Дін ұстану еркіндікті шектей ме?

    267
    @ egemen.kz

    «Өзін өзі білген ер – бақытты,
    Өзін өзі билеген ел
    – бақытты!» (мақал)

    Еркіндік – ар-ұят, ақыл-парасат, мейір-махаббат, тәубе, уәдеде тұру, жауапкершілік, алаң (дау) секілді негізгі рухани қасиеттеріміздің ажырамас бір бөлігі. Адам баласына берілген сансыз нығметтердің бірегейі!

    Иә, еркіндікке ұмтылу, азаттықты аңсау – адамның табиғи қасиеті. Тартысқа толы адамзат тарихына қарасақ, күрестің мазмұнын ұлттар мен ұлыстардың азаттыққа ұмтылу ісі құрағанын көреміз. Иә, өзің сияқты жаратылған пендеге құл болу – шындығында да, бұл дүниенің қорлығы. Алайда, еркіндікке жету, азат болу – тек біреудің немесе бір нәрсенің билігінен құтылу ғана ма? Адамның еркін тек жамандық қана шектей ме?..

    Басты түйін мынада: Бодан адам бақытты бола алмайды. Бірақ, азаттықты әркім әрқалай түсінеді. Біреулер үшін ол – нәпсілік қалауларды қанағаттандыру болса, басқалар үшін – Ар мен заңға бағыну…

     «Дінді ұстану – еркіндігіңді шектейді» деген пікір бар. Бұл – байыбына жетпей үстірт айтылған бәтуасыз пікір. Өйткені, еркіндік деген – ойыңа келгенді істеу емес. Ойға келгенді істей беру – ақылынан ауысқандардың немесе құмарлығына құл болғандардың тірлігі. Байқап қараған адам өмірдің ережелер мен шектеулерге бағынатынын байқайды және тек сонда ғана реттілік пен тәртіп, береке мен бірлік болатынын бағамдайды.

    Мемлекет заңы, адамгершілік қағидалары мен қоғамдық әдеп нормалары, тіпті отбасындағы әдеттер – адамшылыққа қажет шектеу мен ережелердің көрінісі.

    Ал, дін дегеніміз – осы қағидалардың бастау алып жатқан қайнар көзі, адамның рухани дамуының ажырамас тірегі. Білген адамға хақ дін Исламның қағидасын ұстану – шынайы еркіндіктің кепілі. Өйткені асыл дініміздегі үкімдер мен тиымдар адам баласының ақылын, ұрпағын, денсаулығын, мал-дүниесін, өмірін, сенімін және абырой-беделін сақтауға бағытталған…

    Мұсылмандық түсінік бойынша еркіндік дегеніміз – тазалық деген ұғыммен төркіндес. Яғни, өзінің әу бастағы табиғи тазалығын сақтаған адам «еркін адам» болып есептеледі. Бұл жөнінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) «Әрбір сәби дүниеге пәк табиғатымен келеді» деген мағынадағы хадисі бар. Бұған түсіндірме берген ғалымдар: «Әрбір адам жақсылықа бейім күйде және тек Алла Тағалаға ғана құлшылық жасау қажеттігін анық сезінген халде дүние есігін ашады», — дейді.

    Ал, табиғи тазалықты сақтау дегеніміз – бойың мен ойыңды арам нәрселерден сақтап, жүрегің мен тілегіңді бір Аллаға ғана бағыштау дегенді білдіреді.

    Адам баласының осы табиғи жаратылысы жөнінде Құран аятында былай делінеді: «Ханиф ретінде жүзіңді Ислам дініне бұр. Алла жаратқан адам баласының табиғи болмысы сондай. Алланың жаратылысы еш өзгермейді. Осы тұп-тура дін. Бірақ, адамдардың көбі түсінбейді». ( «Рум» сүресі, 30-аят.)

    Ислам адамның тәнімен де, жанымен де азат болуын мақсат етеді.  Қасиетті Құран аятында Құдіретті де Мейірімді Иеміз адам баласын ардақтағанын, барлық жаратылыстан артық қылып жаратқанын айтты және сол ерекше құрметтің өтеуі ретінде тек Өзіне ғана құлшылық жасауды бұйырды. Алайда, өзге жаратылыстардан артық болғанымен, адам баласы да – мұқтаж жаратылған пенде. Өз еркі өзінде сияқты көрінгенімен, көп жағдайда ол – орта мен жағдаяттың тұтқыны.

