмендік. Бұл дертті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі айтып кеткен. Кейде бір адам өзінің теріс әрекетін дін арқылы ақтап алғысы келеді. Бір-бірімізді тыңдау, түсіну бүгінде өте сирек кездеседі. Мешіт ішінде де, сыртында да бұл дерт бар. Осы дертті емдемей біз алға жылжи алмаймыз. Қай бағытта болса да жылжи алмаймыз.

    Мейлі, саяси, экономикалық, қоғамдық, діни, рухани т.б. негізгі мемлекеттілікті құраушы бағыттарды алыңыз, бұл дерттен айықпайынша, біз бір орында қала береміз. Егер кісіні түсінуге тырыспасақ, оны тыңдамасақ, жағдайына түсіп қол ұшын бермесек, қасымдағы адамға «Сіз өтіңіз» деп жол беруді білмесек, алға қарай жылжу өте қиын.

    Бұл дертті басқа ракурстан түсіндіріп көрейін. Мысалы: қоғамда болсын, мешітте болсын, заңда болсын бір шешім қабылданып жатыр делік. Ол шешім жалпы қоғам немесе мешіт жамағаты немесе халықтың пайдасы үшін қабылданып жатқаны анық. Енді ол шешім менің жеке басыма ұнамады. Ұнамаған соң мен наразы боламын, келіспеймін және қарсы шығамын. Енді осы жағдайда істеуім керек? Маған ұнамаса да мен келісуім керек. Барлық адамның көңілін жеке-жеке табу мүмкін емес қой.

    Міне, осы қасиет бүгінде жетпей жатыр. Қазіргі таңда жеке мүддені көптің мүддесінен жоғары қоямыз. Содан-соң бұндай жағдай үнемі бола бермейді. Оның жеке құқығы шектелмейді. Бар болғаны оның нәпсісіне, яғни, эгосына теріс келеді. Болды, осы ғана.

    Әркім өзгеден кемшілік іздемей, өзін түзетуі керек. Нәпсісін эгосын тежеу керек. Сонда ғана біз тақулыққа қол жеткіземіз. Тақуалыққа қол жеткізгенде ғана біз білімге және сауаттылыққа жетеміз. Білімге және сауаттылыққа жеткенде ғана біз бір мәзһабқа жетеміз. Бір мәзһабқа жеткен кезде ғана бізде ауызбіршілік пен ынтымақ болады. Сол кезде бізге бағынбайтын белестер қалмайды.

    Сонымен қатар, қоғамның дінге деген көзқарасы мен  қарым-қатынасын өзгерту керек. Ислам дінін өз дінім деп қабылдау керек. Жиі байқайтыным асыл дінімізге өгейлікпен қарайтын жағдайлар көп кездеседі. Міне осы дерттерді емдеп алсақ, (оның емі бар) қоғамымыз едәуір алға басар еді.

    – Сұхбатыңызға рақмет!