Нұр-Сұлтан. 11 маусым – Елордада ҚМДБ жанынан құрылған «Ғұламалар кеңесінің» ХХІІ мәжілісі өтіп жатыр, — деп хабарлайды Kazislam.kz тілшісі.

Екі күнге жалғасатын жиында көпшілікке танымал дін саласының ғалымдары, исламтанушылар мен дінтанушылар бірқатар өзекті мәселелерді талқылайды. Кеңестің бүгінгі отырысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысып, бұл жиынның қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тілге тиек етті.

-ҚМДБ-ның соңғы айларда қарқынды жұмыс істеп жатқанын, әсіресе, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда белсене атсалысқанын жақсы білеміз. «Ғұламалар кеңесінің» кезекті жиынында еліміз үшін, халқымыз үшін өте маңызды мәселелер талқыланатыны да белгілі. Осы сәтті пайдалана отырып, сіздердің ой-пікірлеріңізді, ұсыныстарыңызды білгім келеді. Себебі бұған дейін де бірге іргелі шаруалардың басын қайырдық, бұдан кейін де ел болашағы үшін бірлесе жұмыс істейміз деген ойдамын, — деді вице-министр.

Ал «Ғұламалар кеңесінің» күн тәртібінде тұрған шәкірттердің жұмысқа орналасу проблемасын қозғаған бас мүфти С.Ораз:

-Дін саласы – өте нәзік, нәтижесі бірден біліне қоймайды. Бірақ, салыстырмалы түрде алғашқы жылдарға қарағанда әлеуетіміз артты. 150-ге тарта дін ғылымының доктор, магистрі болып қызмет етіп жүрген азаматтарымыз бар, 1,5 мың бакалавр дәрежесіндегі мамандарымыз тер төгіп жүр. Бұған қоса 1,5 мың шәкірт оқып жатса, 2 мыңнан аса орта білім алып жатқан болашақ дін қызметкерлерін дайындап жатырмыз. Одан бөлек, мақтанып айтуға тұрарлық бір жайт, Түркиядағы «Хасеки» университетінің дін мамандарын тереңдетіп оқытатын оқу орталығынан 77 түлегіміз бітіріп шықты. Алғашында 3 жылға деп келісімшарт жасалған болса, бұл процесс жалғасын тауып отыр.

Дегенмен, дін қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы, медресе түлектерінің жұмысқа орналасуында айтарлықтай мәселелер әлі күнге өзекті болып тұр. Мәселен, отандық діни білім беру орындарынан шыққан шәкірттеріміздің үштен бірі ғана ҚМДБ-ға қарасты мекемелерде қызметте жүр. Осы және өзге де мәселелер бүгін-ертең өтетін мәжілісімізде кеңінен талқыланып, шешім шығарамыз, — дейді.

Айта кетейік, екі күнге созылатын мәжілісте кадр мәселесінен бөлек, допинг, криптовалюта, зекет, қоғамды әлі күнге толғандырып жүрген желілік маркетинг мәселесі, сондай-ақ, деструктивті ағымдарға қатысты мәселелер талқыланып, пәтуалар шығарылады.