Бұл еріктілердің ұйымдастырушысы – Smart bilim орталығының жетекшісі Аралбек Берікұлы қайырымдылық қоры жөнінде, қайырымдылық жөнінде Қазислам порталына әңгімелеп берді.

— Бірінші осы әрекеттеріңіз туралы айтып беріңізші, акция қалай басталды?

— Өзімнің отбасыммен 1-2 мұқтаж отбасыға бірнеше жыл бойы азық-түлік алып беріп жүрдік. Одан кейін 10 шақты досыммен қосылып, 12 отбасыны азық-түлікпен қамтыдық. Сосын 17 отбасы, қыста тіпті 30 отбасыны қамти алдық.

Біздің жеткізетініміз — күріш, қант, май, ұн, ет, жеміс-жидек пен көкөніс сияқты бір отбасыға жетер-жетпес заттар. Жер үйде тұратындарға көмір апарып береміз.

Кейін мешіттен аз қамтылған отбасылардың тізімін алып, аяқтай барып жағдайымен таныстық. Дегенмен кейбірінің жағдайы жақсы болып шықты. Тіпті 7 балам бар деп шақырғандардың 3-4 баласы өз алдына отбасылы екен.

Әдетте біздің елдегі мұндай қайырымдылық акцияларының көбі – бір реттік қана. Жетімдер үйіне бір рет барып, одан кейін бұл көмекті жалғастырмайды. Осыны ескеріп, достарыммен бұл игі істі ай сайын ұйымдастыратын болып келістік. Мұның өзімізге де пайдасы бар екен. Өйткені, адам үнемі салыстырады. Мұқтаждарды көргенде өз өміріңе шүкір етесің. Адамның жүрегі жібіп, одан сайын көмектескісі келеді.

Менің достарымның да жағдай керемет емес. Біреуі жалдамалы пәтерде тұрады, біреуі бір айлыққа қарап отыр. Ең бастысы ниет қой. 500 теңге жіберетін адам да бар, 200 000 теңге жіберетін азамат та бар. Кейде адамдар бергеніне ұялып жатады. Бұл жерде ренжитін де, ұялатын да ештеңе жоқ. Ақша жіберген адамдар өздері келіп, ұйымдастыру жұмыстарына да қатыса алады.

Мәселен, азық-түлікті отбасыларға апармас бұрын, бөліп, әр отбасыға арнайы жасақтаймыз. Көмек деген тек ақша емес. Мысалы, студенттер келіп тамақтарды бөлуге, оны көліктерге тасуға көмектеседі. Көмектесушілердің саны артып, 30 отбасыдан 50 отбасыға жеттік. Сәуірде тіпті 104 отбасыға азық-түлік апарып бердік. Алайда кеңсеміз кішкентай, жиналатын адам қарасы да көп болған соң, мұндай көлемді еңсере алмайтынымызды түсініп, ай сайын 50-60 отбасыны азық-түлікпен қамтимыз деп шештік.

— Мұқтаждыққа алып келетін себептер бар ма?

— Алла Тағала адам баласына өзі көтере алатын жүкті береді, одан артығын бермейді. Біз көбіне  көпбалалы, жалғызбасты аналарға көмектесеміз. Негізгі мақсатымыз, әрине, балалар. Олар сондай отбасыда туғанына кінәлі емес қой, бұл – үлкендердің кінәсі. Бұлардың арасында да түрлі жағдай кездеседі. Бірінің күйеуі қайтыс болса, бірі – ажырасқан. Тағы бір әйел екінші рет тұрмысқа шыққан болады. Әйелдер әлсіз екені белгілі, бірақ шамалы ойланып, ақылына салса, мұндай халге жетпес еді деп ойлаймын.

Жатақхананың бір бөлмесінде, жертөледе тұратындар да бар. Кей отбасылар аядай жерін таза ұстап, ұқыпты тұрады. Ал кейбірі лас жерде тұра береді. Оны азық-түлік тарататын жігіттер де байқайды. Адам сондай жағдайға өзін өзі жеткізеді. Оның ең бірінші себебі – білімсіздік.

