Досжан Хазірет жайлы не білеміз?

    548

    Күні кеше «Досжан хазірет туралы кітапша жарық көрді» деп хабарлаған едік. Хазіреттің есімі «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы ұсынған 100 нысан ішіндегі «Діни және ғұрыптық орындар» бөлімінде айтылады. Осы орайда kazislam.kz тілшісі «Досжан Хазірет» кітапшасын құрастырған тарихшы Айшуақ Дәрменұлымен сұхбаттасқан болатын.

    –Ең алдымен Досжан хазірет туралы кітапшаның жарыққа шығуы құтты болсын! Оқырмандарымыз біле жүрсін, Досжан ишан деген кім? Бұл кітапшаны шығарудағы мақсатыңыз қандай?

    Ниетіңізге рақмет. Хазірет Дос­жан ишан Қашақұлы (1815-1890) – діни ұстаз-ағартушы, ірі ойшыл, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қоғам қайраткері. Азан шақырып қойылған есімі – Досмұхаммед, бірақ ел аузында Досжан, Досеке, Дошеке деп көп айтылып, солай тарап кеткен.

    XIX ғасырда қазақтардың Мекке-Мәдина шаһарларына қажылық парызын өтеу сапарларына мұрындық болған. Қазақ шежіресіне қатысты деректер жинаған.

    Досжан ишан 1815 жылы қазіргі Ақтөбе облысының Доңызтау аумағында туған. Солтүстік Үстірт жазығы мен оған көршілес жатқан Сам құмын, Ембі шөлін қоныстанған табын руының шөмішті тармағы, қоңыр бөлімінен шыққан.

    Алла ра­зы­лығы үшін үш рет қажылыққа барған. Алғаш рет 16 жасында аттанып, жолда Түркия дін ғұламаларынан дәріс алып білімін тереңдеткен. Досжан 1832 жылы Құран Кәрімді, Мұқтасарды жатқа оқып, Меккеден 17 жасында жас хазірет деген атпен елге оралады. Терең білімі мен оқудағы алғырлығы үшін ұстаздары оған алтыннан мөр жасатып сыйлыққа берген. Сосын Хиуа, Үргеніш, Бұқара қалаларында білімін жетілдірген. Олдан атты пірге қол беріп, Досжан ишан атанған. Елге келіп Доңызтаудағы Тасастау қайнар алқабында өзінің бірінші мешіт-медресесін салдырып, табан аудармай 18 жыл бала оқытады. Мыңға жуық шәкірт тәрбиелеп шығарған.

    Басшы Айжанақұлының «Берекелі бағзы өлке» деген тарихи шолуында Доңызтау өңірі туралы:

    «Кезінде бұл аймақта қырықтың үстінде мешіт пен медресе салынған, тіпті Үстірт қазақтарының саяси орталығы саналған керуен жолының бойындағы Тасастау қайнарда дін мен ғылымның әр саласы бойынша дәріс беретін, құрамында бір медресесі мен сегіз мешіті бар, өлкеге танымал үлкен оқу орны болған. Медресені қажылыққа Құнанбаймен бірге барған делінетін, қазақты Ислам әлеміне танытушылардың бірі, табын Досжан хазірет салдырыпты. Ал мешіттерді қараш Нәубет қажы, қырықмылтық Нұрқасым ишан, қаратоқа Қаржаубайұлы Үдер сопы, кердері Үркімбай ахун, қырықмылтық Бұхарбай сопы ұстады» — деп жазады.

    Сұлтан ахунның шәкірті Жантаев Дәулетбай молда:

    «Доңызтаудың қойнауы толы болыс-болыс ел, мыңғырған мал болатын. Тау баурайлары мен бұлақ бастарында мешіт-медресе ұстайтын ауылдар көп еді. Есімде анық қалғандары «Ишан шилісі» деген жерде Досеке хазірет отырды. Ащыбұлақ басында Сұлтан ахун мешіті болды. Одан әрі Ақсайда тілеп Сарыбас ахун, Тасастау қайнарда қоңыр Сүндет ишан отырды.

