Бүгінгі таңда ғылым мен технологияның дамуы адамдардың өмір сүруін күннен-күнге жеңілдете түсуде. Бұл адам ізденісінің, қажырлы еңбек етуінің нәтижесі. Өкінішке орай, бүгінде ғылым-технологияны меңгеруде мұсылман әлемінің артта қалғаны мәлім. Мұның басты себебі дін бе, әлде оны жеткізуші пайғамбар ма?! Әрине, жоқ. Бұл мәселеде Хақ діннің де, оны жеткізуші пайғамбардың да (с.ғ.с.) ешқандай айыбы жоқ. Кінә сол Хақ діннің мәніне терең үңілмей, талаптарына лайықты түрде бірігіп еңбек ете алмаған мұсылмандарда.

Осы жерде кейбір әлеуметтанушылардың, «Дін адамды жалқау етеді», «Құдай береді деп еңбек етпей, тоғышарға айналдырады» деген сөзі ислам дінімен қаншалықты жанасады? деген сұрақтың жауабын Құран және сүннет негізінде қарастырып көрелік.

Әуелгісі, Құран: Құранда адам баласының болмысы, өмір сүрген ортасы жайлы кең сөз етіле келіп, әрбір адамның салауатты өмір сүруінің басты шарты ретінде еңбек сүйгіштік, бір саланың маманы болуы керектігі баса міндеттеледі.

Құрандағы: «Әр адамға ризығы еңбегіне ғана қарай беріледі» («Нәжім» сүресі, 39-аят) деген аяттағы «السعى» сөзі ризық іздеуді, «Ер адамдардың еткен еңбегіне қарай алар сыбағасы болғанындай, әйелдердің де еткен еңбегіне қарай алар сыбағасы» («Ниса» сүресі, 32-аят) деген аяттағы «الكسب» сөзі еңбек етуді, «(Уа, Мұхаммед!) Иман келтіріп, игілікті істер атқарғандарды сүйіншіле» деген аяттағы «العمل» сөзі жұмыс істеуді, «Ісімді жеңілдете көр!» («Таһа» сүресі, 26-аят) деген аяттағы «الأمر» сөзі істі және «Біздің тікелей бақылауымызбен кемені жаса» («Һуд» сүресі, 37-аят) деген аяттағы «الصنع» сөзі өнерді немесе бір мамандық иесі болуды білдіретін аяттар болып табылады.

Құранның көптеген аяттарында байларды малынан зекет, садақа беруге, жақын туыс-туғандарға, кембағалдарға көмектесуге бұйырады. Мұқтаждық себептермен қарыз сұрап келгендерге (қайтаруына күмәнданса белгілі шарттар аясында) қарыз беруге шақырады және қоғамға пайдалы амалдарды жасап, зиянды істерді істеуден қайтарады. Осы тәрізді аяттар адам баласы адал жолмен байып, қоғамға пайдасын тигізуі сауапты, құптарлық іс екендігін көрсетеді.

Ал Құрандағы: «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Егер сендер Раббымның рақым қазыналарына иелік ететін болсаңдар, жұмсала-жұмсала түгесіліп қалар ма екен деп қорқып, сараңдық қылар едіңдер. Расында, адам баласы өте сараң келеді», – деп айт» («Исра» сүресі, 100-аят) деген сынды аяттардан байлыққа мастанып, дүниеқоңыздыққа салынып кететіндер де өмірде көп екендігін байқауға болады. Кейбір осы типтегілер дүниесін Алла жолына жұмсаудан қашып, ақталу мақсатында «дін жатып ішер жалқаудың ермегі» деп кінәлайды. Өйткені олар дінге бет бұрса, біреуді алдап, өтірік айтып дүние таба алмай қаламыз әрі зекет және қайыр-садақа берсек дүние-мүлкіміз кеміп қалады деп қорқады. Сонымен айыпты өздерінен емес, діннен іздейді, дінді айыпты етіп көрсетуге тырысады. Бұл да жоғарыдағы дінге тағылған айыптың шығуының бір себебі десек болады.

Жоғарыда келтірген аяттардан байқағанымыздай, дін – адамдардың тең, бай, мәдениетті, салауатты өмір сүруін бәрінен жоғары бағалайды. Осы тұрғыдан бай адамдардың міндеті түрлі жолдармен кедей адамдарға көмектесіп, кәсіптеніп кетуіне жол ашу болса, кедейлер де кешке дейін қол жәйіп сұрана бермей, еңбек етіп, кәсіптенуі мұсылмандық міндеті екендігін түсіндіреді.

Алла Тағала: «Алла Тағала: «Алланың өзіңе нәсіп еткен несібесімен ақыретте бақытқа жетуге тырыс. Бұл дүниедегі несібеңді де ұмытпа» («Қасас» сүресі, 77-аят) деген. Бұл – бай болсын, кедей болсын ортақ қағида.

Әрбір адам бойындағы күш-жігерін, қабілетін адал еңбек етуге, адамзаттың игілігі жолында жұмсауы керек.

Екіншісі сүннет: Алла елшісі (с.ғ.с.) пайғамбарлық келуден бұрын да, пайғамбарлық келгеннен кейін де күнделікті жүріс-тұрысында, адамдармен болған қарым-қатынасында және жауапты болған ісін тыңғылықты етіп, жоғары деңгейде орындауында қайталанбас үлгі көрсете білді.