Қарапайым мысал, аналардан келетін хаттардың көбінде қате көп, қарапайым сөздердің өзін дұрыс жазбайды. Екінші мәселе – басқаларды өзіне міндетті деп ойлау. Кей кезде біздің шарттарға сай келмейтінін айтсақ, агрессивті жауаптар аламыз. «Олай болса, неге айтасыз, адамды неге алдайсыз?» дейтіндер де табылады.

Алла тағала – шексіз жомарт. Ол пендесінен ештеңе аямайды. Кейбір кезде байлықтың адамды құртатынын білгенде бермей қояды. Өйткені дәулет те — жауапкершілік.

— Мұндай көмек халықты дайын асқа тік қасық етпей ме?

— Көмектесетін жігіттердің арасында да мұндай көмек дайынға үйретеді дейтіндер бар. Олар балық емес, қармақ беруді ұсынады. Бірақ біздің басты мақсатымыз – балалардың таршылық көрмеуі. Балалар тойып тамақ жесе, алаңсыз сабақ оқыса деген ой. Мұндай үлгіні көріп үміттенер деген де сенім бар. «Біз де біреуге көмектессек» деп, бұл жағдайдан шығуға тырысар.

Әлбетте, негізгі ниетіміз – Алланың разылығы. Пайғамбарымыз (с.а.с) да «Сендердің ең жақсыларың – өз қоғамына пайдалы болғандар» деген екен. Адам қоғамсыз өмір сүре алмайды. Кейбірі өзімнің өмірім, не істесем де өзім білемін деп ойлайды. Осылайша, әлеуметтік желіде ерсі, ұят нәрселерді таратады. Мұны көрген адамдар қайталауы мүмкін.

Мысалы, кішкентай балаларда сүзгі жоқ. Ересектердің әрекетін қызық көріп, есеюге ұмтылады, қайталауға ұмтылады. Сондықтан өз басым жамандықты тия алмасам да, жақсылық таратуға тырысамын. Өйткені Алланың тағы бір әмір еткені «жақсылықты таратыңдар, жамандықты тиыңдар» деген. Жақсылық жасамасаң да, жамандықтан тиюға тырысу керек. Жамандығың Алламен екеуіңнің араңызда болса, Алла оны басқалардың көзінше жаймайды, кешіруі мүмкін. Ал басқаларға өзің көрсетсең, ол бәрі бір шығады. Әркімнің өз жұмысы болған соң, бір демалысымызды игі іске арнаймыз.

— Сіз айтқан тізім ай сайын жаңара ма?

— 50 отбасының жартысы жүйелі түрде көмек алады. Мәселен, бүгін 30 отбасыға екінші рет бара жатырмыз, ал қалған 30-ы – жаңадан қосылғандар. Пәтер жалдап тұратындардың мекенжайы жиі өзгеріп тұрады. Кейбірі жағдайы түзеліп, тізімнен шығады.

— Азық-түлікті сатып алатын арнайы орындарыңыз бар ма?

— Астанамыздағы Фурманов көшесінде базар бар. Сол жердегі ағалар жеңілдікпен әкеп береді. Артем базарында да тұрақты орындарымыз бар. Кей кезде олар да өздері бір-екі қабын тегін береді. Барлық серіктестеріміз жеңілдік жасайды. Етті де халал дүкеннен аламыз. Өйткені Алла «Ішкендерің адал болмайынша, тілектеріңді қабыл етпеймін» деген. Жаңағы отбасыларда өсіп жатқан 300-дей бала бар. Олар адал тамақ жесін дейміз.

— Қатарларыңызға өзге азаматтарды қалай қостыңыздар?