    Ұлы Сам құмында шабан Үбіжан ишан, балықшы Тұрыш ишан, қырықмылтық Көшербай ишан, бегей Көшпағанбет ишан, Сам құмында Мәдірейім ахун, Матай құмында Шалабайұлы Елеу ишан отырды. Теріскенді, Жуантөбе, Бақы құдығы, Қайрақты деген жерлерде қобызшы Сарыбай әулие, Хантөрткүлдің үш Оймауытында Сары ишан, Ащыайырық қуысында бөлек Тұрмағанбет ахун, Бекбайда Мұхамедқали ахун, одан әрі Доңызтауда ажым Жиенғали ахун отырды» — деген дерек берді.

    1868 жылы Орынбор губернаторынан рұқсат алып, Темір уезінде мұсылманша оқу-тәрбие кешенін салдырған. Алты күмбезді мешіт, 150 орындық медресе, ұстаздар мен шәкірттер тұратын жатақхана, қосалқы шаруашылық үйлері бар бұл кешен 1870-1925 жылдар арасында жемісті жұмыс істеген. Мешіттің алдында кіре беріс үй және азан айтатын мұнарасы болған. Бұл жерде де мыңдаған шәкірт оқыды, арасынан ахундар мен ишандар өсіп шығып елге қызмет етті.

    Досжан хазіреттің әзірге анықталған атақты шәкірттері мыналар: Жұмағали ахун, Сұлтан ахун, Өтәлі қажы, Қайыпқали ишан, Құттықожа әзиз (Қарақұм ишан), Ыдырыс мақсұм, Әйімбет ишан, Қожабай ишан, Бұхарбай ишан, Жиенғали ахун, Мұстафа ишан, Әбдіғали ишан, Камал ахун, Ілияс ахун, Тұрғанбай ишан, өз баласы Абдолла (Мақтым) ишан, Нұролла ахун, Беркін халфе,  Сағитжан халфе, немересі Зайыт ишан, Бекес қажы, Ысмайыл ишан, Жұбанияз ахун, Сәлмен ишан, Аңсатбай ахун, Нұрлепес әулие, т.б. Яғни, Досжан хазірет өз заманында Батыс Қазақстан аймағында ислам дінін тарату бойынша ірі діни қайраткер болған.

    Бала кезінен бастап діни білімін тереңдету жолында, қажылық сапарларында өзге ұлттардың тұрмыс-тіршілігін, ғылым-білімін зерттеген. Көшпелі өмірдің заманы өткенін терең түсініп, ел арасында оқу-білімнің пайдасын, отырықшылық мен егіншіліктің берекесін насихаттаған. Келімсек делдалдарға жем болмау үшін қазақ жастарының сауда мен есепке жетік болуын қалаған.

    Он гектар жерге бау-бақша, егін салып, күзде Орынбор көпестеріне көтере сатып, қажет заттарын да алдырып отыруды жолға қойған. Мешіт жанындағы медреседе кедей балаларын оқу ақысынан босатып, шәкірттердің тамағы мен керек-жарағын егіншілік пен сауда есебінен түгендеп отырған. Яғни, мешіт пен медресе өзін-өзі қаржыландырды деуге толық негіз бар. Замана талабын бағамдай білу, оқу-білім мен пайдалы кәсіптерді меңгеру, бәсекеге қабілетті болу деген әңгіме қазірге кезде де күн тәртібінде тұр емес пе?

     

    1890 жылы хазірет өмірден өткен соң қызметін балалары мен немерелері жалғастырған. 1927 жылдан бастап большевиктер орталық жұмысына тыйым салған. 

    Алматыда «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры бар. Аты айтып тұрғандай, барлық отбасы мүшелері оқи беретін керемет дүниелерді жазып, көп кітаптар шығарып жүр. Ата-бабамыздан келе жатқан қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, діни таным-түсінігіне үлес қосып, ұлттың рухани әлемін жаңғыртуға үлес қосып жүрген ұжым. Адам баласы өмір бойы кемелдікке ұмтылуы керек. Яғни, оқу-білімге ұмтылу, іздену, кәсіп үйрену дегенді тоқтатуға болмайды.

    Айтып отырған кітапшамыз да – осы ұжымның шығарған өнімі. Қордың «Қасиетті Қазақстан» тізіміне кірген барлық тарихи тұлғалар туралы мазмұнды кітапшалар жаза алатын потенциалы бар. Рухани жаңғыруға көзбен көріп, қолмен ұстай алатын, ең бастысы оқырманға пайдалы ақпарат беретін, жақсылық пен прогреске шақыратын кітаптар шығару арқылы үлес қосып жүрміз.   

