Досқа адалдық – рухқа адалдық

    248

    «Дос» сөзінің көтерер жүгі – өте ауыр. Қазақ достықты «дүние дос», «ақыреттік дос» деп екіге бөліп қарастырады. Дүние дос – есепті «дос»: пайда күткен, мақтан іздеген, алмасқанын айтып, ауысқанын аңдыған, есепшіл, сол себепті шектеулі, өзінің де ғұмыры есептеулі «ауыз дос».

    Пенделік бақай есеп, пасық пиғылсыз, тек Алланың разылығы үшін, яғни ақиқат, әділет, адалдық жолында, адами кемелдену, рухани жетілу жолында аманат арқалап, ар үшін күресетіндерді «ақыреттік дос» дейді. Бұл жайлы қасиетті Құранда:

     «Ол күні (Қиямет күні) тақуалардан басқа достар бір-біріне дұшпан болады» («Зухруф» сүресі, 67-аят.) — делінеді.

    Достық пен махаббат – егіз ұғым. Достықтың өзгешелігі:

     кеңдігі: бірнеше адаммен дос болу, досыңның досымен дос болу – табиғи нәрсе;

     достық – негізінен ер мен ердің, әйел мен әйелдің, яғни бір жыныстылардың арасындағы рухани құбылыс;

     достық – теңдікті талап етеді: дүниетанымның бірлігінен, арман ұқсастығынан, мінез үндестігінен, жан жақындығынан қалыптасқан нәзік көңіл алдындағы теңдік, рухани өренің теңдігі…

    Дос болу – қиындықты қиналыссыз бірге көтерісу, қуанышты қызғанышсыз бірге бөлісу ғана емес, досыңның адами абырой, кісілік келбетінің, азаматтық беделінің жоғары болуы үшін еңбек ету, уайым жеу деген сөз. Жүректің таза, ұяттың күшті кезінде бастау алған, балаң кездегі «періште қосқан» табиғи достық сезімі тек иман қуатымен ғана достық-сенімге айналады немесе «көңіл жүгін арқалаған» (Абай) жолдастыққа ауысады…

    Қазақ танымында «Құданы Құдай қосады, досты пайғамбар қосады» деген бар. Осы арада «Құдалық түсінікті, пайғамбар қалай қосады? Ширктің иісі шығып жатқан жоқ па?» деген күмән туындауы заңды. Астарлап сөйлейтін аталарымыз бұл жерде де асырып айтпапты, ақиқатын айтыпты. Бұл сөздің мағынасы: «Пайғамбар жолын, Алла елшісінің сүннетін ұстанған жандар шынайы дос болады» деген тұжырым екен.

    Достық – өзімшілдікті, пенделік «менді» (нәпсіні) құрбандыққа шалу арқылы ғана жүзеге асатын және сақталатын қасиет. Рухани жетілудің негізгі шарты: пенделік жалған «меніңнен» көтеріле, арыла білуде екенін ескерсек, достық – өмір мектебінің сырға толы сыныбы, Жаратқанның теңдессіз сыйы!

    Иса пайғамбар (Ол кісіге Алланың сәлемі болсын!) айтады:

    «Адам жанының емшісі – дос. Ақиқатын айтам сіздерге: кім шын дос тапса, ол Жұмақ нығметінің бірін тапқан адам, нақтырақ айтсам, дос – жұмақтың кілті» (Варнава жазған Інжілден).

    Міне, сол себепті: «Пайданың зоры – дос үшін шеккен зиян» (мәтел)…

    Достық туралы түсінікке Абай атамыз «дос-асық» деген жаңа ұғым енгізді. Бұл достық – тәні бөлек, жаны бір; екі кеуде, бір жүрек дәрежесіндегі көңілдердің нәзік үйлесімі, рухани туыстық хәлі. Бұл достықтың ең ғажайып үлгісі – әрбір сөзі мен ісі өнеге болған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пен хазіреті Әбу Бәкірдің (Оған Алла разы болсын!) арасындағы достық. Пайғамбарлық берілмей тұрғанда-ақ көрген жанды сүйсіндірген ұлы достық иманның нұрымен шегіне жетіп, бүкіл адам баласына үлгі болды. Бола да береді…

    Сан мәрте естіп жүрсек те, байыбына барып, бақытын сезінбеген достықтың келесі түрі, «достық» деген ұғымның құзар шыңы – Жаратушы мен адам арасындағы сыр-достық. Алла Тағала:

    «Біліңдер! Расында, Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды…» («Жүніс» сүресі, 62-аят) деп уәде берген бұл достық – мұсылманның асқаралы арманы.