— Достарымызбен өзіміз 30 отбасыны ғана қамти алар едік. Содан кейін әлеуметтік желілерде бөлісе бастадым, достарымыз да басқаларды шақыра бастады. Адам көбірек жиналғаннан кейін қоғамдық қор құруды жөн көрдік. Осылайша, Commune bonum деген қор өз жұмысын бастады. Латын тілінен аударғанда «ортақ игілік» деген мағына береді.

Цицерон өз заманында «Ортақ игілік – әр адамның міндеті» деген екен. Қордың атауын латын тілінде қоюымыздың себебін түсіндірер болсам, азық-түлікпен шектелмей, келешекте балаларды шетелге оқуға жіберсек деген ойымыз бар. Бұл істі бастап та кеттік.

Мәскеу жанындағы Брянск қаласында Аграрлық университет бар. Ресейдің 5 үздік университетінің қатарында. Университет жанында өз шаруа қожалығы бар, яғни балалардың жұмыс істеп, тәжірибе жинауға мүмкіндігі бар. Биыл тоғыз баланы киіндіріп, «Скат» әуекомпаниясымен келісіп, ұшаққа билет алып, Мәскеуден Брянскке дейін экспресс пойызға билет алып, қолдарына 30 мың теңге көлемінде ақша беріп, оқуға аттандырдық. Ресей үкіметінің гранты, ай сайынғы шәкіртақысы бар. Олардың арасында жетім балалар бар. Байланысып, хал-жағдайын біліп тұрамыз. Ректорымен байланыс бар, олардың үлгерімінен де хабардармыз.

Бүгінде Канададағы университетпен келісіп жатырмыз. Ақылы оқуға түсе алмайтын балаларға мүмкіндік берсек деген арманымыз бар. Жоғарыда айтқан мұқтаж адамдарға балық қана бермей, қармақ беруді жолға қойдық.

— Басқа да жобаларыңызға тоқталып өтсеңіз…

— Көріп отырғаныңыздай, көмектесемін дейтіндер бар. Ай сайын бір отбасына жәрдем бере аламын дейтін бір отбасыны бір мұқтаж отбасымен табыстыруды ойға алып отырмыз. Яғни, бір отбасы басқа бір отбасыға жауапты болады. Осылайша, азық-түлік мәселесін шешкен болар едік. Басқа жобаларға да уақыт табылады.

Алдағы уақытта әлеуметтік жобаларға дең қойсақ деген жоспар бар. Мәселен, көпбалалы аналар 8 сағат жұмыс істей алмайды. Оларға бірнеше сағатқа барып-келетін жұмыс тауып беріп тұрсақ, қордың ресми сайтын жасасақ деген ой бар. Сол кезде жіберілген ақшаның қалай жұмсалғанын да көріп отыруға мүмкіндік болады.

— Мұқтаж жандарға көмектесуге не себеп болды?

— Өзім де көпбалалы отбасыда өстім. Төрт қыздың ішіндегі бір ұлмын. Жетінші сыныпқа дейін бір бөлмелі пәтерлерді жалдап жүрдік. Әлі есімде, бес бала қатарынан тізіліп жататынбыз. Бала болған соң, сыныптастарыңнан ұялу деген болатын. Мүмкін содан кейін басқа балалар ұялмасын деген ой туды ма, кім білсін!

Біз азық-түлігін алып берсек, әке-шешесі киімін дұрыстар дегендей. Өйткені бір етікті екі баласы кезекпен киіп, сабаққа баратын отбасылар да бар. Олар қашанғы олай жүрмек?

Басында киіммен де көмек бермек болдық. Дегенмен, бұл — ұзақ процесс. Нұр-Сұлтанда Сығанақ көшесінде «Қарқын.кз» деген әлеуметтік киім дүкені бар. Тапсырған киімді ретке келтіріп, дүкендегідей сөреге қояды. Қажет деп тапқандар тіркеліп, белгілі бір мөлшерде киім таңдап ала алады. Бұл да – тегін.

