Діндарлардың балаларына өз түсінік-танымдарын таңғаны дұрыс па?

    229

    Бұл мәселеге екі қырынан қарауға болады. Біріншіден бала ата-анасының ұрпағы. Дүниеге әкеліп, бағып-қаққаннан кейін кез-келген ата-ана баласының өздері ойлағандай азамат болып өсуін қалайды. Кейбірі білікті маман болса десе, кейбірі рухани бай тұлға болса екен дейді.

    Міне ата-ананың өздері ойлаған тұлғасы қалыптастыру үші баланың тәрбиесіндегі құқын ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті балаға жоспарлы тәрбие берілмеген күннің өзінде бала ата-анасынан нені көрсе соған еліктеп өседі. Әрі баланың тәрбиесінде заманың да үлесі бар.

    Ашаршылық баланы асқа қаратса, жаугершілік тасқа қаратады. Сондықтан баланың тәрбиесінде ең басты жауапты адамдар – оның ата-анасы. Бұл құққа тек баланң өміріне қауіп төнген жағдайда ғана мемлекет араласа алады.

    Екіншісі баланың жеке индивид азамат ретіндегі құқы, яғни заңдық кепілдігі. Мәселен балаға екпе салу қажетті, салмаған жағдайда оның өміріне қауіп төнетін болса және бұған ата-анасы қарсы болса, баланың өмірі үшін ата-анасының қарсылығы назарға алынбайды. Кейбір діни ағымдағылардың өлім аузындағы баласына қан құюға қарсы болғаны сияқты.

    Бұл жерде де ең басты құндылық –конституциямызда да көрсетілгені сияқты – адам және оның өмірі мен бостандықтары. Осы тұрғыдан алғанда ата-аналар тәрбиеде шектен шығып кетуге болмайды. Баланың ерекшеліктеріне қарай, сіңдіре отырып, қабылдата отырып тәрбиелеу бала үшін де ата-ана үшін де тиімді болмақ.

    Қорқытумен  шектен тыс мәжбүрлеумен балаға өздерінің түсініктерін таңу ұзақ нәтиже бермейді. Баланың өз еркі қолына тие салысымен өзінің санасындағы өмірді сүруге талпынуымен бұл ықпалдан құтылады. Сондықтан баланың балалығын тиып ауыр міндеттер жүктеу балаға жасалған жақсылық емес. Керісінше оның шынайы қалыптасуын шектеу болп табылады. Бірақ бұл шексіз еркіндікке ұласып кетпеуі тиіс.

    Шет елдерде қалыптасқан бала құқы түсігін де толық ақтауға келмейді. Бұл ата-ананың, баланың жақындарының балаға жамандық ойламайтындығын жоққа шығарады. Ақ пен қараны білмей жатып «бұл менің құқым» деген бала түсінігі көбінесе жақсылыққа апармайды, менмендікке, өзімбілемдікке соңында тәрбиелік тұрғыдан хаосқа, азғындыққа соқтырады.

    Сондықтан Абайша айтқанда: «Әр нәрсенің өз өлшемі, мөлшері бар, мөлшерінен асырсаң боғы шығады!». Бала тәрбиесінде де өлшемнен шықпай тәрбиені мейіріммен, біліммен қоса бере білу ата-ананың тәрбие шеберлігіне байланысты, әрі рухани тазалығына.

    Кеңшілік ТЫШХАН

    филос. ғ.к., дінтанушы 

    Пікір жазу