Егер біреу сізді балағаттаса…

    502

    Күндердің күнінде Омар Хаямға бір кісі келіп халықтың көзінше:

    — Сен – Құдайдан безген адамсың. Сен – маскүнемсің. Сен –қарақшысың….,-деп былапыт сөздермен сөгіп, балағаттап тастайды. Жауап ретінде Омар Хаям күлімсіреп тұра береді. Халықтың арасынан бақылап тұрған, дәулетті бір жігіт Омарға келіп:

    — Сен туралы қаншама жаман сөздер айтылып жатса да, сен неге тиісті жауап қатпадың?-дейді. Омар әлгі жігіттің қолынан ұстап үйіне келеді. Үйге келген бойда Омар ескі сандықты ақтарып, ішінен көнерген, иістенген шапанды алып жігітке:

    — Мына шапанды киіп ал,-деп лақтырып жібереді. Қағып алған жігіт шапанға қарап:

    — Менің өзіме лайықты киімдерім бар. Бұл шапанның маған қажеті жоқ,-деп Омардың қолына кері қайтарады. Сонда Омар:

    — Көрдің бе? Сен иістенген, жаман халатты кигің келген жоқ. Мен де әлгі адамның маған қаратып айтқан жаман сөздерін қабылдап, киіген жоқпын. Егер адамдар саған жаман сөз айтып, сөгетін болса онда сен оны қабылдамастан, кері қайтарып жібер. Себебі, ондайға реніш білдіру – бізге лақтырған иістенген шапанды киюмен тең, -деген екен.

    Жалғас АСХАТҰЛЫ,

    дінтанушы