Діни тұрақтылық – басты ұстаным

    Тәуелсіздіктің басты құндылығы тұрақтылық. Оны ешбір игілікпен салыстыруға да, алмастыруға да болмайды. Оның баянды болуы үшін қадірін бағалай білуіміз керек.

    0
    698

    Бірде немересі атасынан «достықты не нығайтады? – деп сұрапты. Сонда атасы «достықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады» – депті. Аталған ізгі қасиеттер қай кезеңде, қандай қоғамда болмасын маңызды құндылықтар.

    Әлем жаратылысының негізі – махаббаттан, рақымшылық пен ынтымақтан тұрады. Жаратушы Құдай шексіз рақымымен бұл ғаламды жаратқанда, барлық жаратылыстың ішіне сүйіспеншілік пен мейірім-шапағаттың тұқымын сепкен. Сондықтан он сегіз мың ғаламның да, жер бетіндегі жанды-жансыздың да арасында ғаламат бір үндестік, татулық, өзара қарым-қатынас бар және ол сақталған. Табиғат заңдылықтары осы татулықтың негізінде тепе-теңдігін сақтап тұр.

    Алайда соңғы ғасырларда сол тепе-теңдікке, бірлік пен ынтымаққа адамзат кері әсерін тигізіп, әлемдегі тыныштықты өз қолдарымен бұзуда. Жер бетінде соңғы кезеңдерде орын алған қанды оқиғаларды айтуға ауыз бармайды. Бірлігі кетіп, берекесі қашқан елдердің миллиондаған тұрғындары босқын болып, бас сауғалауда. Қазақ мұндайды «бір күнгі ұрыстың қырық күнгі кесірі бар»  деп,  дөп басып айтқан.

    Тәуелсіз мемлекетіміз үшін де  бейбітшілік пен саяси тұрақтылықтың маңызы зор. Еліміздегі бірлік пен татулықтың нәтижесінде халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналдық. Сондықтан татулық пен келісім – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарынан.

    Әлемге әйгілі философ Анри Бергсон дін жайында: «Өткен тарихта және заманымызда ғылымды, пәлсапаны білмейтін қоғамды кездестіруге болады. Бірақ, дінсіз қоғам болмайды», — деген екен.

    Демек адамзат тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Адамның пайда болуынан бері өмір сүріп келе жатқан діннің халық өмірінде өзіндік мәні зор. Қашанда дін мен қоғам бір-бірінен ажырамайтын ерекше құбылыстар болып келеді. Дін – қоғамдық құбылыс, ал қоғам – мемлекеттің негізі дейді ғалымдарымыз.

    Қоғамда конфессияаралық келісімді нығайту, діндер сұхбаттастығын қамтамасыз ету, діни мәмілегерлікті (толеранттылық) дамыту – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі. Осы басымдықтардың жүзеге асуының нәтижесінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін діндердің өзара әрекеттесуінің тұрақты үлгісі қалыптасты. Сонымен қатар Қазақстанда дінге сенушілердің құқығы, дінді ұстану немесе ұстанбау еркіндігі, рухани бірлікті нығайтуға қажетті жағдайлар қамтамасыз етілуде.

    Еліміздегі діни тұрақтылық нығайып, қарапайым халықтың діни наным сеніміне шектеу қойылмай, әрбір дін өкілдері зайырлы елдің заңнамасына сай өз қызметтерін жасауда. Қазақстан Республикасы діни бірлестіктер қызметінің қорғалуын да қамтамасыз етіп келеді. Тіпті, конфессиялардың өз қызметтерін жүзеге асыру үшін де қолайлы жағдайлар жасалған. Тәуелсіздік жылдарында керемет жаңа мешіттер мен шіркеулер салынды.

    Биылғы наурыз мейрамының қарсаңында  Елбасы елорданың сол жағалауында сыйымдылығы 30 мың адамдық жаңа мешіттің іргетасын қалады.

    Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «…мұсылман елдерімен салыстырғанда теңдесі жоқ, үлкен, мұнарасы 130 метр, көлемі 57 мың шаршы метр болатын үлкен мешіт салайық деп отырмыз. Алла қабыл алсын! … Ол діни ғимарат саналғанымен, елорданың ең үлкен бір, туристер келіп көретін үлкен нысаны болады. Жақында мен Араб Әмірліктерінде болдым. Шейх бен Заидтің атынан жасалған мешітті көріп шықтым. Сол мешіттің салынғанына 3-4 жыл болса да, жыл сайын 16 млн турист келеді екен. Ішінің әдемілігі керемет. Сондықтан біз елордамызды осы жерге салғаннан кейін, осындай керемет ғимаратты осы жерде салайық деп отырмыз» – деген болатын. Бұл еліміздегі және Орта Азиядағы ең үлкен мешіт болады.

    Сонымен қатар, жақында ғана шіркеу құрылысының да іргетасы қаланды. Қазақстанның митрополиті Александр ғимараттың құрылысы алдағы үш жылда аяқталатынын, православие христиандары саны жағынан еліміздегі екінші діни қауымдастық ретінде ғибадат үйін салуға мүмкіндік алғанын қуана жеткізген болатын.

