Бақытжан Меңлібекұлы, қоғамдағы діннің рөліне қысқаша тоқтала кетсеңіз?

– Бүгінде руханият саласында, қоғамда діннің рөлі мейлінше үлкен және ол Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатында маңызды факторға айналды.

Әртүрлі әлеуметтанулық зерттеулерге қарағанда, Қазақстан халқының 60-тан 90 пайызға дейінгі бөлігі дінге сенеді, әрине, олардың басым бөлігі діни ғұрыптарды атқармайды.

Сондай-ақ, халықтың бір бөлігін дінге сенбейтін атеистер мен агностиктер құрайды. Елдің конфессиялық картасы барынша құбылмалы болып отыр, сондықтан діни болмысты үнемі мониторинг жасап, бақылауда ұстау қажет, дін саласындағы мемлекеттің превентивті қадамдарына үлкен көңіл бөлу керек.

Бүгінгі діни ахуалға нақты қандай баға бересіз?

– Діни фактордың қазақстандық қоғамға әсері әрқилы болып отыр, біржақты айқын формасында көріне бермейді, сондықтан қоғамдық сана оны қарама-қайшылықты түрде қабылдайды.

Бір жағынан, Қазақстандағы конфессияаралық бейбітшілік пен келісім – біздің игілікті жетістігіміз және біздегі дінаралық қатынас халықаралық аренада табысты деп мойындалады, ал екінші жағынан, діни ахуал алдын-ала болжауға келмейтіндей құбылып отыр.

Отандастардың бір бөлігі бүркемеленген діни әрекеттерге барады, «дәстүрлі емес» деп аталатын діндердің, культтердің, қозғалыстардың дінге тарту үдерістері сан түрлі амал-айлаға көшкен, діндарлардың немесе діншілдердің келесі бір бөлігі діни радикалдану дертіне шалдыққан.

Діннің саясилануы нәтижесінде дәстүрлі діндарлардың рухани сабақтастығына сызат түсіп, қазақстандық жамағаттың діни бірегейлігіне нұқсан келе бастады.

Өзіңіз айтып отырған діни бірегейлікке қандай нұқсан келіп жатыр?

– Жат жерлік діни ағымдардың шиеленісті, кейде тіпті агрессивті ықпалының өсе түскен қазіргі жағдайларынан зайырлы Қазақстанның діни және мәдени келбетін түбегейлі өзгертуге деген ұмтылысты аңғаруға болады.

Діни қауіпсіздіктен тікелей туындайтын елдің рухани қауіпсіздігі мәселесі өзекті күйге түсіп отыр. Осы орайда, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың белсенділігін қажет етеді.

Діни саясат бұрынғы инертті декларациялық сипатынан арылып, мемлекеттің зайырлы негіздерін проактивті насихаттайтын реформаторлық арнаға түсуі тиіс.

Қазақстан Республикасында осы уақытқа дейін діндераралық келісім насихатталып келді және ол өзінің жемісін де берді, ал қазір мемлекет пен діндер арасындағы қатынаста зайырлылықты осы келісімнің кепілі ретінде насихаттаған жөн.

Мемлекеттің зайырлы ұстанымына қатысты не айтасыз?

– Конституция бойынша Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет, онда мемлекет пен діни бірлестіктер бір-біріне қол сұқпайтыны бекітілген.

Алайда, өмірдің шындығы алуан түрлі әрі көп өлшемді, көп жағдайда мемлекет те, діни бірлестіктер де өз позицияларын лайықты түрде ұстана бермейді.

Өзінің радикалды нұсқаларындағы дін қоғамның тұтастығы мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Оның мысалын қазіргі әлемнің көптеген елдерінен көруге болады.

Таразының бастары тең ұсталған стратегия қажет, ондағы құндылықтардың зайырлы гуманистік жүйесіне қайшы келмейтін рухани-адамгершілік парадигма ретіндегі діннің позитивті және инклюзивті әлеуеті модернизациялық бағытқа кедергі болмайды, керісінше мүдделі болады.

Бұл жағдайда дін елдің төлтумалығын сақтай отырып, жаңашылдықты қабылдауының рухани амортизаторы бола алады.

Мемлекет болса, өз кезегінде тұрақсыздандырудың саяси құралы ретінде дінді пайдалануға тырысқан заманауи қатерлердің алдын алу үшін рухани қауіпсіздік стратегиясына ие болуы керек.

Соңғы жылдары біз ислам конверсиясының куәсі болып жүрміз, бұған не дейсіз?

– Ислам конверсиясының қоғамды ыдыратуға қауқары діни шовинизм, діни экстремизм сияқты жағымсыз салдарлары бар. Қазақстандық мұсылман жамағатының діни санасын модернизациялау қажеттігі туындап отыр.

Ислами санаға Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігін, онда дін ұстану мен ар-ождан бостандығы қамтамасыз етілгендігін, діндераралық келісімнің өзіндік үлгісі бар екендігін және бұлар ел мен халықтың рухани қауіпсіздігі мен орнықты дамуына кепіл екендігін сіңіре білуіміз керек.

Ислами сананы жаңарту интегралды қазақстандық патриотизмге сүйене отырып, жалпықазақстандық және қазақи ұлттық дәстүрлермен тығыз байланыста құрастыру қажет.

Жаңартылған ислами сана дүниетанымдық плюрализм жағдайында толеранттық діни сана қалыптастыру үшін қазақстандық зайырлы қоғамның жаңашыл өнімі бола алады.

Ол үшін не істемек керек?

– Біздің ойымызша, алдымен, қазақтардың діни бірегейлігі мен діни дүниетанымы әдетте руханилыққа, ксенофилияға, прогрессивті өркениеттілікке үндейтін әрі саясаттан тыс болуды құптайтын исламның сүннеттік доктринасына сәйкес келеді.

Екіншіден, қазақ мұсылманшылдығы  мен қазақ ұлтшылдығының тарихи және өркениеттік негіздері арасында терең байланыс бар.

Позитивтілік (жағымды) қарым-қатынас пен инклюзивті (кеңпейілдік пен бауырмалдық) дүниетүсінікке негізделген дәстүрлі діни бірегейлікті қайта түлету заманауи озық либералды құндылықтарды ұлттық құнарға оңтайлы отырғызумен қатар жүрсе құба-құп.

Сонда көптеген ортағасырлық мұсылман қоғамдарының тарихы көрсетіп бергендей консервативті тұйықталу емес, зияткерлік коммуникацияға негізделген қоғамдық сана қалыптасады.

Мұндай діни сана келешекте бой көрсету қаупі бар этноцентризмге сүйенген әсіре ұлтшылдықтың үстемдігінің және Қазақстанның мұсылмандар үмбеті арасында исламның жат жерден келген эксклюзивтік түсіндірмесінің өсуінің алдын алады.

Қазіргі діни ақпараттық ағартушылық бағытында не нәрсені ескеруіміз керек?

– Дін тақырыбына қатысты кез келген аудиториямен немесе жамағатпен превентивті жұмыс жүргізгенде, сондай-ақ, діннің атын жамылған деструктивтік және экстремистік ағымдар мен олардың өкілдерін оңалту жұмыстары барысында діннің плюралистік, гуманистік және этикалық қырларын түсіндіруді тереңдетуіміз керек. Ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері осыны ескеруі тиіс.

Дәстүрлі діннің позитивті және инклюзивті қырын қарапайым діндарлар мен діншілдерге лайықты түрде жеткізе білу үшін дінтанушылар мен теологтар дін тарихынан да, дінтанулық теориядан терең білімді болуы қажет.

Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!

Пікір жазу