Бас имам: Наурыз – діни емес, ұлттық, ұлыстық мереке

    0
    189

    Алматы қаласының Бас имамы Еркінбек қари Шоқайдың Наурыз мерекесі және дін мен дәстүр аясында берген сұқбаты:

    – Ассалаумағалайкүм, Еркінбек мырза! Мінеки, тоң жібіп, қар еріп, қытымыр қыстың аязды күндері де артта қалды. Жадыраған көктем келіп, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен қауыштық.

    – Уағалайкүмасслам, рақмет! Иә, Жер-ананың төсі бусанып, тіршілікке қайта жан бітетін, айнала табиғат ерекше түрге бөленіп, көк шығып, мал төлдейтін, адамдар өзара көрісіп, аман-саулық сұрасатын, арты ұлан-асыр тойға, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне ұласатын көктем мезгілі, расында, Тәңірдің баға жетпес сыйы, ұлы нығметі деуге болады. Сондықтан да халқымыз осы мезгілде ерекше дайындықпен қарсы алатын Наурыз мейрамы – ықылым замандардан жаңару мен жасампаздың бастауы, береке мен бірліктің ұйытқысы, ырыс пен құттың көзі ретінде аталып келеді. Осы ретте мен барша қазақстандықтарды, алаш жұртын Наурыз мейрамымен шын жүректен құттаймын.

    – Түркі халықтарына ортақ болған Наурыз мерекесін атап өтуге асыл дініміз – Ислам қалай қарайды?

    – Біздің білуге тиісті нәрсеміз, Наурыз – діни емес, ұлттық, ұлыстық мереке. Бір деректерде, бұл мереке бастауын парсылардан бастау алады делінсе, екінші бір деректерде, түркі халықтарының ықылым замандардан мерекелейтін көктемнің келуін білдіретін төл мерекесі ретінде қарастырылады. Сондай-ақ, көктем мерекесінің қары қалың түсіп, қысы ұзақ болатын өлкелерде ерекше тойланатынын ескерсек, бұл мейрамның қазақ халқының салт-дәстүрімен біте қайнасқанын да байқаймыз. Ал, дәстүрдің озығын құптайтын ислам шариғаты да Наурыз мерекесіне қырын қарамайды. Себебі, ислам шариғаты тек Құран мен сүннетке ғана емес, тиісінше ижмағ (ғұламалардың өзара кеңесі), қияс (салыстыру), ғұрып (ислам дінін қабылдаған елдердің дінге қайшы келмейтін әдет-ғұрыптары) және т.б. негіздерге сүйенеді. Яғни, мұндағы ислам шариғатындағы ғұрыптың орнын айқындайтын болсақ, кез келген халықтың салт-дәстүрі діни ұстанымдарына қарай бейімделетіні анық. Соның ішінде, халқымыздың атадан балаға мирас ретінде жалғасып келе жатқан Наурыз мерекесі ел ішінде тек озық дәстүр ретінде қалыптасқанын көреміз. Осы тұрғыда А.Сейдімбектің «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр», – деген сөзі мәдениетіміздегі ислам дінінің орнын айқындай түседі.

    – Жалпы дін халықтардың өз алдына жеке ұлт болуына, олардың өзіндік дәстүрлерінің қалыптасуына қарсы болмайды дейсіз ғой?

    – Иә, адам баласының әртүрлі ұлттар болып қалыптасуы раббани жүйе болса, олардың әрбірінің ерекшеліктері мен өзіндік құндылықтары бұл жүйеден тысқары болуы мүмкін емес. Егер әрбір ұлттың өз ерекшелігі болмай, баршасына ортақ бір ғана қасиет болғанда, олардың өмір сүруі қиындап кеткен болар еді. Сондықтан, әр қоғамның ойлау өрісіне, географиялық және әлеуметтік талаптарына қарай өзіне тән өмір сүру үлгісі қалыптасты. Осымен әрбір қоғамның күнделікті өмірдегі үйренген жағдайлары, ұстанатын пікірлері, қолданатын сөз тіркестері және қоғамда кең тараған іс‑қимылдарының жиынтығы әдет-ғұрып, салт-дәстүр деген атаулармен жеке зерттелетін болды. Сол сияқты қазақ ұлтының да өзіндік құндылықтары мен өзіне тән ерекшеліктері бар.

