Дінге қатысты сұрақтарға жауапты қайдан аласыз?

    133

    «Қазислам» порталы осыдан бірер ай бұрын әлеуметтік желілерде «Дінге қатысты сұрақтарға жауапты қайдан аласыз?» деген тақырыпта сауалнама жүргізген еді. Нәтижесінде, сауалнамаға 479 респондент жауап берсе, оның басым көпшілігі «мешіттен» деген нұсқаны таңдаған.

    Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласының 10 мешітінде «Діни ақпарат беру орталығы» және республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде жыл басында ашылған CALL-орталық жұмыс істейді. Алғашқы бір айдың ішінде 813 қоңырауды қабылдап, тұрғындардың сұрағына жауап берген CALL-орталық жөнінде «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев былай дейді:

    – Әзірет Сұлтан» мешітінде орналасқан CALL-орталыққа ашылғалы бері шамамен 6000-ға жуық адам хабарласты. Жастар да, үлкен кісілер де, ер адамдар да, әйелдер де хабарласып, сауалдарын қойып жүр. Құлшылыққа байланасты сұрақтар жиі қойылады деп айта аламыз. Әрине, тұрғындардың діни ақпаратты мешіттен келіп алғандары дұрыс. Егер уақыты, мүмкіншілігі болмаса мешіттердің ресми сайттарына кіру, CALL-орталыққа хабарласу немесе жергілікті мешіттің телефон нөмірлеріне қоңырау шалу, мешіттің сайтында көрсетілген электронды поштаға сұрақ жолдау арқылы немесе мешіттің әлеуметтік желідегі парақшаларына сұрақтар қою арқылы діни ақпаратты алғандары дұрыс.

    Біз жүргізген сауалнамада діни ақпаратты интернеттен алам деп жауап бергендердің де қарасы қалың екенін байқаған боларсыз. Осы тұста дінтану саласындағы тәуелсіз сарапшы Асылбек Снадиннің де пікірін білуді жөн көрдік.

    –Біріншіден, бұл жерде дәстүрлі ақпарат көздерінің жаңа медиа құралдарымен бәсекеде ұтылғандығын ескере отырып, біз діни болсын немесе басқа да ақпараттарды көбіне ғаламтор желісі мен әлеуметтік желілерден алып жатқанымыз анық. Себебі, бұл тез әрі жылдам және қолжетімді.  

    Екіншіден, бұл ақпараттардың «шындық» немесе «манипулициялық» мүддеге негізделгендігін, яғни, ақпараттың мақсаты қандай, менің танымымды кеңейтіп, ақпарат беріп сауатымды ашу ма, әлде жетекке ерітіп жұмсау ма?! Осы жерде діни ақпараттардың алар орнын қарайтын болсақ, жалпы әлемде сарапшы мамандар радикалды, деструктивті діни қозғалыстардың ақпарат таратуы ғаламтор желісінде басым екендігін айтады. Иә, әрбір жаңа «шахид белдігін» жанына таңатын «рекрут» үшін ақпарат алаңындағы соғыс өз алдына жүріп жатыр.

    Үшіншіден, біздің елімізде мұндай құбылыспен қешенді жүргізіліп жатқан жұмыстар жеткілікті, құзіретті органдардың ғаламтор желісіндегі деструктивті ақпарат алаңдарын бұғаттауы, желіні бақылаудағы жаңа «биг дата» әдісімен ақпараттардың жиналуы мен сарапталуы, діни сараптамалық күш-құралдарын дамыту, профилактикалық іс-шаралар, ҚМБД-ның уағыз насихаттық қауқарының пайдаланылуы бәрі бар, керек десеңіз мемлекеттік бағдарлама да, тұжырымдамада, заң да бар, бірақ менің ойымша, біз әлі де өз азаматтармыздың қауіпсіздігі мен жаны үшін «ақпарат соғысында» ұтылып жүрміз.

    Кеше ғана «Жусан» операциясы бойынша оралған азаматтардың айтып жатқанын көрдіңіз бе?! Бір жылдай намаз оқыдым, уағыздың барлығын «интернеттен» тыңдадым деп жатыр. Кезінде бір ғана шейхтің Ютубтағы «үндеуі» Ақтөбедегі елу жігітке қару ұстатып жіберді» — дейді ол.

    Сонымен бірге, А.Снадин жуырда ғана Ф.Эберет қорының қолдауымен жарияланған «Әлеуметтанулық өлшемдегі Қазақстан қоғамының құндылықтары» деген зерттеу еңбегінде жарияланған қызықты мәліметтермен де бөлісті.

    –Зерттеу нәтижесінде «Ата-бабалармыз ұстанған ислам діні басым болуы керек» деп сұралған азаматтардың 60% болса, «Исламның таза канондарынан алыстамауымыз керек» деп 28,8% респондент жауап берген. Ең қызығы, бұл мәліметтердің географиялық градациясында, мәселен, Қазақстанның батысында «исламның таза канондарынан алыстамауымыз керек» деген тұжырым басым болса, оңтүстік пен шығыста керісінше «дәстүрлі исламды» жақтап жауап бергендер басым. Яғни, бұл зерттеулер еліміздегі діни ахуалдың нақты шынайы көз көріп жүрген өмірдегі бейнесін бере алып отыр деп ойлаймын. Сондықтан әлі де ғаламтор кеңістігі болсын, есік алды мен дастарқан басында болсын «қазақ» үшін күрес жалғасуда деп есептеймін, — дейді сарапшы.

    Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

    Пікір жазу