Елбасы діни басқарманың жаңа ғимаратымен танысты

    0
    177

    Астана. 18 наурыз. KAZISLAM – Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астанадағы жаңа ғимаратымен танысты, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

    Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қазіргі жұмысымен және алдағы жоспарымен танысты, сондай-ақ қызметкерлермен әңгімелесті.

    «Сіздердің жұмыстарыңыз үшін барлық жағдай жасалды. Біз сіздермен бірге халықтың игілігі үшін еңбек етеміз. Егер мемлекетте бірлік пен келісім болмаса, ондай елдің болашағы жоқ» деді Қазақстан Президенті.

    Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, Діни басқарманың жұмысына табыс тіледі.

    Айта кетейік, 4 қабатты зәулім ғимараттың кітапхана, акт залы, спорт залы, намазханасы, компьютер бөлмесі бар.

    ҚМДБ-ның әкімшілік ғимаратының құрылысы 2015 жылы басталып, 2018 жылдың 14 желтоқсанында пайдалануға берілді. Ғимараттың жер аумағы – 1,2 га, ал кеңсенің жалпы аумағы – 12 019 шаршы метр.

    Ғимарат 4 блоктан тұрады: А блок (4 қабат әкімшілік корпус) 8 996 шаршы метр, Б блок (4 қабат жатақхана) 2 019 шаршы метр, В блок (1-қабатта акт залы) 447 шаршы метр, Г блок (1-қабатта спорт залы) 557 шаршы метр.

    Жаңа кеңсе демеушілердің қолдауымен тұрғызылды.