    Ал әлсіздігін сезінген пенде бір нәрсеге арқа сүйемей, өзінен күштіні пана тұтпай тұра алмайды. Табиғат құбылыстарынан бастап, өскен ортасының әсері секілді істердің ықпалында өскен пенде, санасыз түрде болсын, өзі «құдіретті» деп таныған нәрсесіне табына бастайды.

        «Алла Өзін білімменен құт етеді,

        Қайырсыз надандықты жұт етеді.

        Білімді үйренбеген талай қауым,

    Құдайды қолдан жасап, пұт етеді», — деп Ахмед Иүгінеки бабамыз жырлағандай, әртүрлі хайуандар мен адамдарды бейнелейтін тастан немесе ағаштан жасалған мүсіндер ғана емес, жалған теорияға сүйенген жалаң ғылым мен өнер де, партиялар мен көсемдер де, тіпті ғалымдар мен әулиелер де пұт-идол дәрежесіне көтерілуі бек мүмкін. Негізі, ең үлкен пұт – атақ пен ақша, билік пен мәртебе аңсаған өз нәпсіміз…

    Ұлы Жаратушыға ортақ қосып, өзге бір нәрсеге құлдық ұруды атадінімізде «Аллаға серік қосу» күнәсі деп атайды. Құдайға серік қосудың зардабы жайлы аятта былай делінеді: «Шын мәнінде, Алла Тағала Өзіне серік қосқанды кешірмейді. Одан өзгесін (басқа күнәларды) кімге қаласа, кешіреді. Ал, кімде-кім Аллаға серік қосса, онда ол зор күнә жасады».  («Ниса» сүресі, 48-аят.)

    Санаға салып сараптасаңыз: шын Құдайдан өзгеге құл болу – надандық пен қорлықтың көрінісі; өзіңді өзің қорлағаныңның көрінісі.

    Исламдағы азаттық – осы қорлықтан құтылуды, адамға тән биік дәрежеңді қайтаруды білдіреді…

    Асыл дініміз Құдайын танып, құлшылығын жасаған адамды – шайтан мен нәпсі тұмшалаған надандықтың қараңғы қапасынан  құтылған «азаткер» деп таниды. Ондай адам өзінің жаратылу мақсатын орындаған адам болып табылады! «Жын мен адамзатты тек Маған ғана құлшылық жасаулары үшін жараттым» («Зәрят» сүресі, 56-аят.).

    Бұл аятты дұрыс түсіну («құлшылық» ұғымын дұрыс ұғынған жағдайда) адам баласына берілген еркіндік қасиетінің мәнін түсіндіреді; «Құлдар ғана – азат!» деген Хафиздің сөзін айшықтайды…

    Жан-дүниесі бостан адамның ешкімге құл болмайтындығы және ешкімді де құл қылғысы келмейтіндігі анық. Өйткені, өзінің адамдық болмысын таныған, яғни өзінің Алла Тағаланың құлы екенін түсінген, өзінің басқа пенделерден еш айырмашылығы жоқ екенін, артықшылығы мен кемшілігі – Жаратушы Иесінің қалауы әрі сынағы екенін түсінген адам өзін де, өзгені де сыйлай алады.

    Сондықтан еркіндіктің ажырамас серігі – кішіпейілдікпен астасқан теңдік сезімі. Мысалы, хазіреті Әли (Ол кісіге Алла разы болсын!) Мысырға тағайындалған әкімі Мәлікке айтқан өсиетінде елді әділдікпен басқаруды айрықша ескертумен қатар: «Жүрегіңде халыққа деген мейірім отын жақ, сүйіспеншілік пен жақсылықты өзіңе нышан ет. Оларға қатыгез болма. Өйткені, олар мына екі топтан тұрады: бірі – діндес бауырың, екіншісі – жаратылыс тұрғысынан сенімен теңдес», — деп қол астындағы бұқараға  мейірімді болуға үгіттеген.

    Азат адам ғана өзгенің еркіндігін қадірлей алады. Осы тұрғыда екінші халифа болған хазіреті Омардың (Оған Алла разы болсын!) Мысыр әміршісіне айтқан ескертуін еске түсірсек болады. Әміршінің баласы ашу үстінде басқа діндегі жігітті «құл» деп тілдегенін естігенде, хазіреті Омар оның әкесіне: «Сендер қашаннан бері азат болып туылған адамдарға құл ретінде қарай бастағансыңдар?» — деп зілді сауал тастайды. Осы арқылы Пайғамбар өнегесін тікелей алған халифа адамдардың шыққан тегіне, дініне, әлеуметік жағдайына қарамастан, олардың еркіндігіне ешкімнің қол сұғуына хақысы жоқ екендігін түсіндіреді. Бұл оқиғаның соңы шағымданған жігіттен кешірім сұраумен аяқталады.

