Сананы арабтандыруға қарсы тұру, дәстүр тұнығы және қазақ болып қалу. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, орталық  «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан МАНСҰРОВ kazislam.kz порталына осы және өзге де тақырыптарға қатысты сұхбат берді.

Бір шаңырақтың астында тұрып өзара мұсылман-кәпір деп жік-жікке бөліну – қазіргі қазақы қоғамда қалыпты жағдайға айналып барады. Алысқа бармай Сирия асқан қасіретті тағдырлар осы сөзімізді дәлелдей алады. Жалпы, діндегі фанатизм қайдан шықты?

– Қазақ халқының мың жылдан астам уақыттан бері мұсылман екенін, бүкіл дәстүрі исламның негіздерінен алынғандығын ешкім жоққа шығара алмасы анық.

Діннің шеңберін білмей тым қатты ұстанам деп жүріп тура жолдан адасқан кей бауырларымыз түбінде өз қателігін түсініп дәстүрлі дінімізге, яғни қалыпты исламға бет бұруда.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Әй, үмбетім. Орта жолды ұстаныңдар. Дінді тым ауыр етпеңдер әрі тым жеңілдетпеңдер. Шектен, шеттен шықсаңдар, діннен шығып кетесіңдер».

Кей азаматтар дінді өздеріне тым ауырлатып тастаған. Тіпті жұрттың барлығы өздері секілді, дінді ауыр етіп ұстануы керек деп санайды. Асылында, дінді қатты ұстап, фанаттыққа жол алу — білімсіздіктің кесірі.

Дәл осы білімсіздіктің салдарынан кезінде халифа Осман (р.а.) сахабаның тұсында да бүгінгі күніміздегідей дінді қатты ұстанғандар фанаттыққа салынып ақырында ағымға айналып шыға келді. Оларды тарихта «харижиттер» дейді.

Төртінші халифа Әлидің кезінде тіпті күшейіп, олардың саны 12 мыңға жетті. Осы тұста мына бір детальды айта кету керек. 12 мың адам патшаны кәпірге шығарып, оған бағынудан бас тартқан соң хазіреті Әли оларға ғалымдар арқылы әсер етуді ойлап, сахаба Абдуллаһ ибн Аббасты насихатқа жібереді. Ибн Аббастың түсіндіруінен кейін, 8 мың адам өз ойларынан бас тартып, тәубеге келеді де, өзгесі алған беттерінен қайтпай қояды. Онымен қоймай, өздеріне мойынсұнбағаны үшін сахаба Абдуллаһ ибн Хабаб ибн Аррат пен оның ай-күні жетіп отырған әйелін қинап өлтіреді.

Осы оқиғадан кейін хазіреті Әли шектен шығушыларға қарсы күш қолдануға мәжбүр болады.

Исламтанушылар осы оқиғаны мысал ете отырып, мынадай тұжырымдар шығарады. Біріншіден, ол заманда да, бұл заманда да шектен шығушылар білімсіздерден құралған. Екіншіден, олармен күресудің ең бірінші һәм тиімді жолы – білімді адамдар арқылы дұрыс жолға шақыру. Үшіншіден, білім жеткеннен кейін де мемлекетке қарсы әрекет еткендерді заңды жолмен жауапкершілікке тарту керектігін алға тартады.

Ислам дінін қатыгез көрсетіп, дін ұстанғандарды фанатизмге тәрбиелеп жүргендердің бір ғана мақсаты халықты тілі мен тарихынан, діні мен дәстүрінен алшақтату. Тілі мен тарихынан, діні мен дәстүрінен айырылған мемлекеттің өзінен-өзі жоғалары айтпаса да түсінікті.

Сол үшін діндегі қаттылық яғни, фанатизм қоғам үшін ең үлкен қауіп. Бір діннің ішінде жүріп топ-топқа бөліну, бір шаңырақ астында тұрып өзара мұсылман-кәпір деп жік-жікке айырылу дінді толық түсінбегендіктің белгісі.

Асылында, мейрімділікке жетелейтін дініміз ешқашан қаттылықты қаламайды. Керісінше күллі адамзатты жақсылыққа, қай қоғамды болмасын бірлікке үндейді. Ал, мейірімділік адам бойындағы шынайылық пен сүйіспеншіліктен туындайтын жүрек мейірбандығы. Сол үшін  Алланы бір, пайғамбарды хақ деген мұсылман баласы бір-бірлеріне мейірімділік танытуы тиіс.

– Діни тақырып қозғала қалса, әсіресе, әлеуметтік желілерде арабтың кірме сөздері бірінші жүретін болды. Жалпы, араб сөздерін қазақы ұғымдармен алмастыру мәселесіне қалай қарайсыз?

