Елордалықтар «Абай әлеміне» саяхат жасады (ФОТО)

    301

    Нұр-Сұлтан. 23 тамыз. KAZISLAM – Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Руханият» орталығы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын кең көлемде атап өтуге бастама ретінде «Абай әлемі» рухани-тағылымды іс-шарасын өткізді.

    Елордадағы «Абай» ескерткішінің алдына жиналған көпшілік қазақтың біртуар ойшыл ақынын еске алып, рухына тағзым етті. Абайтанушы ғалымдардан бастап, елімізге белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, зиялылар мен әкімдік қызметкерлері, қала тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысқан жиын Абай Құнанбайұлының құрметіне қойылған ескерткіш алдына гүл қоюмен басталды.

    –Ұлы Абайдың қара сөздері күні бүгін де ұрпақтың жадында жаңғырып тұр. Биылдан бастап қазақтың бас ақынының 175 жылдық мерейтойына дайындық басталып кетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желілердегі Абай өлеңдерін жатқа оқу челлендж эстафетасын зор қуанышпен қабылдап, тұтас ел болып ұлы ақынның 175 жылдығын атап өту жөнінде бастама көтерді.

    Елордамызда 1997 жылы Абайдың атына үлкен даңғыл берілген еді. Қазір баршамыз жиналып тұрған бұл көше қаламыздағы ең ірі көшелердің бірі. Алдымыздағы Абай Құнанбайұлы ескерткіші 2010 жылы ашылған.

        Қала әкімдігінің бастамасымен «Адамзаттың Абайы» фестивалі бастау алып, оның аясында дәрістер, ғылыми-танымдық, рухани-тағылымды, әдеби-мәдени іс-шаралар өткізілуде. Нұр-Сұлтан – Қарқаралы – Абай – Жидебай – Семей бағытында «Ұлы Абайдың ізімен…» рухани сапары» ғылыми-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды. Осының барлығы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының бастауы іспеттес. Ендігі жылы бұдан ауқымды көптеген ілкімді істерді атқарамыз, — деді Б.Мәкенұлы.

    Аталмыш іс-шара «Рухани жаңғыру» мақаласының аясында, «Адамзаттың Абайы» фестивалінің негізінде өткенін еске сала кетейік.

    Шараның негізігі мақсаты – ұлы ақынның шығармашылығымен танысу, талдау және насихаттау, сондай-ақ өскелең ұрпақ бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмді қалыптастыру.

    Тағылымды жиынға Мекемтас Мырзахмет, Сұлтан Оразалин, Төлен Әбдік, Несіпбек Айтұлы, Тоқтар Әубәкіров, Марат Әбсемет, Болат Ұзақ сынды және т.б ұлт зиялылары қатысты. Мерекелік бағдарламада Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзтер ән шырқап, Мейірбек Сұлтанхан жүректен шыққан арнауын паш етті. ҚР Прзидентіне челлендж жолдап, Абай өлеңдерін оқудан эстафета таратқан Ләйлім-Шырақ Ерланқызы ақынның жырларын оқыды. Жас өренге Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен естелік сыйлық табыстады.

    Абайдың шөбересі, Ақылбайдың немересі Ләйлә Мұқлисқызы

    Сондай-ақ, айтулы шараға Абайдың шөбересі, Ақылбайдың немересі Ләйлә Мұқлисқызы арнайы қатысты. Ал Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрдың әртістері Нүркен Өтеуіл мен Қасымхан Бұғыбай Хәкім Абайдың өлеңдерімен қоса қара сөздерінен де үзінді оқып, рухани жиынға қатысушыларды Абай әлеміне саяхат жасағандай әсерге бөледі. 

    Жиын соңында келген көрермендерге ашық микрофон ұсынылып, қатысушылар өздерінің тілектерін білдірді.