Ел боламыз десек, түрмемізді түзейік!

    0
    706

    Дін әрбір қоғамның ажырамас бөлігі болып табылады. Дінтанушылық ғылымда діннің бірнеше функциялары анықталған, мысалы діннің дүниетаным және гуманистік функциялары, адам өміріндегі рухани экзистенциалды вакуумды толықтыруға арналған.

    Қазақ жеріндегі діннің тарихи тамыры тереңде, көшпелі өмір өркениетінің өзі діни ағымдармен бағыттарға ашық болған және де дін көшпелі мәдениетімізде тұрмысты реттеуші, біріктіруші қызметтер атқарған. Ал жаңа тарихымызда кеңестік атеистік кезеңнен кейін ондаған жылдар, ұрпақтар арасындағы сабақтастығын үзіп алып, дін мен жаңа діни бағыттарға есігімізді айқара ашып, еркіндік берген болатынбыз.

    Бүгіндері сол аралықтағы еркіндік пен бос кеңістікті өздерінің саяси-діни мүдделері үшін пайдаланып толықтырып жатырған деструктивті топтар пайда болды. Осылайша, елімізде алғашқы  діни экстремистік, террористік қозғалыстардың алдыңғы қатары пайда болып, діннің атын жамылып бірнеше терактілер де ұйымдастырып та үлгерген болатын.

    Осындай деструктивті идеялардың жетегінде жүрген жастарымыз Ирак пен Сирия жерлеріндегі дін үшін деген желеумен болып жатырған қарулы қақтығыстарға да қатысып жүр. Мемлекет пен оның қауіпсіздік мәселесінде өзекті тақырыпқа айналып отырған діни бағыт бойынша қыруар жұмыстар жүргізіліп, мемлекет пен ресми билік құқықтық құралдары мен идеологиялық жұмыстары арқылы, барлық бағытта деструктивті қозғалыстарға қарсы жұмыстар жүргізуде.

    Қазақстанда жылдан жылға экстремистік және террористік құқық бұзушылар саны артып келеді. Соңғы ресми мәліметтер бойынша, елімізде жат ағымның жетегінде жүргендердің саны 20 мыңға жуықтайды.

    2017 жылдың өзінде Қазақстаннан Сирия мен Иракқа 870 адам аттанған екен. Оның ішінде 500 кәмелет жасқа толмаған бала бар. Олардың 260-қа жуығы қанды соғыс аумағында қаза тауып, із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Қазақстанға халықаралық террористік лагерден өткен жылы 125 азамат өз еркімен оралған, олардың 57 террорлық әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартылды. Ал жақында ғана «Жусан» операциясының аясында 247 қазақстандық, көбіне әйелдер мен балалар Отанға кері оралды. Олардың 20 шақтысының үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр.

    Пенитенциаралы институт қабырғаларында жазасын өтеп жатқандардың 3500-дейі дін ұстанушы адамдар болса, олардың 763-і сәләфилік бағытта, ал 90 адам өздерінің радикалды көзқарастарынан қайтпай отыр екен. Ал экстремизм мен терроризм баптары бойынша 400-ден астам адам қылмыскер болып танылған.

    Бұл 2015 жылдармен салыстырғанда 200 адамға кем, олардың 342-сі 5 жылдан 10 жылға дейін, 36-сы 10 жылдан 15 жылға дейін, 24-тен астамы 15 жылға бас бостандықтарынан айырылған. Жас мөлшерлері шамамен 16 мен 68 жас аралығы.

    Тағы бір өкінішті мәлімет осы терроризм мен экстремизм баптары бойынша жаза өтеушілер қатарында 11 әйел адам да бар. Яғни радикалды көзқарастардың тұманында адасу ер мен әйел деп талғамайды.

    Осы қылмыскерлердің біразы еліміздің орталығындағы түрмелерге орналастырылған болатын. Сәтпаев қаласындағы түрмеде экстремистік және террористік идея тасымалдаушыларына арнайы бөлек қылмыстық –атқару мекемесі ұйымдастырылған болатын. Алайда осындай әлеуметтік инженерия жобасы кері эффекті беріп, Сәтпаев қаласы маңына жазасын өтеушілердің жанұялары мен туыстары орналаса бастап, қала мен облыс көлемінде діни деструктивті белгілері көп элементтер пайда бола бастады.

    Мына бір статистикаға қарайтын болсақ, Еуропа елдеріндегі дәл осындай терроризм және экстремизм айыптары бойынша жазасын өтеушілердің, қанша жылдарға жазаланғандарын көретін боламыз.

    Мысалы, Грекия мен Швецияда ең ұзақ көрсеткіш 28 жылдан болатын болса, Венгрияда орта есеппен 12 жылды көрсетіп отыр. Бұл адам құқықтары мен бостандығының бастау алатын, яғни. өлім жазасы жоқ Еуропа елдеріндегі терроризм бойынша айыпталғандардың көрсеткіші.

    Ал біздің еліміздегі ең қатал деген жазаның өзі 10-15 жылды құрап отыр. Еліміздегі осы баптар бойынша жазаланғандардың әрбір үшіншісі қылмыстық кодекстің нормаларын бұзып тұрғаны бірінші рет емес (рецидив) екенін ескерсек, аталған көрсеткіш бірнеше есе аз болары сөзсіз. Енді осы арада туындайтын мәселе, осы түрмелердегі қылмыстық –атқару мекемелерінің ішіндегі радикалдану процесінің өршуі болып отыр.

    Бұл мәселе Еуропаны да, бүкіл әлемді де алаңдатып отыр.  Себебі түрмеге салып айықтырамыз деген адам айналасындағы адамдардан террорист, экстремист жасап шығарған фактілер көптеп кездескен. Арнайы зерттеу жұмыстары бойынша түрмеде отырған бір адам айына 11 адамды арбап, экстремист жасай алады екен.

    Мысалы, Франциядағы «Charlie Hebdo» журналына қарсы жасалған террористік актіні ұйымдастырушы ағайынды Куашилер нақты тапсырмаларды түрмеде отырған кезінде алып шыққан.  Жалпы соңғы жылдары террористік рекруттердің көбісі түрме мен қылмыстық жаза өтеу мекемелері жанынан шығып жатқанына қарасақ, террористік идеяларды насихаттау мен тарату жаза өтеу орындарында өте қарқынды дамып тұрғанынын байқаймыз. Бүгінде әлем бойынша 40 000-нан астам экстремистік идеялардың тасымалдаушысы болып табылатын адамдар түрмелерде өз жазаларын өтеп жатыр.

    Біздің елімізде жазасын өтеушілермен арнайы айықтыру, радикалды райынан қайтару және де профилактикалық бағыттардағы жұмыстар да жүргізіледі. Осы жұмыстарға байланысты қылмыстық-атқару мекемелерінде арнайы білімі бар дінтанушы, теолог мамандарды да жұмысқа тарту жобалары қолға алынған.

    Мінекей, осындай фактілерден кейін түрме мен қылмыстық атқару мекемелеріндегі радикалдану мен діни деструкция элементтерінің өзекті болып отырғанын көреміз. Бұрын «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейтін болсақ, бүгіндері «ел боламыз десек, түрмемізді түзейік» деп айтатын жағдайға жеттік.

    Дінтанушы, тәуелсіз сарапшы – Снадин Асылбек