Дінді өздерінің теріс пиғылына пайдаланғысы келетін топтар бар

    422

    Нұр-Сұлтан. 4 сәуір. KAZISLAM – Еліміздегі дін мәселесі қорқынышты жағдайда деп айта алмаймыз, дегенмен белгілі бір деңгейде алаңдаушылық бар. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков брифинг кезінде айтты, — деп жазады baq.kz порталы.

    Оның айтуынша, әлемде болып жатқан жағдайлар елімізді де алаңдатпай қоймайды. Халықаралық коалиция Сириядағы ДАИШ ұйымын жеңгенімен, олар қазір Ауғанстанның солтүстігіне шоғырланып жатыр.

    «Олар ендігі әркеттерін Орталық Азияда жүргізгісі келеді. Бұл мәселе әрине, бізді алаңдатады. Дінді жамылған кейбір топтар бар екені рас. Олар діни сауаты аз адамдарды арбап, өздерінің радикалды әрекеттеріне пайдаланады. Біз өз кезегінде азаматтарымыздың теріс пиғылды топтардың құрбанына айналуына жол бермей, жат ағымдағы адамдарды оңалтуымыз қажет», — дейді А.Есенбеков.
     
    Сөз арасында ол, орталық мамандары қоғам арасына барып түсіндіру жұмыстары жүргізіп жатқанын, сонымен қатар мешіт имамдары да осы бағытта жұмыс атқарып жатқанын айтып өтті. 

    «Қазір Алматы қаласындағы жағдай тұрақты. Дінді өздерінің теріс пиғылына пайдаланғысы келетін белгілі бір адамдар да бар. Құқық қорғау органдарымен бірге жалпы қаладағы жағдайды тексеріп, мониторинг жасап отырамыз», — дейді ол.
     
    Сондай-ақ ол, жат ағымдарды насихаттайтындар да құралақан отырмайтынын, өздерінің үгіт-насихаттарын әлеуметтік желі, мессенджер каналдар арқылы жүргізуге тырысатынын жеткізді.  

    «Бұл бағытта да жұмыстар істеліп жатыр, оларды анықтап, жауапкершілікке тартып жатырмыз. Елімізде заң бойынша адамның қандай да бір діни көзқарасын таратуына тыйым салынған. Біздегі басты мәселе үгіт-насихат жүргізетіндер шетелде отырып әрекет етеді. Біз діни сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшаларды анықтасақ тиісті органдарға жібереміз. Олар сараптама жүргізеді, кейін жабу туралы шара қолданылады», — деді орталық басшысының орынбасары. 

    Сөз арасында ол, көбінде діни білімі таяз, орта білімді әрі тұрақты жұмысы жоқ жастар теріс діни ағымдардың құрбанына айналатынын айтты.

    «Кейде білімді, жағдайы жақсы адамдар да олардың жетегінде кетіп жатады. Мәселен, жақында Сирияға кеткендерді қайтару бойынша «Жусан»  операциясы жүргізілді. Солардың қатарында білімді, материалдық жағдайы жақсы адамдар да бар. Олардың көбі эмоцияға ерік беретіндер. Яғни, «мұсылмандарды қырып жатыр, өлтіріп жатыр» дегенге қызбалықпен бой алдырғандар», — дейді ол.