Аталған тақырыптың өзектілігі – Қазақстан қоғамының дін саласындағы қазіргі таңдағы үдерістері шеңберінде мемлекеттің діни бірлестіктермен, конфессиялар арасындағы және конфессияішілік қатынастардың үйлесімді моделін қалыптастырумен анықталады.

Жалпы тарихи дамудағы мемлекет пен діннің қарым-қатынасын алып қарар болсақ, ол бір-бірімен өзара байланысты көптеген факторлардың ықпалымен пайда болатынын және әртүрлі тарихи жағдайларда өзіндік сипаттағы ерекше формада көрініс табатындығын көрер едік.

Әрбір елде тарихи қалыптасқан мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастар, ең біріншіден, мемлекеттік институттар мен институтталған діни құрылымдар арасындағы қарым-қатынастардан тұрады. Аталған қатынастардың негізінде діннің қоғамдағы орны мен қызметтері және осы саладағы қатынас субьектілерінің құзіреттері мен қызмет атқаруларының заң жүзінде бекітілген түсініктері жатыр. Мұндай түсініктер ішкі қоғамдық шынайылыққа байланысты әрбір елде әртүрлі сипатқа ие болатыны айтпаса да түсінікті.

Яғни, кез келген қоғамдағы дін мен саясаттың арақатынасына сол қоғамның тарихи және ұлттық жағдайлары мен ерекшеліктері, діннің ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық мәртебесі, билік түрлері, саяси режимдер, экономикалық, мәдени факторлар ықпалын тигізеді және олар соған сәйкес қоғамдық-мәдени ерекшеліктерді қалыптастырады.

Мәселен, Еуропа кеңістігіндегі елдердің әрқайсысының дін саласында өзіндік ұлттық ерекшеліктері бар. Бірқатарында мемлекеттік немесе ресми бекітілген шіркеулері бар болса, екіншілерінде қатаң мемлекеттік секулярлық саясат жүргізіледі.

Десек те, еуропалық үлгідегі мемлекетте діннің не шіркеудің ұлттық түрде көрініс табуы қалыпты жағдай, өйткені ондағы мемлекеттердің тарихи дамуы ұлттық сипатқа ие болған белгілі бір конфессиялармен тығыз байланыста дамыды. Осы жерде Еуропа тарихындағы белгілі бір ұзақ кезең мемлекеттегі саяси билік пен шіркеу билігінің қоғамдық ықпал орнату және оны сақтау мақсатында бір-бірімен жүргізген күресімен өткенін де ескеру қажет.

Ал дін қарым-қатынастарының тарихына келер болсақ, біздің жеріміздегі мемлекет – оның да өзіне тән ерекше жағдайларда қалыптасқаны сөзсіз. Осы орайда, қазақ халқының мәдениеті мен мемлекеттілігінің қалыптасуында ислам дінінің маңызды орын алғандығы және оның халқымыздың жартылай көшпенді мәдениетіне сәйкес басқа мұсылман халықтарымен салыстырғанда өз ерекшелігімен көрініс тапқаны да талас тудырмайды.

Қазақстандағы діни жағдайдың тарихи дамуын зерттеген жекелген ғалымдар ислам дінінің бір жағынан қазақ мәдениетінде өз өміршеңдігін көрсеткенін, екінші жағынан оның еліміздің өмірінде айтарлықтай маңызды саяси рөлінің болмағандығын көруге болады деген тұжырым жасайды.

Олардың ойы бойынша, ислам діні кеңінен таралған қоғамдармен салыстырғанда қазақ даласындағы ислам діні жергілікті халықтың өмір сүру салтына байланысты қоғамдық өмірдің барлық салаларын жан-жақты реттейтін тұтас жүйеге айнала алған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, далалық демократия қоғамдық қатынастардағы исламның рөлі мен қызметтерін өзіне бейімдей алды деуге болады.

Жалпы қазақ мемлекетінің бастауында тұрған хандық жүйенің мұсылмандық құқықтық нормаларға жүгінгені сөзсіз. Мұны Тәуке ханның «Жеті Жарғы» заңдар кодексінде әкімшілік, қылмыс және азаматтық құқық нормаларының айтарлықтай дәрежеде шариғатқа негізделгенінен де көруге болады. Әрине, одан кейінгі Ресей империясы құрамында және кеңестік жүйеде болған тарихи кезеңдер қазақ қоғамындағы діни дәстүрдің біршама үзілуіне және ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық және діни бірегейліктің айтарлықтай шайылуына алып келді.