    Әуелі Құдіреттің қалауы, одан кейін өздерінің жанкешті ұмтылыс, рухани ерлігімен сол дәрежеге көтерілген, халық арасында «әулие» деген атқа ие болған шынайы тұлғалар, нағыз адамдар осы ұлы достыққа лайық болған жандар еді. Бұл кісілер – «кемел адам» мұратына қол жеткізген, сол жолдағы біздің шамшырақтарымыз… Өзің сияқты ет пен сүйектен жаратылған адаммен дос болу – осы ұлы достыққа даярлық десе де болады. Өйткені өмірдің сынынан, шайтан мен нәпсінің торынан сүрінбей өту, барыңмен бөлісіп, соңына дейін сенісіп, сүйенісіп өту, аманатты адал атқару – екінің бірінің қолынан келе бермейді, өз нәпсісінен аса алмаған адам үшін достық – пенделік «менін» зорайтудың құралы ғана, қарыз болып қалмас үшін амалсыз көтерер жүк іспетті дүние. Сондықтан нәпсісін танып, өз «менін» рухына аударған адам ғана шынайы дос бола алады һәм тек осындай жандар ғана әулиелікке жете алады…

    Нағыз достық та, ғашықтық та – таза жүрек, адал көңілдің жемісі. Екеуі де – адамтанудың, өміртанудың ғажайып мектебі, адами қарым-қатынастың қандай болуы керек екенін түйсіндірер, түсіндірер тағлым. Екеуін салыстыра қарасақ, достық – ғашықтыққа тән жыныстық құмарлыққа, яғни нәпсі шырмауына байлана қоймаған, таза, рухани сәулесі мол сезім. Өз басымыз «досымнан айырылдым, ендігі тірлік не керек?» деп, өзін өлімге қиғандарды ести қоймаппыз. Ал енді хақ дін Ислам бойынша өзіне қол салу үлкен күнә екенін ескерсек, ғашықтықта нәпсінің үлесі басым екенін байқаймыз… Сірә, ғашықтық – лап еткен жалын, махаббатқа жеткізер өткел болса, достық – махаббаттың өзі. Ал махаббат пен достық – тіршілік мұратының іске асуы!..

    Қасиетті Құран Кәрімде Жаратушы Иеміз жамандық пен жақсылықтың тең емес екенін, жамандықты көркем түрде жолға салу керек екенін әрі сол кезде ғана бұрынғы дұшпаның достай болып кетуі мүмкін екенін ескерте келе, «…бұл қасиет – несібесі зорларға тиесілі» деп, сабырлы құлдарын мақтайды, ынталандырады («Фуссилат» сүресі, 34-аят.).

    Аятта айтылған осы ғажап мәртебеге жетудің жолын Инаят Хан деген ойшыл: «Дана адам әр адамға өзінің досындай қараса, ақымақ досына бөтен адам сияқты қарайды» — деп, нақтылап береді…

    Зуннун Мысри деген әулие «Кіммен дос болайын?» деген сұраққа былай деп жауап берген екен:

    «Жүрегінде дүниеге тән ештеңесі жоқ; сенің ешбір халіңді айыптамайтын, оның алдында қанша өзгерсең де, саған деген танымын, қатынасын өзгертпеген адамдармен дос бол. Өйткені ең көп өзгерген кездерің – досқа ең мұқтаж болған кездерің…»

    Достық жайлы Шығыстың жеті шайырының бірі Сағди ақын:

    «Ғанибет сол: арманы бір, анты да,

    Досың болса сыйған сенің қалпыңа.

    Сен айтатын әңгімені айтқызбай,

    Жетер болса маңызы мен парқына» деп жырласа, Абай Хакім:

    «Жүрегі жұмсақ, білген құл шын дос таппай тыншымас» деп, арманын артындағы ұрпағына аманаттап кетті.

    Достық – үлкен аманат, зор жауапкершілік. Бұны түсінген шын достардың ажырауы – мүмкін емес нәрсе. Ойлап көріңіз: егер жасырар сырымыз болмаса, аяр малымыз болмаса, біріміз үшін біріміз күйіне білсек, мейірім мен адалдықты сақтай білсек, сенім мен үмітті ақтай білсек, онда достықтың бұзылуы, жойылуы мүмкін бе?! Жоқ, мүмкін емес! Иә, дос іздеп жүрген жан – бақытты, ал досы бар адам – қанша шүкірлік айтса да, аз болатын қарыздар пенде…

    Достық – тек жеке адамның кісілік келбетін, адами дәрежесін жетілдірер иләһи сыр, рухани қуат қана емес, ұлттың Ұлт болуын қамтамасыз етер қасиет. Өйткені: тобырлықтан елдік санаға жету – тектік, қандық байланыспен қатар рухани туыстықты, саналы әрекетті қажет ететін, талап ететін үрдіс.

    Міне, сол себепті екі дүниенің сұлтаны пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Махаббат жоғалса – ұрпақ азады, достық жоғалса – қоғам азады» деп ескертсе, ұлт ұстазы Абай Хакім: «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деп кетті. Ал Шәкәрім атамыз:

    «Өмірдің өкінбейтін бар айласы,

    Ол айла – қиянатсыз ой тазасы.

    Мейірім, Ынсап, Әділет, адал еңбек,

    Таза жүрек, тату дос – сол шарасы» деп түйіндеді.

    Иә, достық – ең негізгі адамдық қасиет екенін, досқа адалдық – рухқа адалдық екенін  екенін естен шығармайықшы, достар!..

    Алғадай Әбілғазыұлы

    Пікір жазу