Бүлдіршіндер Мәуліт мерекесін тойлады

    75

    2 желтоқсан. KAZISLAM – Науан хазірет мешітінің әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен қасиетті Мәуліт айының құрметіне бүлдіршін қыздарға арналып, мерекелік шара өтті.

    Бұл кештің басты мақсаты – пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) еске алу және тағзым ету.

    Қасиетті Құранның «Аләқ» сүресін оқумен бастау алған кеште мешіттің наиб имамы Диас Байжігітов насихат сөз сөйлеп, өзінің ақжарма тілегін айтты.

    Балаларға Алланың елшісінің (с.ғ.с.) тағылымды өмір жолынан мағұлмат берілді. Салауат айтылып, ұлық пайғамбарымызды (с.ғ.с.) танып, білуге арналған сауалдар ортаға салынып, қызықты ойындар ойнатылды.

    Қыз балаларды жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөліп, тапсырмалар ой талқыға түсті. Ұсынылған сауалдарға толымды жауап тауып, тапсырмаларды орындап шыққан шәкірттер анықталды.

    Зерде Бекзан деген шәкірт «Пайғамбарым» атты арнау жырын оқып, көпті өзінің өнерімен тәнті етті. Кеш ата-аналар ұйымдастырған дастархан басында жалғасып, балалар тәтті тағамдардан ауыз тиді. Әр шәкірт мешіттен бос кетпей, сыйлықтарға да кенелді.

    Мәуліт мерекесі бүлдіршіндердің тағылымды шарасымен жалғасқаны ғибраты мол іс екенін көрсетсе керек.

    Пікір жазу