    –Бұған дейін Досжан ишан туралы кітап шыққан ба еді? Дін қайраткерінің өмір жолын сізден басқа зерттеп жүрген кім бар?

    Досжан хазірет туралы тәуелсіздік жылдарында облыстық және республикалық баспасөз бетінде көптеген мақалалар жарияланды. Туғанына 200 жыл толғанда конференция мақалалары жинақ болып шықты. Сәбит Салқынұлы «Досжан хазірет» атты кітап шығарды. Есімі елдің санасында терең із қалдырған тарихи тұлға туралы әртүрлі авторлардың жазуы қалыпты дүние, оған ешкім тосқауыл қоя алмайды. Тарихи оқиға немесе белгілі бір адам туралы зерттегенде, ең бірінші ол туралы жазылған мәліметтерге, яғни тарихнамасына шолу жасалады.

    Мысалы, ХІХ ғасырдағы газеттерде Досжан хазірет туралы мақалалар басылған. Исі қазаққа жақсы танымал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім қажы, Кердері Әбубәкір ақын, Ыбырайым ахун хазірет туралы арнайы мақалалар жазған. Қажылық сапарға бару-келудің бейнеті, құжаттарға қатысты қиындықтарды терең түсінген Досжан ишан беделді адамдармен бірге 1888 жылдан бастап патша өкіметіне бірнеше рет арыз жазған. Басты талап – қазақ ұлтына бөлек мүфтилік сұрау. Мақсаты қазақтарды шоқындыру болған отаршыл билік өтінішті аяқсыз қалдырып, ишандарды полиция бақылауына алған. Бұл туралы архив деректерінде сақталған. Алаш азаматы Бақытжан Қаратаев та бұл туралы жазып кеткен.  

    –Досжан хазірет заманында Құнанбай Өскенбайұлымен бірге қажылыққа барған деседі. Әрі сол қажылықта Құнанбай Мекке тұсынан тәкиежай, яғни, қонақ үй салдырып, құжаты Досжан ишанның атында болған екен. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз. 

    Досжан ишанның бірінші қажылық сапары 1832 жылы болғанын айттық. Ал екінші қажылық сапары – 1874-1876 жылдар аралығы. Сапарлас серіктері ішінде  ақ патшаның генералы Ғұбайдолла Жәңгірханұлы және Құнанбай Өскенбайұлы болған. Бір деректерде хазіреттің екінші қажылық сапарында тәкия салуға берік бекініп барғаны айтылады. Ойын Құнанбаймен бөлісіп, жер, құрылыс материалдарын сатып алады, ресми қағаздарын реттейді.

     

    Қағаз реттеуге шыққандарында үлкен кедергіге кездеседі. Сол кездегі араб билеушілері: «Қазақ деген жұрттың мұсылман екенін дәлелдейтін құжат әкеліп тапсырыңдар» деп талап қояды.Орындауға бір жыл мерзім береді. Досжан бұл құжатты ел кезіп, сарылып іздеп Қазаннан тапқан деседі. Бұқараға апарып растайтын мөр соқтырған. Сөйтіп арабтарға дер кезінде жеткізген. Оған Шәкәрім қажының «Түрік, қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресі» еңбегіндегі мына жолдар дәлел:

    «…1874 жылы қажыға барғанда қазақ қажылары түсетін Меккеде бір тәкия үй салдырып құдайы қылып еді. 1905 жылдан бастап 1906 жылға қарай қажыға барғанда тәкияны көрдім… Бұл тәкия осы күні Кіші жүз Досжан хажының атына жазулы екен».

    Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының  «Қазақ шежіресі» шығармасында:

     «Орта жүзден жиырма кісі болыпты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан халфе бар дейді. Қазақ бұдан бұрын бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып арасын айырмай, тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері де көзге түсерлік һәр таптың қасқа-жайсаңы болғандықтан көрген таңырқарлық болыпты. Қазақ байқұстың салпиған тымағының құлағын, сүйретілген тонының етегін, аңқиған аузын көрген соң көрген қызығып, сұқтана бастайды ғой. Ноғай өкілі мен сарт өкілі таласыпты. Ноғай өкілі:

    – «Бұлар мәскүптік, мен мәскүп кісісімін» деп, сарт дәлелі:

    – «Бұлар Бұқар тіл, мен Бұқар тіл кісісімін» деп. Меке бастығын – шәриф, Мәдине бастығын – шайқы дейді екен. Екі шәрифтің шәрифтері, шайқылары бас қосып, алдарына алдырып сұрапты:

    – Сіздер мәскүпдіксіздер ме, Бұқар тілсіздер ме? – деп. Сонда қажыбасы Құнанбай екен. Ол кісі сөйлепті:

    – Біз мәскүп-сәскүбіңді де білмейміз, Бұқар тіл-сүқардікін де білмейміз, тіріміздің билігі алдияр ұранды төреде, өліміздің билігі Алла ұранды қожада, жайылуы мал сықылды, жусауы аң сықылды бетімен өскен қазақ деген жұрт боламыз – депті. «Қазақ дегенде жұрт болады екен-ау!» деп аң-таң қалысыпты. Тарих ақтарып, шежіре қаратыпты, таба алмапты. Көпте не жоқ, бір бурыл бас сөйлепті:

    – «Бұл тарих табылса, Бағдат шәрифте Имам Ағзам кітапханасы деген үй бар, жау таламаған, ешқайда шашылып бытырамаған, табылса, сонан табылады» деген соң Бағдат шәрифке желмая мінгізіп, кісі жіберіпті. Бұлар өз ортасынан Кіші жүзде Досжан халфені жіберіпті. Барған кісілер:

    – «Табылды, қазақ деген жұрт Әнес сақабадан өсіп-өніп, өрбіген екен» деп нұсқа көшіріп алып келіп, сонан кейін бұл жүз жиырма кісі ортасынан расхот шығарып, «Қазақ тәкиесі» деген тәкие салдырып, ол үйді Құнанбай атына жаздырып, «Мұнан былай қазақтан келген қажы осында түсетұғын болсын» деп сонан былай қазақ та ел-жұрт екендігі, пұсырман екендігі әйгіленген. Бұлардың қажыға барған жылы баяғы жұт қояннан бұрын қаракиік жылы еді.

    Қишыл қажы қажыға кеткенде қатыны буаз қалып, ұл тауып, атын Мекебай қойған. Сол Мекебайы тірі. 53 жасқа аяқ басты. Баянаула, Қызылтау жып-жылтыр мұз болды. Жылқы біткен теңге шолақ сілетіге кетіп, қара мал семіз күйлі шығып май мұз атанды. Ол күнде екінің бірі, егіздің сыңары біліп, сөйлеп айтып тұрушы еді. Бұл күнде алай-дүлей, ұйқы-тұйқы аласапыран заман болып, бүтін естінің өзінде қалған жоқ. Жарым есті шала-шарпы білгенінен айырлып қалды. Құнанбай қажының қажыға барған жылы 1874 жыл. Өзінің өлгені 1885 жыл. 81 жасында тауық жылы өлді. Бұл Мекедегі Тәкие әуелі Құнанбай атына жазылған. Арғын атында болғандықтан орманшыдан барған Хасен Шайх даулап алған. Онан кейін тоқал арғыннан барған Ешмұхаммед даулап алған. Бұл күнде Кіші жүз Досжан халфе атына жазылып қалыпты» деген жолдар бар.

    Кейбір адамдар осы тәкие үйдің кімдікі екенін қазып, кәдімгідей дау тудырғысы келеді. Әрине, әркімнің атасы өзіне әулие. Мына нәрсені анықтап айтқан дұрыс. Аға сұлтан Құнанбай қажы Досжан ишаннан 11 жас үлкен. Діни шариғат пен дала заңын, орыстың низамын жақсы білген тәжірибелі адам. Өз елінде мектеп, мешіт салдырған, қазақ ұлтының жағдайын жақсарту үшін жанын салып жұмыс істеген мықты тұлға. Керек жерінде қаталдық та көрсеткеніне тарих куә. Уәдеге беріктігі, бір сөзділігі ешкім дауласа алмайтын ақиқат. Сол Құнекең үй дайын болған кезде:

    «Досжанның еңбегі де көбірек сіңді, қаржысы да көбірек жұмсалды. Сондықтан тәкиені соның атымен атаған дұрыс» депті.

