Дін қызметкерлерінің этикасы мен жауапкершілігі талқыланды (ФОТО)

    363

    Жуырда Павлодар облысы бойынша өкіл имамы, «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлы облыс, қала, аудан, ауыл имам-молдаларының басын қосып «Имам – иман айнасы» тақырыбында алқалы жиын өткізді, деп хабарлайды ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз қызметі.

    Жиынға ҚМДБ-ның  Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет арнайы келіп қатысқан. Сонымен қатар, облыстық діни істер басқармасының басшысы  Закарьянов Дәулет Қоқанұлы қатысып өңірдегі қазіргі діни ахуал туралы қысқаша таныстырып, имамдардан қойылған сұрақтарға жауап берді.

    Н.Есмағанбет өңірлік қала, аудан, ауыл мешітінің барлық дін қызметшілері түгелдей бас қосқан келелі жиында ҚМДБ-ның Бас мүфтиі Серікбай Сатыбалдыұлының тапсырмасын ортаға салып, дін қызметкерінің этикасы мен әдебі, жауапкершілігі жайлы, жұмыс барысында кездесетін өрескел әрекеттердің себебі мен салдарын талқылады.

    Сондай-ақ ҚМДБ-дан бекітілген төрт құжаттың бірі «Имамның тұлғалық келбеті» және «ҚМДБ қызметкерінің этикасы» тәлімдік анықтамалығы аясында дін қызметкерлерінің міндеттері мен қызметтеріне және қоғамдық ортадағы бейнесі мен дінді көркем насихаттау шеберлігіне қатысты талаптар мен ережелерді толығымен ашып түсіндірді.

    Ал, өкіл имам Жолдас Қоспақұлы қала, аудан, ауыл имамдарына имамдық қызметтің жауапкершілігі, өткен Рамазан айы қарсаңында атқарылған келелі істер,  мешіт тазалығы, сабақтар мен дәрістердің өтуі, имам этикасы және өзге де өзекті мәселелерге қатысты бірқатар ескертулер жасап, тапсырмалар берді.

     

    Оған қоса, «Жастар ісі», «Әйелдер-қыздар» секторларының жұмыстары пысықталып, ҚМДБ «Зекет» қайырымдылық қорының «Ел үлесі пәтерге» жобасының мақсаты мен қызметі, «Еріктілер» қозғалысын өрістету, тағы басқа көптеген іс-шаралар туралы таныстырылды.

    Жиын соңында бір пәтуаға ұйысқан имамдар мен дін қызметшілері алда атқарар  ауқымы кең ізгі істеріне сәттілік тілеген  бата жасап тарқады.