Бейбіт күнде баласымен байланысы үзілген ана

    391
    @ mangystaumedia.kz

    Қазіргі таңда ақпарат алу соншалықты қиындық тудырмайды. Тек соның дұрыс-бұрыстығын саралап отыру керек. Желіге шолу жасап отырып, мына оқиғаға көзім түсті. Бұл сәт сайын көз алдымызда болып жатқан жағдай. Ел-елді аралап жүріп те көзбен көріп, құлақпен естіп жүргеніміз бар.

    Жақында Ермек Тұрсынғалитегі әлеуметтік желіге «Діні қатты қыз» деген тақырыппен жазба жариялады. Мәселенің мәнісін одан ары өрбітсек:

    «Кеше дін мәселелерін зерттеу орталығына көзінің жасын көлдеткен бір әйел келіп, мамандардан кеңес сұрады. Айтуынша туған қызы салафизм ағымына кіріп кетіп, қазіргі уақытта анасымен мүлде араласпайтын болған. Интернет арқылы танысқан жігітінің бұрын екі рет рет сотталған, салафизм ағымын ұстанатын еркек екенін елден естіп біліпті. Анасы қаншалықты қарсы болса да, қызы мұның барлығы Алланың әмірі екендігін айтып, анасын тастап кете барған. Қазір екеуінің де тұрақты жұмыстары жоқ. Ал қызы болса бет-аузын тұмшалап, үйінен шықпайды. Былтыр қызының жағдайын білуге іздеп барса, қызы күптей болып ісініп, төсек тартып жатқанын көреді. Әйел күйеубаласының қарсылығына қарамастан жедел-жәрдем мен полиция шақырған. Аурухана дәрігерлері қыздың екі бүйрегінің істен шыққанын айтқан. Қант диабетімен ауыратын қызына күйеуі белгісіз бір дәрілерді ішкізу арқылы  емдеген. Бауыр еті баласына жаны ашыған әйел донор болуға  келісіп, өзінің бір бүйрегін береді. Ота сәтті аяқталып, қызының беті бері қараған соң анасы қызынан мына теріс діни ағымнан қайтып, жаңа өмір бастауын жалынып тұрып өтінеді. Сонда қызы:  «Мама, егер мені күйеуімнен ажыратып, мына дінімнен қайтарғың келсе, онда бүйрегіңді өзің қайтадан ала бер. Мен күйеуімді таңдаймын! Алланың маңдайыма жазғанын көремін»,- депті.

    «Салафизмнің кесірінен қызымнан да, денсаулығымнан да айырылып отырмын. Маған сіздердің көмектеріңіз қажет. Қызыма дінді дұрыстап түсіндіріңіздерші. Менімен жиі араласып, елдің балалары сияқты дұп-дұрыс өмір сүретін болса батамды беріп, оларға кедергі болмай-ақ қояйын»,-дейді анасы.

    Жаны жаралы ананың жанайқайынан көп жәйтті аңғаруға болады. «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» деген сөздің мәнісін түсінуге болады. Бүгінгі қоғамның бет-бейнесі, шынайы шындығы. Бейбіт күнде баласымен байланысы үзіліп, жүрегі езілген ана… Еріксіз «әттең-ай!» дейсің. Бұған  кеше ғана жайдары жүзді жандардың арасынан ала мысық өткендей араласпауы себеп.

    Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Бір мүмин екінші мүминге бір үйдің қабырғасындай, бір-бірін сүйеп тұрады», — деген. Ой өрімдерін Алла елшісінің сөздері толықтыра түскендей. Мәселен, үй қабырғаларының бірі құласа, өзге сүйеулер де жарымжан қалыпқа түспейді ме? Енді ойлап қарасақ, бүгінде осы бір-біріне дос, мұсылмандар қырғи-қабақ тартыста. Болмашы мәселелер араларын алшақтатып тұр. Күндердің қасиеттісі болған жұмада бауырлардың бақай есеппен басқан қадамдарына қарап, іштей қиналасың. Ақырғы пайғамбар үмметінің тарам-тарам ағымдарға бөлініп, бірінікін екіншісі жоққа шығарып жүргені өкінішті! Мәзһаб ұстану немесе ұстанбау туралы түсініспеушілік, намаз оқудағы кереғарлық, сүннетті тәрк ету, бидғат мәселесі…

    Енді міне, бұған жат ағымның жетегіне еріп, жаңылған қыздың тағдыры қосылып отыр. Тізе берсек осылай кете береді.

    Мүминдерді өзіне дос тұтқан пайғамбарымыздың үмметі бір-бірін бүгінгі таңда дос етуге жарамағаны ма? Бұған не тосқауыл? Құбыласы, Құраны, діні, пайғамбары бір бауырлардың тартысуының соңы неге апарары белгісіз.

    Хазіреті Хасан Басри шайтанның:

    «Мұхаммед үмметінің алдына күнәларды әшекейлеп қоямын. Бірақ, олардың тәубе етіп, кешірім сұраулары белімді сындырады да, мені табысқа жеткізбейді. Сонда, мен олар күнә деп ойламайтын, сырттай дұрыс, негізі қате болған талай істерді алдарына шығарамын. Сонымен, олардың бірталайы күнә деп санамағандықтан, қате істеуден қашпайды. Тіпті, тәубе етіп, кешірім де сұрамайды», — деп айтатынын жариялап, мүминдерге былайша ескерту жасаған: «Міне, осы күнә деп саналмаған бірталай қылмыстар бидғаттан, яғни нәпсілеріне бағынып орындаған және діннен екен деп ойлаған нәрселерден тұрады».

    Дәл қазір біздер үшін жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю, білім алу, сауапты істерді жалғастыру амалдарын орындау абзалырақ дер едім.

    «Жаңылмайтын жан, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп өзімізді алдарқатуға жол жоқ. Бір қазақ қызы жолынан жаңылса, соңынан ерген бірнеше ұрпақтың тәрбиесінде олқылық орын алады. Осыған ұқсас тағдырлар да аз емес. Сириядан  оралған  қарындастарымыз да қателіктің құрбанына айналғандар.

    Сондықтан бұл ойланатын мәселе. Бүгін бір қыздың анасы баласына араша сұрап келсе, ертең тағы бір ананың көз жасы төгілмеуіне кім кепіл?!

    Дәстүрі мен ділінен безіп, отбасына қайырылмай кеткен қаракөздеріміз ертең ұрпағына нендей тәрбие бере алады?

    Ата-ананы сыйлау мен үлкенге құрмет, ағайын-туыспен сыйласу мәселесі олар үшін қаншалықты маңызды!? Ойланайық!

    Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

    Пікір жазу