– Рас, қазір «ИншаАлла», «МәшаАлла», «БаракАлла» сынды сөздер қолданыста бар. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде «қолдарыңа қандай да бір нығмет жетсе, шүкіршілік ретінде «әлхамдуллила» деп айтыңдар деген. «Ал, егер қандай да істі бастайтын болсаң, «ИншаАлла» деп айтуды өсиет еткен. Десе де, біз бұл сөздерді қазақша айтсақ, одан қателікке ұрынбаймыз. Бір іске кіріспестен бұрын «Алланың атымен бастаймын», Жаратушыны еске алғанда «Алладан басқа Тәңір жоқ», біреуге алғыс айтқанда «Алла разы болсын»  десек, мұның шариғатқа еш томпақтығы жоқ.

Араб сөздерін қай уақытта түпкі мағынасында айтуымыз керек? Егер, намазда тұрған кезде, Құран аяттарын оқитын болсақ, оны түпкі мағынасында оқу парыз. Сондықтан, бір нәрсені талқыға салмастан бұрын, мәселені әбден ой елегінен  өткізіп алуымыз керек.

– «Бұрын қазақтар орыстанып еді, енді дінді желеу етіп, арабтанып бара жатыр» деген пікірді естіп қалып жүрміз. Жалпы, шынайы мұсылман қандай болуы керек?

– Алла Тағала Құранда «Ей, адам баласы, біз сендерді бір Ата, бір Хауа Анадан жараттық. Және сендерді әртүрлі қауымға, ұлт-ұлысқа бөлдік. Біріңе біріңнің мәдениетіңді таныту үшін. Және бәрінен де Алланың алдында ардақтыларың — діндарлықтарың және діндар болғандарың» дейді.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) «арабтың араб еместен ешқандай артықшылығы жоқ. Бәлки, араб емес біреу дінді жақсы ұстанып, соның қадірі, дәрежесі Алланың алдында мәртебелі болуы мүмкін» деген де өсиеті бар.

Сондықтан, мейлі ол қазақ, не орыс ұлты болсын, кез-келген бір этностың ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, мұсылманшылықты ұстануына ешқандай тыйым жоқ.

Демек, қазақи болысымызды сақтай отырып, біз намаз оқи аламыз, ораза ұстай аламыз, құлшылық, ғибадаттарымызды еркін жасай аламыз. Араб болу шарт емес.

– Жеті шелпекке көзқарас қалай болуы керек? Жат ағымдағылар қазір «шелпекке дұға бағыштау арқылы, қазақ адасып келген» деген пікірді таратып жүр…

– Жеті шелпекке қатысты көптеген діни деректер бар. Қазақи дәстүрде оны көп жағдайда құдайы нан ретінде қарастырамыз.

Бірде пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір сахаба келіп, «О, Алланың Елшісі, маған бір сауап садақа жолын айтыңызшы. Соны мен істейін» дейді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сенің бір жабылған нанды садақа қылып таратуың,  жүз рәкағаттық нәпіл намаздан артық» деп жауап береді. Мұны бір деңіз.

Тағы бір діни деректерде, мынадай мәлімет бар. «Мариям анамыздың әрқашан дастарханында жаңа піскен тағамдар болатын. Ол тағамдарды Алла көктен Мариям анамызға түсіретін. Сол жерде оның қасында жеті нан болатын». Халқымыздағы жеті шелпек ұғымы осы мысал негізінде дүниеге келсе керек. Бұдан түйетініміз, жеті шелпек нан пісіріп, оны тарату – сауапқа бастайтын амал.

Егер, сіз қарапайым нанды ауызға алмас бұрын «бисмиллә» десеңіз немесе су ішерде жеті рет «Фатиха» сүресін оқысаңыз, ол су сізге шипа бола ма, болмай ма? Әрине, болады. Демек, бір кесе суға аяттың берілген берекесі қандай болса, нанға берілген сауап та сондай.  Яғни, шелпекті таратар алдында, Құран аяттарын оқу арқылы, біз нанды үлкейтіп жатқан жоқпыз. Керісінше, «бұл Құранның аяты оқылған шелпек» деп, берекесін арттыру арқылы, садақа ретінде үлестіріп отырмыз.

– Қазақтың дәстүрін, салт-санасын жоққа шығарып жүрген жат ағымдағылар «тұсау кесу», «беташар» тақырыбын да дауға айналдырып келеді. Осы мәселенің ара-жігін ажыратып берсеңіз.