    ХІХ ғасырда қазақтың игі жақсыларының ақыл-парасаты мен әділдігі қандай жоғары деңгейде екеніне ой жүгіртіп қараңызшы! Бұл тәкиені қазақ қажыларының білігі мен бірлігінің нәтижесі деп қарау керек. «Бізден кейін келетін қазақ қажылары қиналмасын. Осы үйде емін-еркін тұрсын» деген үлкен жүрекпен салдырды емес пе? Қазір бұл тәкие жоқ. ХХ ғасырда Мекке қаласы бірнеше рет жаңғырып, қайта салынды. Сол кезде сүріліп кеткен.

    1963 жылы хазіреттің немересі Зайыт ишанның үйіне КГБ қызметкерлері келіп, бір сағаттай сөйлесіпті. Олар кеткен соң бала-шағасына «Хазірет атаның атына шет елден келген ақша бар екен. Толық бас тартып, жетім балалар үйіне аударуға арыз жазып бердім» депті.

    Осындай оқиға 80-жылдары да қайталанды дегенді естідім. Бірақ, әзірше анығын біле алмадым.

     

    –Әулие, ишан десе бір таңғажайып қасиеті бар, ақ сақалды, ақ шапанды қария кісі көз алдымызға келетіні белгілі. Орайы келіп тұрғанда сұрап қалайын, Досжан хазіреттің көпке аян қандай ерекше қасиеттері болған?

    Алла Тағаланың қалауымен кейбір пайғамбарларға мұғжиза берілгенін, олар қажет кезінде кереметін көрсеткенін оқыдық қой. Дін өкілдерінің мұғжиза көрсетуі міндет емес. Онсыз да ел ішінде жұмыс істеген ахун, ишандардың қызметі өте ауқымды болған. Мешіт-медресе ашып бала оқыту, науқас адамдарды емдеу, сынық салу, ауа-райын болжау, халық арасында діни рәсімдерді өткізу, ағартушылық, имандылықты уағыздау, т,б, толып жатқан жұмыстары болған. Бір қызығы, қай жерде ишан-ахундар жұмыс істесе, сол жерде бау-бақша өсіру, егін егу, халықты отырықшылық пен кәсіп үйренуге, оқу-білімге шақыру жолға қойылғанын көреміз.

    Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

    «Білім мен хикмет – мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген.

    Ишандар – Құран кәрім мен шариғатта айтылатын сауапты істерді насихаттап қана қоймай, өздері үлгі көрсете білген адамдар.

    Әбубәкір Кердері Досжан хазіретті «асыл сөзді, кең көкірек, орта бойлы, терең ойлы, жұмсақ мінезді, сабырлы, берекелі, дәулетті, құдай жо­лында көп еңбек еткен, дұш­панға да пәле ойламаған, бұ­қа­раға сөзі ем болған; сабырда – Аюб пайғамбарға, мақамда – Дәуіт пайғамбарға ұқсас, пиғылда – Расулымдай жайлы, дәулетте – хақ Сүлеймендей салтанатты болған» деп суреттейді.

    Досжан хазірет 1890 жылы дүние­ден өтеді. «Алты алаш бұршақ­таған көзін сүртіп, дұға қылды. Аяқ жетер жерден топырақ салуға ынтызар боп келген жамағатта есеп болмады. Адамның көптігінен жер қайысты. Жаназаға бес мың адам ұйыды. Соңында қалған малын халыққа үлестіріп бергенде жан басына бір қойдан тиіпті» деп жазыпты.

    Ал XIX ғасырдың аяғында Кердері Әбубәкір ақын Досжан хазірет туралы арнауында «Досеке пірі болды Кіші жүздің, Раушан нұры болды түсіміздің» – деп жазған.

    Сіздің «ақ сақалды, ақ шапанды» деп отырғаныңыз рас. Менің бала кезімде дәл осы көрініс көз алдымда қалды. Ағайынды Отар мен Дәулетбай деген молдалар болды. Менің түп нағашыларым – Досжан хазіреттің шәкіртінің шәкірттері. Отар молда тасаттық жасағанда дұға оқып жаңбыр жаудыратын. Науқас кісілерге дұғалық жазып беретін. Мал жоғалтқан адамдар келіп, кітап аштырып жататын. Дәулетбай ата аппақ көйлек-дамбал киіп, аппақ сақалы кеудесін жауып отыратын. Ешкімге қатты сөз айтпайтын сабырлы кісі еді. Қашан көрсең де жылы жүзді, жұмсақ қалпында жүретін. Жылына 96 күн ораза ұстай беретін. Тамақты да аз жейтін. Мысалы, күндік асы бір кесе шәй, үш-төрт құрма, бір кесе айран болатын.