Адамда қанағат болмайды. Мәселен, бір көлігіңіз болса, одан да жақсысын алуға ұмтыласыз, күні-түні соны ойлауыңыз мүмкін. Ал мұқтаж жандарды көргенде өз жағдайына шүкір етеді. Бұл дінімізде де бар.

60 отбасыны бір өзі-ақ қамти алатын кәсіпкерлер бар. Бірақ мұндай көмекті жасамауы мүмкін. Әр түрлі сылтау айтқанымен, мұның сараңдық екенін мойындауымыз керек. Бір рет келгендердің көбі екінші рет келеді. Көбі мен миллионер болсам көмектесемін дейді, алайда 100 теңгесін бөлісе алмаған адам миллионды бөлісе алмайтынын түсінбейді.

Айтып отырғанымдай, 60 отбасыға азық-түлік алса ештеңесі кетпейтін азаматтар неге үнемі қайырымдылық жасамайды? Өйткені кезінде мың теңгесін бөлісуді үйренбеген.

— Өзіңіздің балаларыңызды алып барасыз ба?

— 8 жастағы және 6 жастағы қызымды алып барамын. Кей кезде сыныптастарынан көріп, телефон алып беруімді өтінеді. Сол кезде басқа отбасыларды көрсетіп, олармен сөйлесуге тырысамын. Олардың да жақсы киімді, ойыншықты қалайтынын айтып, олардың ойын сұраймын. Біздің көмектесе алатынымызды түсініп тұрған соң, олар да келіседі.

— Отбасыңыздың көзқарасы қандай?

— Анам қолдамайды. Оның ойынша, қайырымдылыққа жұмсаған уақытымды балаларыма арнауға болады. «балаларыңа көңілін жетпейді, балаларыңа қара» дегенді жиі айтады.

Менің ойымша, олардың қасында ертеден кешке дейін жүргеннен, күніне 15 минут болса да сапалы уақыт өткізсем жетеді. Ер адамның жұмысы түзде ғой. Ер-азамат қоғамды да ойлауы керек. Өйткені бала тек үйден емес, қоғамнан да тәрбие алады. Мен оған үйде мейлінше жақсы тәрбие беріп, шектеу қойсам да, көп уақыты қоғамда өтетінін ескеру керек. Мен қоғамда тәрбиелесем, анасы үйде тәрбиелесе жақсы болады деп ойлаймын. Барлығы қоғамды ойласа, баланы қорықпай жіберер едік.

— Өзіңіз немен айналысасыз?

— Математика пәнінің мұғалімімін. 19 жасымнан бастап сабақ беремін. 2015 жылы республиканың бірнеше ауылын аралатып, мектептердің жағдайын көрсеткен еді. Сол кезде не істей аламын деген сұрақ келді.

Жалпы, адам маған қашан көмектеседі деп емес, мен не істей аламын деп ойлануы керек. Сол кезде жақсы, сапалы құралдар мен техника сатып алып, видео сабақтар түсіремін, тегін таратамын деген ой туды. Бірақ ол күннің қашан туары белгісіз ғой. Сондықтан, бір планшет сатып алып, сонымен бастап кеттім. Бүгінде 400-ден астам 5 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі бағдарламаны қамтитын сабағымыз бар. Орталығым кітаптар шығарады, мұғалімдерді дайындайды.

— Нені армандайсыз?

— Әлемде мектептер желісін ашып, мұғалімдер, оқушылар тәрбиелесем деген арманым бар.

— Принциптеріңіз қандай?

— Ең бастысы ниетке басқаның араласпауы маңызды. Қайырымдылықты Алланың разылығы үшін істеу. Әлеуметтік желілерде жариялағанда да «мен істедім» дегеннен аулақ болуға тырысамын.

— Қайырымдылық деген не?

— Қайырымдылық деген — бүгін қолыңнан не келсе, сонымен пайдалы болу. Сонымен қатар, әр ер адам өз отбасын қалай асыраса, дәл солай тағы бір отбасыны асырай алуға ұмтылуы тиіс деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рақмет!

Пікір жазу