Осы тұрғыдан айтар болсақ, бүгінгі қазақ қоғамындағы мемлекет – дін қатынастары дәстүрлі кезеңдегі, кеңестік замандағы және бүгінгі таңдағы зайырлы ұстанымдардың симбиозын құрайды деуге болады.

Мемлекет – дін қатынастарын зерттеп жүрген батыс ғалымдары мемлекет пен діни ұйымдардың қарым-қатынастарының қалыптасуы мен олардың белгілі бір бағытта дамуына басқа да факторлар әсер етеді дейтінін, мәселен, азаматтардың осы саланың дамуына қатысу үрдісі де маңызды орын алады деп есептейтінін айта кету керек. Мұндай көзқарастар қазіргі әлемдегі демократиялық институттар мен құндылықтардың ықпалымен пайда болғаны анық.

Жалпы өткен тарихи кезеңдерде әрбір мемлекет тек бір ғана дінге басымдық беретін қоғамдық қатынастарды қалыптастырса, бүгінгі таңдағы демократиялық жүйедегі мемлекеттер қоғамда қызмет атқарып отырған барлық діндермен теңдей қатынасқа түсетін діни плюрализмді басшылыққа алатынын ескеру қажет.

Яғни, зайырлы мемлекет қағидаларын басшылыққа алатын демократиялық қоғам ғана түрлі діндерді ұстанатын немесе дінді мүлдем ұстанбайтын өз мүшелерінің діни сенімдеріне құрметпен қарап, діни бірлестіктердің қолданыстағы заңнамалар мен халықаралық құқық нормалары аясында өз ұстанымдарына сәйкес өмір сүрулеріне мүмкіндік туғызады.

Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, оның ең қымбат қазынасы адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатыны анық-қанық атап көрсетілген. Бұл өз кезегінде, азаматтарымыздың өзі қалаған дінге сенуі не сенбеуі олардың конституциялық құқықтарының қатарынан орын алатындығын білдіреді.

Конституциямызда көрініс тапқан осы қағидалар Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында мемлекетіміздің әр адамның ар-ұждан бостандығы құқығын растайтыны, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретіні нақты көрініс тапқан.

Біздің елімізде діни бірлестіктердің еркін қызмет атқаруы еліміздің заманауи құқықтық мемлекет ретінде орнығуы мен қызмет атқаруының негізін құрайтын қағидат болып табылады және тіркеліп қызмет атқарып отырған барлық діни бірлестіктердің теңдігі және олардың діни ұстанымдарына тәуелсіз теңқұқықтығы мемлекетпен қамтамасыз етіледі.

Осы ретте еліміздің дін саласын реттейтін қолданыстағы заң преамбуласында ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитыны, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтіні көрініс тапқанын айта кету керек.

Бұл ұстаным жоғарыда аталған дәстүрлі діндердің халқымыздың өмірінде алатын мәдени мәнін ғана айшықтайды және ол басқа діни бірлестіктердің заң алдындағы теңдігін бұзбайды, өйткені қолданыстағы заң дәстүрлі діндерге қатынаста құқықтық немесе қаржылық артықшылықтар бермейді. Мемлекет ислам мен православиеге және өзге конфессияларға теңдей дәрежеде құрмет танытады.

Жалпы, елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті діннің жоқтығын дін саласын реттеудің ұлттық ерекшелігі ретінде анықтауға болады. Бұл біздің еліміздің ар-ождан және діни сенім бостандығын шынайы қамтамасыз ететіндігін, азаматтардың өз еркімен және қандай да бір мәжбүрлеусіз дінге қатынасын анықтай алатынын немесе өзін қандай да бір дінмен байланыстырмай және белгілі бір діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүре алатындығын білдіреді.

Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастырудың осындай ұстанымы еліміздегі мәдени және дүниетанымдық саналуандылық пен плюрализмді орнықтыру мақсатына толыққанды сәйкес келеді.

Демек, зайырлылық қағидатын ілгерілете түсу – Қазақстанның заманауи құқықтық мемлекет ретінде өмір сүруі мен қызмет етуінің негізгі өлшемі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткеніндей, «..еліміздің болашағы мемлекет пен қоғамымыздың баянды дамуына қолғабыс ете алатын зайырлы мемлекетке тұғырланады». Сондықтан еліміздің Конституциясында көрініс тапқан зайырлы құндылықтарды ілгерілету Қазақстанның заманауи құқықтық мемлекет ретінде өмір сүруінің негізгі өлшемі ретінде қала береді.

Мейрам ӨТКЕЛБАЙҰЛЫ,
сарапшы

Пікір жазу