Ислам – ғылым мен білімнің алғышарттарын ұсынған әрі оны игеруге шақырған бірден-бір дін.

Қасиетті Құранның алғашқы аятының да: «Оқы…» әмірімен түсуі соның бір дәлелі. Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінің түп мәніне көңіл бөлініп, зерттелген кезеңдерде адамзат қоғамы, әсіресе, мұсылман әлемі өркениет ошағына айналды. Өкінішке орай, соңғы ғасырларда мұсылман әлемі ғылым-технологияны игеруде жүрісінің баяулап, ал Батыс әлемінің бұл бағытта тізгінді ұстап келе жатқаны көпшілікке аян.

Бүгінде ғалымдардың бір бөлігі, Батыс әлемінің дамуына, ғылым-технологияны меңгеруіне және мұсылман әлемін өздерімен санасатындай хәлге түсіріп қоюы жолында шығыстанушылардың (ориенталистердің) үш ғасырдан астам Шығыс әлемін зерттеулерінің, ислам туралы әртүрлі мыңдаған діни әдебиеттердің Батысқа әкетілуінің айтарлықтай себі тигенін айтады.

Қазіргі таңның өзінде Англия, Франция, Германия, Италия, Испания және Россия секілді елдерде көптеген «Ислам зерттеу орталығы» болуымен қатар, тек қана АҚШ-да «Ислам құқығы», «Ислам мәдениеті» деген аттармен 60-қа жуық Ислам зерттеу орталығы бар екен. Бір ғана АҚШ-да «Ислам құқығы», «Ислам мәдениеті» деген 60 Ислам зерттеу орталығының болуы олардың бұл бағытта қаншалықты үлкен күш жұмсайтынын көрсетеді. Яғни, олар ғасырлар бойы мұсылман әлемін зерттеуге мыңдаған адам дайындап, миллиардтаған ақша жұмсап келе жатқаны да ақиқат. Мұның бәрі жоғарыдағы ғалымдардың пікірін растаса керек. Енді, осы жерде олар ислам дінін зерттеуге соншалықты мән беріп, негізгі бағыттарына айналдырудың мәні неде? деген сұрақтарға қысқаша мынандай бірнеше себептерді атап өтуге болады.

Әуелгісі, Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінде құқықтық және экономикалық жүйенің негізгі құрылымдары жан-жақтылы толық қамтылған. Олар ислам дініне зерттеу жүргізу арқылы құқықтық және экономикалық құрылымдарын қалыптастыруда, оны жаңалап отыруда пайдаға қол жеткізіп отыр. Әрине, олардың құқықтық және экономикалық құрылымдық жүйелері толығымен ислам талаптарына сәйкес келеді дей алмаймыз. Керісінше, Құран және сүннеттен құндылықтарды ала отырып, өз ыңғайларына икемдеп пайдаларына асыруда деуге болады.

Екіншісі, исламды зерттеу арқылы мұсылмандардың наным-сенімін (көңіл-күйін), ғұрып-әдетін анықтау арқылы билігін жүргізу, байлығын иемдену көзделіп отыр. Мысалы: Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы әл-Марғинанидің «әл-Һидәя» атты энциклопедиялық еңбегін көп жыл бұрын Ағылшын ғалымы Чарлз Гамильтон (Charler Hamilton) аударып, «Мен бұл кітапты аудардым. Мұны Үндістандағы (бүгінгі Пәкістан және Бангладеш) қол астымызда болған халықтарды тану және оларға билік жүргізуді жеңілдету мақсатында басшыға бір қызметім ретінде жасадым» деген [1].

Қорыта айтар болсақ, бүгінгі Батыс әлемінің мығымдала түсіп, ғылым-технологияда шарықтап дамуы олардың ғасырлар бойы ислам дінін зерттеудің нәтижесі десек қателеспейміз.

Дана халқымыздың, «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген мәтелін жадымызда жаңғырта отырып, егемендігімізді баянды етіп, ордалы елге айнала беру үшін ата-бабамыз ұстанып келген Ислам дінін екі дүниелік бақытқа бастар жол ретінде мойындау және оны терең зерттеудің берері көп екендігін ұмытпау керек.

Самет Оқанұлы,
исламтанушы

[1] Док, профс. Сервет Армаган, Анахатларила ислам хукуку, 117-121 бб.