    Ұстазы Сұлтан ахун туралы мынадай естелік айтты.

    «Жұма сайын жанына ересектеу бес-алты шәкіртін ертіп, таң намазынан соң зираттарды аралап құран оқитын. Жұма сайын мешіт жанында үлкен жеті қазанға ас пісіріліп, шүлен қазан таратылатын. Оны келген жұрттың бәрі құран оқып бөліп жейтін. Ештеңені рәсуә етуге жол берілмейтін. Бірде тары төккен бір шәкірт үшін бәрімізді жинап алып:

    «Ертең бақи дүниеде сендер ысырап қылған әрбір дән бір-бір қошқарға айналып өздеріңді сүзеді. Астың құрметін ешқашан ұмытпаңдар»,- деп бәрімізге үш күн ораза ұстауға кеңес берген болатын. Ахун мінезі сабырлы, салихалы жан еді. Көп сөйлемейді, шешіліп сөйлегенде де қорытындылап, нақтылап бір айтатын. Бітімі ірі, кесек денелі, қоңқақ мұрын, сақал-мұрты ақбурыл, өзі қараторы кісі. Жылда керуеншілермен Хиуаға кетіп, екі-үш айда айналып келгенінде түйеге теңдеп қағаз-қалам, кітаптар әкелетін. Шәкірттер де өрік-мейізге, әртүрлі базарлықтарға қарық болатын. Мешітке байлық жинамайтын. Шәкірттерді де байлығына емес, біліміне қарап бөлетін еді. Жағдайы келмейтін кедей балаларынан ақы сұрамайтын, тегін оқытатын. Тұрман деген кісі мешіттің малын бағатын. Сол малдан шәкірттердің қыстық азығына елу-алпыс қой, бес-алты жылқы, екі нар түйе күзде сойылып, ас үйдің қоймасына жиналып қойылады. Сол азықтан балтамен шауып алып тамақ дайындалады. Отын-шөпті алдын ала ел адамдары дайындап береді. Көшуге ауырсынған артық жүктерін де мешіттің қасына аманатқа тастап кететін еді» деді.

    Әл-Фараби бабамыз айтқан «Адамға әуелі имандылық, ғылым-білім одан кейін берілуі керек» деген осы емес пе? Іргетасы мықты болса құрылыс та бекем болары анық.

    Соңғы мың жылда қазақ даласында мыңдаған ғұламалар, дін қайраткерлері өмір сүрді. Олар Ислам өркениетін көшпелі халықтың мәдениетімен ұштастырып, керемет синтез жасады. Өлең, жыр-терме, қиссалар арқылы халықты адамгершілік пен имандылыққа шақырды. Дала заңымен өмір сүретін қоғам Жаратушы Алла мен мейірімді пайғамбарды тез мойындады, бірақ фанатизм мен радикалдану болған жоқ. Кеңес билігі келгенде қазақ даласының барлық өңірінде мешіт-медреселер мен дін ғылымын үйреткен ғұламалар көп болған.

    Қазіргі Ақтөбе облысына қарайтын өңірде XIX-XX ғасырларда жүздеген хазірет, ишан, ахундар өмір сүрген. Туған жердің төсін жарып шыққан қайнар бұлақтай, айналасына білім нәрін шашқан осы әзиз жандардың тарихын зерттеу керек. Аймақта ХХ ғ. 20-жылдарында тіркеуге алынған 204-ке жуық мешіт, 88 православ шіркеуі, 109 әртүрлі мінәжат үйлері болған (Ақтөбе облыстық архиві, 13 қор, 8 тізбе, 288 іс, 3-п.).

    1927 жылы 15 қаңтарда «аса құпия» айдарлы құжатта сайлауға дауыс беру құқынан айрылған 753 адамның тізімі берілген. Соның 374-і жоғары білімді хазірет, ишан, ахун, молдалар екен. Оның ішінде Ақтөбе уезінен 101 адам, Темірден 81, Шалқардан 53, Ырғыздан 12, Қарабұтақтан 15 адам көрсетілген. Міне, ел ішіне иман нұрын таратып, халықтың береке-бірлігін еселеп отырған осындай адамдар еді. Кеңес билігі осы алтын тамырға балта шапты.