    Ғимарат құрылысы іргетасының қалануына қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев: «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ислам мен православие еліміздегі рухани келісімнің екі тірегі екенін үнемі айтып отырады. Қазақстан қашанда діндер мен мәдениеттердің ортақ үйі болған. Біздің жерімізде сан алуан этнос өкілдері бірлігі жарасып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олардың барлығы өздерінің діни рәсімдерін өткізіп, ғибадатханаларын сала алады. Ал Қазақстандағы орыстың православие шіркеуі талай жылдар бойы қоғамның рухани құндылықтарын күшейтуге өз үлесін қосып, дінаралық келісімді насихаттауда мемлекеттің сенімді серігі болып келеді» – деді.

    Дін еліміздегі бірліктің бір діңгегі әрі рухани тірегі болуына ел Президенті мен Үкіметі тарапынан ұдайы назарда ұстап келеді. Мемлекет пен дін бір-бірінен тәуелсіз болғанмен, мемлекет пен діни бірлестіктердің арасында сенімді байланыс, сындарлы қарым-қатынас орныққан.

    Мәселен Қазақстанда жалпы саны 18 конфессияны құрайтын 3700-ге жуық діни ұйым өз қызметін жүзеге асыратын болса, оның 2600-ден астамы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер құрап отыр. Мешіттердің есіктері айқара ашылып, халыққа қалтқысыз қызмет етуі мемлекет тарапынан жасалып отырған қолайлы жағдай екені айтпаса да түсінікті.

    Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметі кең қанат жайып келеді. Мемлекет тарапынан дәстүрлі діннің тұрақты дамуына жан-жақты қамқорлық жасалып отыр. Соның нәтижесінде ислам дінінің қоғамдағы рөлі артып, мұсылман жамағаты еліміздегі рухани құндылықтардың жаңғыруына, тұрақтылықтың орнығуына сүбелі үлес қосуда.

    Бір өкініштісі, бүгінде мешіт жамағатының арасында аздаған түсініспеушіліктер байқалып қалады. Кейбір дәстүрлі емес діни ағымның өкілдері мешіттің ішкі тәртібіне бағынғысы келмей, имамдармен сөз таластырып жатқан келеңсіз жағдайлардан да хабардармыз.

    Осы орайда айта кететін бір жәйт, ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі.  Бұл ереже мешіттердің ішкі тәртіп ережелерін анықтайтын негізгі құжат болып болып табылады. Ол ҚР «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңына және қолданыстағы басқа да заңнамаларының нормаларына, инструктивті құжаттарына және еңбекті ұйымдастыру саласындағы нормативтік актілерге, сонымен қатар ҚМДБ Жарғысына сәйкес дайындалған деп айтуға толық негіз бар. Әрбір мешітке келуші азамат осы қағиданы жадынан шығармаса игі еді.

    Жамағат білуі тиіс бір нәрсе еліміздегі барлық мешіттер амал әрекетін Ханафи мәзһабы негізінде орындайды. Әбу Ханифа мәзһабы (діни-құқықтық мектеп) сан ғасырлардан бері қазақ халқына сіңісті, ұлттық дағдысына айналған дәстүрлі жол болып саналады.

    Жұма намазына келушілер арасында немесе Рамазан айында мешіттерде оқылатын тарауих намаздарының 8 рәкатын бітіре салып, сыртқа тапырлап шыға жөнелетіндердің әрекетін кейде жаңадан келген көпшілік түсінбей қалуда.

    Атақты үндістандық хадис және фиқһ саласының ғалымы Мәуләна Хабиб-ур-Рахман Азми «Соңғы жүз жылдықта ғойр муқалладиндер, яғни ешқандай мазһаб ұстанбайтын адамдар көтерген айқай-шу бұрын соңды болған емес. Омардың (р.ғ.) заманынан бері бұл адамдардың тобы пайда болғанға дейін әлемде тарауық намазын 8 ракағат етіп оқыған мешіттер болған емес…» — деген.

    Біздіңше олар ханафи мәзһабына негізделген құлшылық рәсімдерін менсінбестен, өз ұстанымдары бойынша амал еткендерін көреміз. Елден ерекшеленіп Ханафи мәзһабына қайшы келетін әрекеттерден аулақ болса деген имамдар өтініші де ескерусіз қалуда.

    Олай болса, жағаны кеңге салмай, теріс діни ағымды ұстанушылардың жамағат арасын бұзатын, ауызбіршілікке нұқсан келтіретін, тіпті, араздық тудыратын істердің дәйім алдын алу керек.

    Халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан ханафи мәзһабы жамағатты бірлікке үндеген. Ислам ғалымдары төрт мәзһабтың арасындағы айырмашылықтарды да қолданып араздық туындату дұрыс емес екендігін айтады. Мұқым халық арнайы бір мәзһабты ұстанып келген болса, онда ол жерге басқа мәзһаб көзқарасын тарату арқылы халықты дүдәмалдыққа салуға болмайтынын еркертеді.

    Ғасырлар бойы ислам дінін өмірінің бұлжытпас қағидасына айналдырған ата-бабамыз бөлінуге емес, ұрпағын бірігуге үндеген. Өйткені береке-бірлігі жарасқан елді ешуақытта жау алмайтындығын білді.

    «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», — деген бабалар ұстанымын естен шығарып алмайық!

    Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,

    дінтанушы