– Алла бізді әртүрлі ұлт етіп жаратты. Әр ұлттың өзіне тән болмысы, ұлттық дәстүрі  сақталмаса, Құранға қарсы шыққан болар едік.

Демек, «тұсау кесер» де дүниеге келген сәбидің өсуі, өркендеуі жолындағы отбасылық тәрбие құралының бірі. Осы рәсімнің алдында аналарымыз ақ жіп пен қара жіпті араластырып өру арқылы, ала жіпті қолмен жасайды. Оның астарына үңілсек, «балам өскен кезде, біреудің ала жібін аттамасын, біреудің мүлкіне қол сұқпасын» деген ізгі ниетті көруге болады. Және біз әдетте, баланың тұсауын көпті көрген зиялы адамға кестіру арқылы, үлкеннен бата аламыз. Ендеше, мұсылманның әрбір ізгі ниетінің оны жақсылыққа ғана жетелейтініне шүбә келтіруге болмайды.

Діннің атын жамылған ағымдар келін түсіріп, бет ашу кезіндегі «сәлем салу» дәстүрін де күрделі мәселеге айналдырып жіберді. Қазақ не үшін беташарды қоштайды? Өйткені, беташар — әулетке түскен жас келінді отбасымен, жақын-жуықтармен таныстыру рәсімі.

Яғни, бұған дейін басқа шаңырақта өскен қыз, жаңа әулеттің руын, тегін алдымен беташар арқылы біле бастайды. Екіншіден, «беташарда ширк бар, себебі жас келін рукуғ жасайды» деген пікір де қате. Сәлем — ғибадат мақсатында салынған жағдайда ғана ширк болады.

Ал, қазақтың тойындағы сәлем салу үрдісі – ғибадат емес, ата-бабаларымыздан мирас болып қалған дәстүр ғана.

– «Бір ғана заң бар. Ол – ислам заңы. Демек, мемлекет құрудың өзі дінге қарсы» деген пікір қазір жат ағымның ерушілері тарапынан жиі айтылып жүр. Жалпы, діннің зайырлылыққа көзқарасы қандай? Шариғат пен зайырлылықты бір-бірінен ажыратып қарауымыздың өзі қаншалықты дұрыс?

– «Біз Құран және суннамен ғана жүреміз» дейтін жат ағымдағылар, сайып келгенде, суннаның негізгі жолдарын да білмейді. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшкен кезде, ең алдымен мемлекеттің шекарасын сызып, сол жерде әскери база қалыптастырып, әкімшілік жүйе құрған. Әріптестік байланыс орнату мақсатында, көршілес елдерге дипломатиялық хаттар жолдаған. Шет елдерге елші жіберген. Шет мемлекет өкілдерін де әдемі киініп, өзі қабылдаған. Сондықтан, әуелі бірдеңе айтудан бұрын, тарихты жақсылап оқуымыз керек.

Екіншіден, мемлекет тұтастығын ұстап тұратын дүние – оның заңы. Әрине, заңның барлығы түп-төркінін шариғаттан алғанымен, қоғамдық сана, өмір сүру тұрмысы өзгерді.

Айталық, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінде бағдаршамнан бастап, пойыз, ұшақ, автокөлік болған жоқ. Бүгінгідей іргелес жатқан мемлекет саны да көп емес еді. Демек, осындай тіршілікті сақтап тұру үшін, мемлекет заң шығаруға мәжбүр. «Оқытушы қандай қызмет атқаруы керек? Дәрігердің, мемлекеттік қызметкердің негізгі ролі неде?» деген мәселелерді заң жүзінде реттемейінше, мемлкет толыққанды жұмыс істей алмайды.

Мемлекетке бағынбауды насихаттап жүрген кейбір азаматтар да елімізде емін-еркін өмір сүріп жатыр. Әйелдері базарға, емханаға барып, балаларын мектепке жібереді. Егер, мемлекет өмір сүру жүйемізді конституциялық нормалармен бекітіп бермеген болса, бүгінгідей қоғамдық тұрақтылық қалыптаспас та еді. Бір үйге ұры тисе, оны полиция қызметкері ұстайды. Демек, полиция қызметкері халықтың емін-еркін өмір сүруі үшін тер төгіп жатыр. Тәртіпті сақтап отыр.

Мұның барлығы Конституцияның, қолданыстағы заңнама атаулының азаматтардың қолайлы өмір сүруі үшін қабылданып отырғанын дәлелдейді. Және де мемлекет шариғи заңдарға қарсы емес. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы ресми түрде жұмыс істеп отыр. Алаңсыз құлшылық етіп, ғибадат жасап, намаз оқып жүрміз. Демек, өмір сүріп отырған мемлекетке бағыну – сенің парызың.

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.