Ерболат ШӘРІП: «Жағдайы төмен жандарды бөліп-жармаймыз»

    0
    6

    Соңғы жылдары республика көлемінде әлеуметтік әлеуеті төмен жандарға баспана алып беру жақсы үрдіске, қазіргі тілмен айтқанда челленджге айналды. Осы орайда «Ел үлесі – пәтерге!» халықтық жобасын жүзеге асырып жүрген жандардың бірі Көкшетаудағы Науан хазірет мешітінің жанынан құрылған «Зекет» қорының жауапты өкілі Ерболат Шәріпті әңгімеге тартқан едік.

     — Ерболат мырза, білуімше бастамаларыңызды қолға алғалы көп бола қойған жоқ. Неше отбасыға үй алып бердіңіздер?

    — 2013 жылы құрылған «Зекет» қоры жағдайы жақсы адамдар мен тұрмысы төмендердің арасын жалғайтын көпір іспетті. Қор бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Мұқтаж жандарға азық-түлік, отын-көмір, киім-кешекпен және қаржылай көмек көрсетіледі. Көбінесе көмекке зәру жандар бізге өздері келеді немесе естіп-білген жандарға қол ұшын созуға өзіміз барамыз. Мұндай қайырымдылық шараларына аудан имамдары да толық жауапты. Былтыр «Зекет» қоры қолға алған «Ел үлесі – пәтерге!» халықтық жобасы сәтті бастама болып шықты. Он бір айдың ішінде жағдайы төмен үш отбасына пәтер алып бердік.

    — Құпия болмаса, ол отбасылар туралы айта кетсеңіз…

    — «Зекет» қоры арқылы баспанаға қол жеткізген Мәуленгүл Тарбах – жеті баланың анасы. Отағасы қайтыс болған. Ең кіші балалары 1-2 жаста ғана. Екінші пәтер І топтағы мүгедек Гүлнәр Хамзинаға сатып алынды. Сонымен бірге, Алмагүл Еркінбекова деген жалғызбасты ананың алты баласы бар. Бұл отбасының басына түскен тауқыметті жағдай көпке мәлім. Өртке оранған уақытша баспанадан бауырларын аман-есен алып шыққан Ұлдана деген ұлға татырлық батыр қыз жайлы барлық қазақстандық естіді. Міне, бұл отбасы да баспанаға қол жеткізді.

    — Көбінесе бала саны көп отбасыларға басымдық берілетін секілді. Солай ма?

    — Бізде көпбалалы аналар ғана емес, көмекке шын мұқтаж отбасылар да басты назарға алынады. Мәселен, бір бағытты ұстанатын қорлар бар. Олар мүгедек жандар, мүмкіндігі шектеулі балалар, науқас адамдармен ғана жұмыс істеуі мүмкін. Ал, бізде ондай шектеу жоқ. Көмекке мұқтаж адамдардың бәріне қол ұшын созуға дайынбыз. Мешітте санатқа бөлу деген ұғым жоқ. Кез келген ауданға қарасты ауыл-аймақтың көмекке мұқтаж тұрғындары орталық мешітке келмей-ақ, жағдайын жергілікті жердегі имамдарға айтуларына болады және сол жерде көмек ала алады.

    — Халықтық жоба деп қалдыңыз. Сонда көмек қолын созып жатқан адамдардың дені кәсіпкерлер, қалаталы азаматтар емес пе?

    — Бұған дейінгі қайырымдылық мақсатындағы жұмыстарымыздың бәрі бұқара халықтың қолдауымен жүзеге асты және «Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» дегендей, халықпен үнемі байланыстамыз. Алғашында жоспар бойынша 4 мың адам 2000 теңгеден садақа етсе, 8 миллион теңгенің көлемінде қаржы жиналуы тиіс еді және сол қаржыға үй-күйі жоқ отбасына пәтер алып береміз деп шештік. Бірақ біз ол қаржыны күтпей-ақ 45-46 шаршы метрлік пәтерлерді алып, жөндеу жүргізіп, дайын күйінде халықтың атынан табыс еттік. Дербес шоттар аштық және қала мешітінде тұрақты түрде журнал толтырылып жүр. Оған көмек бергісі келген адамның аты-жөні және салатын қаржысы жазылады.

    — Ай сайын қанша қаржы жиналатынын айта аласыз ба?

    — Нақты мына айда осыншама жиналады деп айту қиын. Сондықтан биыл да мұқтаж отбасыларға пәтер алып береміз бе деп отырмыз. Осындай игі шаралардың арқасында садақа беріп, зекет қорына үлесін қосып жатқандар қатары өсіп келеді. Солардың қатарында бір студент баланы ерекшелеп айтқым келеді. Өзгелермен бірге ол апта сайын өзінің стипендиясынан және қосымша тапқан қаржысынан 2000 теңге әкеліп тұрды. Сол баланың қайырымды жүрегіне риза болып, Мәуліт тойы үстінде халық алдында марапаттадық.

    — Мешіт жанындағы қайырымдылық дүкені туралы не айтасыз?

    — Оған үйіңізде киілмей жатқан бүтін киімдерді алып келуіңізге болады. Дүкен дүйсенбі және сәрсенбі күндері күндізгі сағат 2-ден 4-ке дейін ашық тұрады. Жағдайы төмен отбасы мүшелері сол уақытта келіп, өзіне қажетті киімін алып жатады. Кез келген адам үйінде киілмей жатқан киімдерді мешітке әкеліп тапсырса, қаншама мұқтаж жандардың үсті-басының бүтін жүруіне себепкер болар еді деген ойдамын.

    — Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет!

    Дереккөзі: baq.kz