Дәурен АБАЕВ: Ұлтымыздың фольклорын біліп өскен ұрпақ ұтылмайды

    476

    Бүгін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін «Qazaq radiolary» ЖШС-нің  «Дала фольклорының антологиясы» атты жинағының тұсаукесеріне байланысты брифинг өтті. Руханиятымызға қосылған бірегей жоба Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Бұл туралы ulys.kz хабарлады.

    Шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті директоры Әбіл Жоламанов пен еңбек сіңірген қайраткері, ақын  Аманжол Әлтаев және «Qazaq radiolary» ЖШС-нің директоры Құрманбек Жұмағали қатысты.

    Аталған жинаққа Qazaq радиосының «Алтын қорында» 1948 жылдан бері сақталған халқымыздың мәдени мұралары, сан ғасырлық тарихқа толы шығармалары – ертегілер, батырлар жыры, айтыс өнері, шешендік сөздер, жыр-дастандар, күй-термелер және т.б енді.

    Айта кетейік, ұлттың үнжариясы – Qazaq радиосында 1959 жылдан бастап «Ертегі» айдарымен барлығы 350 хабар дайындалған болатын. Ал, кейіннен «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері», «Айдос атаның ертегілері» және «Сауық әженің ертегілері» деген атаумен жаңартылып, әр жылдары жазылған таспалар қайта топтастырылып шықты.

    Сондай-ақ, «Алтын қорда» сақталған еліміздің белгілі жыршы-термешілерінің орындауындағы 2015 жылы қайта үнтаспаға жазылған батырлар жырының 50 нұсқасы кірді.

    Ежелден келе жатқан ұлтымыздың төл өнерінің бірі – айтыстың 1960 жылдан бері сақталған  10 шығарылымы, 1950 жылдан бастап сақтала бастаған, «Салт-дәстүр» атауымен берілген — «бата», «беташар», «сыңсу», «жар-жар», «жоқтау», «жарапазан», «бесік жырлары» сынды жәдігерлер де жинаққа енгізілді.

    Сонымен қатар, жыл басынан бері «Qazaq радиосы» мен «Shalqar» радиосының эфирінен «Дала фольклорының антологиясы» атты арнайы бағдарлама тыңдарманға жол тартқан болатын.

    Халқымыздың өмірін бейнелейтін, қиял-ғажайып негізге құрылған құнды шығармалар осылайша жалғасын таппақ.

    Дәурен АБАЕВ, Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

    Біз бүгін «Дала фольклорының антологиясы» деп аталатын ерекше жобаны сіздердің назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.  Бұл антология біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де өте құнды жәдігерге айналатыны белгілі. Жүз жылға жуық тарихы бар Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған рухани мұрамызды жарыққа шығару да өте маңызды әрі елеулі оқиға деп ойлаймын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласы осы екі томдық ауқымды жинақты шығаруға түрткі болды. Мақалада: «Бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады» делінген. Ең алдымен бұл жоба арқылы балаларымыздың санасына бабаларымыздың бай мұрасын сіңіреміз. Ұлы даланың, Ұлы ұлтымыздың фольклорын біліп өскен ұрпақ ешқашан ұтылмайды.

    Өйткені біздің ертегілерімізде, батырлар жырында аңыз-әфсаналар арқылы ұлттың мұраты, бабалар аманаты, даланың кеңдігі, қазақтың дархан да жауынгер болмысы бейнеленген.

    «Дала фольклорының антологиясы» жинағының тағы бір ерекшелігі — бұл кітаптың ішіндегі арнайы дисклерге жинақталған әндер, алғашқы орындаушылардың үнімен түпнұсқа қалпында еніп отыр.

    Жинақта ХІХ ғасырдағы халық композиторларынан ән үйреніп, олардың біздің заманымызға дейін үзілмей жетуіне үлес қосқан барлық өнерпаз қамтылды.

    Атап айтқанда, Әміре Қашаубаевтың «Балқадишасы», «Дударайы», «Жалғыз аршасы» мен «Бесқарагері» бар. Кенен Әзірбаевтың «Көкшолағын», «Бозторғайын», «Бұлбұлға» және «Домбырасын» тыңдай аласыздар. Манарбек Ержанов, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев сынды дауылпаз әнші-жыршылардың әндері де осы жинақта сақталды.

    Тағы да басқа таңғажайып әнші-жыршыларымыздың өз дауыстарымен орындаған әндерін де осы жинақтан табасыздар.

    Сондықтан бұл антология жан-жақты насихатталатын болады. Осындай құнды жәдігерлер, керемет рухани мұра «Алтын қорда» сақталып қана жатпай ұлт үшін, келешек ұрпақ мүддесі үшін қызмет етуі қажет.

    Осы мақсатта – «Алтын қор» деп аталатын арнайы сайт та құрылмақшы. Сол интернет портал арқылы, еліміздегі ғана емес, өзге мемлекеттерді мекендеп жатқан қалың қандастарымыз да, қазақ фальклорын зерттеп жүрген шетелдік мамандар да өзіне керек деректі алуға мүмкіндік болады.

    Осы антологияны құрастырған, үлкен еңбек еткен шығармашылық ұжымға, Қазақ радиосының басшылары мен қызмкеткерлеріне көп алғыс айтқым келеді.