    Кеңес Одағы ыдыраған соң дінді сырттан үйрендік. Кісіге қарағанның күні белгілі, өз ата-бабамыз салған жолдай болмады. Алтын тамырға қайта жалғансақ қазақтың діни санасы, ұлттық және мәдени қабат сақталады. Қазақ ұлты ақырзаманға дейін қазақ болып қала береді. Қазан революциясына дейін балаға дін үйреткенде оның мәдени идентификациясы назарға алынатын.

    Тарихшы Айшуақ Дәрменұлы
    Хадисте: «Нағыз мұсылман – өзге адамдар оның тілі мен қолынан, іс-әрекетінен зиян көрмеген адам»,-дейді. Келесі хадисте: «Алла үшін адамдардың ең сүйіктісі – адамдарға пайдалы болғаны» дейді. Дін қайраткерлері туралы деректер жинау барысында ахундар мен ишандар маған нағыз осындай адамдар болып көрінді. 

    –Досжан хазіреттің ұрпақтары туралы не айтасыз?

    Большевиктердің 1920-30 жылдары дін өкілдерін қудалауы хазірет ұрпақтарына көп қиындық әкелген. Үлкен баласы Хабибулла 1936 жылы «халық жауы» деп ұсталып, Темір түрмесінде 1937 жылы 12 қаңтар күні азаппен өлтірілген. Ортаншы баласы Абдолла ишанды түрмеге қамап, дүние-мүлкін тартып алған. Абдолла ишан 1931 жылы қайтыс болған. Кіші баласы Аққұбаш Түйетөбе деген жерде атылған.

    Досжан ишанның шөпшегі – Асқар Хабибуллин

    Түйетөбе – Алматыдағы Жаңалық ауылы, Оралдағы Аңқаты сияқты жер. Сталиндік репрессия жылдары көп адам сол жерде атылған. Немересі Зайыт ишан әуелі 10 жыл Сібірге айдалған. Содан кейін де 1947 жылға дейін қуғыннан көз ашпаған. Хазірет ұрпақтары 1989 жылы Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңес Қаулысымен толық ақталған. Жазықсыз жапа шегіп, шейіт кеткен марқұмдардың иман нұры пейіште шалқығай.

    Қазір хазірет әулетінен тараған шамамен екі жүзге жуық шаңырақ бар екен. «Орнында бар оңалар» деген емес пе? Досжан ишанның шөпшегі Асқар Хабибуллин интернет портал жасатты. Күзге қарай портал толық қуатына енеді. Сосын әлемнің кез-келген нүктесінде отырып Ақтөбе облысындағы барлық тарихи-мәдени ескерткіштерді онлайн режимде көруге болады. Интернет адресі – izbasar.kz.

    Досжан Хазіреттің 6, 7-ші ұрпақтары

    Хазірет бабаның бейітіне алыс-жақыннан зиярат жасап келушілер көп. Тарихи ескерткіш айналасы қоршалып, күтімге алынады. Бейіт басына күмбезді кесене тұрғызу туралы жобалар сарапталу үстінде. Жолаушылар дем алатын, ас беретін орындарды дұрыстау керек. Газ және электр желісі тартылады. Мешіт қасындағы өзен арнасы мен бұлақ көзін тазарту керек. Жүз елу жыл бұрын хазірет бау-бақша өсірген 10 гектар алқапқа жеміс ағаштарын қайта егу де – ойда бар шаруа. Осы мақсатта «Досжан хазірет» қоры ашылды.

    «Аллаға шүкір, заман түзелді. Бабаның барлық ұрпақтарын, ел азаматтарын сауапты шаруада бірігуге шақырамын. Хазірет баба тек біздің әулеттің меншігі емес. Елге, қала берді күллі мұсылманға ортақ. Есімі бірліктің, оқу-білім және дамудың символы болғанын қалаймыз» – дейді Асқар Хабибуллин.

    –Уақыт бөліп, мағыналы сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Өзім де, оқырмандарымыз да құнды мәліметтерге қанық болдық деген ойдамын.