Оның (с.ғ.с.) еңбекті жан-тәнімен сүйетіні, шынайы ықыласымен істейтіндігі туралы қасиетті Құранда да, том-том хадис кітаптары мен өмірбаяны жайлы жазылған еңбектерде де кеңінен баяндалады.

Алла елшісі (с.ғ.с.) әрбір айтқан сөзінің өмірлік үлгісі де бойынан табылатынын айттық. Соның бір мысалы, бала кезінде сүт анасы Халиманың қойларын жаятын, кейін ақысын алып Меккеліктердің малын баққаны да айтылады. Бір сөзінде: «Мұса (ғ.с.) мен Дәуіт (ғ.с.) қой бағып жүрген кездерінде пайғамбарлық міндет жүктелді. Мен Әсуадта (ауылдың аты) отбасымның қойын бағатынмын» [1] деген. 12 жас шамасында көкелерімен бірге сауда керуеніне ілесіп Сирияға барса, 20 жасында, яғни жас кезінде Хадиша (р.ғ.) анамыздың сауда керуенін басқарып, саудада жүретін. Кейін отбасы құрғаннан кейін үйінде бос отырмай әйелдеріне көмектесіп, балаларына қарасатын. Айшадан (р.ғ.) пайғамбарымыздың отбасындағы өмірі жайлы сұрағанда, былай жауап береді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) аяқ киімін тігетін, киімдерін жамайтын, қойларын сауатын. Қысқасы сіздер үйлеріңізде не істейтін болсаңыздар, ол да соны істейтін» [2] деген.

Алла елшісі (с.ғ.с.) өмірдегі ең қиын міндетті, яғни, адамзатты екі дүниеде де бақытты ететін Хақ дінді айна-қатесіз жеткізу ісін арқалай білді. Уахи алғаш түсе бастаған күннен бастап тұрған жерінде байыз таппай әр түскен аятты тоқтаусыз қайталаумен, күн болса күн, түн болса түн сол мезетте өз қалпында айналасындағыларға жеткізуге, оларға жаттатуға және әрбір аяттың мәнін дұрыс түсінулері жолында дамылсыз еңбек етті. Діннің үлкен аманат, жауапты іс екендігін бір сәт жадынан шығармады әрі айналасындағыларға дінге берік болуларын және өзгелерге дұрыс жеткізулерін ескертумен болды. Негізі өмірде мәніне жете білген адам үшін Хақ дінді дұрыс жеткізуден ауыр іс жоқ. Дін бұрмаланған жағдайда адамдар адасады. Ал, біреудің адасуына, тура жолдан таюына себепкер болу ауыр күнәға, аманатқа қиянат етуге және өзгенің ақысына қарыздар болуға жатады. Одан өткен қасірет болмаса керек. Адам қабырғасын қайыстырар өмірдегі бұл ауыр істің үдесінен шыға білу үшін Алла елшісі (с.ғ.с.) әрдайым: «Уа, Алла Тағалам, мені күпірліктен және пақырлықтан сақтай гөр!», «Уа, Алла! Дәрменсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан және қалтыраған қарттықтан сақтай көр! Қабір азабынан, өмір мен өлімнің бүлігінен сақтай көр!» [3] деген сынды дұғаларымен үнемі Құдіретті Жаратушымен болған байланысын үзбеді әрі Алланың көмегімен ісін кемеліне келтіріп орындады. Бұл да үмметі үшін жетістікке жетудің басты шарты болып табылады.

Қорыта айтар болсақ, Ислам діні – адам баласын екі дүниеде де бақытты ететін дін.

Екі әлемнің бақыты – Аллаға сыйына отырып еңбек етумен болады. Діни мәтіндер адам баласын еңбек етуге шақырып, жалқаулықтан қайтарады.

Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адамдардың көбі денсаулықтың және бос уақыттың қадірін білмейді» [4] десе, басқа бір сөзінде: «Екі күні бірдей өткен — зиян тартуда» деп, әр күн сайын адам баласы өзін дамытып отыруға, қажырлықпен еңбек етуге үндеген.

Дінімізде адам баласы өмірін бос немесе пайдасыз іспен өткізгені үшін де Алланың құзырында жауапқа тартылады. Міне, осы тұрғыдан еңбек ету – діни міндет екендігін ұғамыз.

Сонымен қатар, қоғамымызда мұқтаж жандарға мемлекеттік мекемелер, діни орындар және рухты азаматтар өз тараптарынан түрлі қолдаулар көрсетіліп жатқаны көпке мәлім. Енді осындай көрсетілген көмекті біреулер дұрыс пайдаланып, ары қарай еңбек етіп кетіп жатса, енді біреулері жатып ішер тоғышарға айналып алғандары да жоқ емес. Өкініштісі, солар тіленшілігін діннің атымен іске асырады. Осы жерде дана халқымыздың, «Балық берме, қармақ бер» деген ұлағатты сөзін ескере отырып, көмек жасаудың бағытын жастардың ғылым-білім үйреніп, сол білімімен еңбек етіп кетуі жолына көбірек бағыттаған дұрыс. Діннің ұстанымы да осы!

Самет Оқанұлы
исламтанушы

[1] Бұхари, Әдәбул-муфрад, 1-том, 581 б.

[2] Бұхари, Әдәбул-муфрад, 1-том, 547-548 бб.

[3]Бұхари, Жиһад, 25; Дағуат, 38.

[4] Термизи, Зуһд, 1.

Пікір жазу