    Байқасаңыз, белгілі бір дәрежеде, біздің қалау және таңдау еркіміз бар. Осы тұрғыдан алғанда, еркіндік дегеніміз – ерік қалауыңды басқара білу әрі таңдау жасай алу. Қалауымыз рухани өзектен, таңдауымыз ар-иманның талабынан шығып жатса, еркіндіктің мәні ашылып, мағынасын тапқаны! Әйтпесе, өзегі нәпсісіне байланған пенденің қалауы мен таңдауы жануардың деңгейінен аспайды.

    Азаттықтың басы – ақылды жүрекке байлау, яғни суық ақылды ар-иманға бағындыру. Абай хакім «Нұрлы ақыл» деп атаған осы сау ақыл мақсатты айқындап, ерікті іске қосады. Яғни,  шынайы еркіндік – нәпсінің артық қалауынан азат болып, Аллаға ғана құл болғанда қол жететін меже. Осы тұрғыдан келгенде, еркіндік – еркіңді шариғат шеңберіне, ислам талабына бағындыру деген сөз.

    Еркіндік – жауапкершілікпен егіз ұғым. Өйткені: бұл өмір – сынақ! Тұлғаның ішкі еркіндігі оның жауапкершілігімен шектелмейді, керісінше, жауапкершіліктің арқасында мәнді мазмұнға ие болады. Басқаша айтсақ, жауапкершіліксіз еркіндіктің мәні жоқ. Яғни, адамға еркіндік бір нәрседен азат болу үшін ғана емес, бір нәрсеге (Алла разылығына, мәнге, хикметке) жету үшін берілген, харекет үшін берілген! Еркіндік ар-ұятқа сүйенсе – әділ болады, махаббатқа сүйенсе – шаттыққа бөлейді. Осындай Еркіндік – ерліктің кепілі!..

    Біздің түсінуге тиіс тағы бір мәселеміз: қаншалықты еркінбіз? Еркіндігіміздің шекарасы қайда? – деген сұрақтар. Әрине, адамдағы іс-әрекет еркіндігі шектеулі: бұл еркіндік Тағдыр шеңберінің ішінде көрініс табады. «Жазмыштан озмыш жоқ» дегеніміз осы.

    Алайда адамда позиция еркіндігі, яғни басқа түскен жағдайға қатысты ұстаным еркіндігі бар! Басыңызға келген жағдайда сабыр мен разылықты таңдайсыз ба, әлде қайғыру мен күйінуді, езілу мен мүжілуді таңдайсыз ба? – тек сіз ғана шешесіз! Сіздің білім-талғамыңыз шешеді! Сондықтан нәпсі шырмауына шатылған пенденің еркі сыртқы жағдаяттар мен құмарлық қысымына тәуелді болса, тұлға сатысына жеткен азаматтың ерік қалауы мақсаттары мен құндылықтарына бағынады…

    Иә, еркіндік дегеніміз – талғамыңды Тәңірінің қалауына сай тәрбиелеу; жан-дүниеңді жаман қылық, жағымсыз ойдан тазарту; жағдайдың қысымы мен көңіл-күйдің әсеріне байланбау; талғамыңа сай қалауыңды бағыттау; тағдырың ұсынған таңдауда ар-иманың мен ақылыңның айтқанын істеу; шарасыз қалғанда ұстамыңа бекем боп, дұғаңды дұрыстау. Түйіндесек: Еркіндік дегеніміз – тәуекел мен шүкірлік! Яғни, мақсатыңа ұмтылғанда қолыңнан келгеннің барлығын істеп болған соң, қалғанын һәм нәтижесін Аллаға тапсыру; сол нәтижеге разы болу: хикметін ұғынып, мәнін түсініп, алғысыңды айту…

    Ақиқатында, азат адам арына сүйенеді, Алласына бағынады! Ашуын тізгіндеп, ақылына қамшы басады! Нәпсісін ерттеп мініп, жүрегін би қылады! Құмарлығын тұсаулап, қайратына жем береді!

    «Малым – жанымның садағасы, Жаным – арымның садағасы»,  «Бірлік қайда болса – Ерлік сонда, Еркіндік қайда болса – Елдік сонда», «Еңкейіп түсер еңістен еркіңмен шыққан өр артық, еңкеңдеп өткен өмірден көсіліп жатар көр артық!» деп, Бір Алладан басқаға құл болуды ар көрген аталарымыздың асқақ тұлғасы мен асыл мұраты – бізге де меже болғай! Еркін Ерлерден құралған Ел – ешкімге құл болмас!..

    Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

    Пікір жазу