    – Бұған қатысты Құранда қандай дәлелдер бар?

    – Алла тағала бұл сұрағыңызға Құран Кәрімде: «Уа адамдар, расында Біз сендерді ер кісі мен әйелден жараттық. Сондай‑ақ, бір‑бірлеріңмен танысуларың үшін сендерді халықтар және тайпалар етіп тараттық. Шын мәнінде Алланың құзырында ең құрметтілерің — көбірек тақуалы болғандарың» (49:13) – дейді. Демек, адам баласының әртүрлі халықтар, ұлттар, тайпалар және рулар болып жер бетіне тарауы Жаратушының тарапынан қойылған табиғи заңдылық.

    Сондай‑ақ, адамдардың тілдері мен түстерінің түрлілігі Жаратушы тағаланың шексіз құдіретінің айғағы. Бұл турасында Құран: «Аспандар мен жердің жаратылысы және сендердің тілдерің мен түстеріңнің түрлі болуы Оның (Алланың) құдірет белгілерінен. Бұл мәселеде білетіндер үшін үлгілер бар» (30:22) – дейді. Бұл аят арабтың тілі – араб, орыстың тілі – орыс, қазақтың тілі – қазақ, сол сияқты адамдардың түстері мен келбеттерінің сан‑қилы болуы Хақ тағаланың шексіз құдіретінің белгісі деп ескертеді.

    – Қазақы дәстүр мен ислам дінінің сабақтастығына көптеген әдет-ғұрыптарымыз дәлел болары анық. Солардың кейбіріне тоқталсаңыз.

    – Жоғарыда айтым ғой, ғасырлар бойы қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан ата дәстүріміздің көбі ислам дінінің негіздерінен бастау алған. Тіпті, халқымыздың кейбір дәстүрлері Құранның әмірлері мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінің жаңғырығындай болып көрінеді. Бұған дәлел ретінде, бірнеше жыл бұрын жарық көрген ІІ томдық «Дін мен дәстүр» кітабында қарастырылған мәселелер мен дін мен дәстүр аясында зерттелген дүниелерді айтуға болады. Соның ішінде, келген қонаққа міндетті түрде дастархан жайып тағам ұсыну, үйге келген қонақтың дәмнен ауыз тиюі, жаңа зат алған адамға байғазы беру, адам басына қиындық түскенде жылу жинау, қуанышты оқиға болған кезде хабарлап сүйінші сұрау және келін түскенде беташар жасап келінді қарсы алу секілді әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді айта білеміз. Жалпы, біздің қазақы салт-дәстүрлерімізде адам баласының тал бесіктен жер бесікке дейінгі білуге тиісті нәрселері мен атқаруға тиісті қызметтері, Құдай алдындағы, отбасы, отан алдындағы міндеттері, адамдық жолы, перзенттік парыздары толық қамтылған. Сондықтан да біз кейбір шариғат талаптарына қайшы келетін тозық дәстүрлерімізден арыла отырып, озық дәстүрлерімізді кеңінен насихаттауымыз керек. Бұл үрдіс, әсіресе, баянды болашақ жолында рухани жаңғыруға бет алған халқымыз үшін, соның ішінде жастарымыз үшін өте маңызды.

    – Қазақта «үйрен де жирен» деген аталы сөз бар. Еліміз егенмендік алғалы жастарымыз шетелден білім алып келуде. Бірі – батыс елдерінен, бірі – мұсылман-шығыс елдерінен. Оларға қазақы дәстүрді сақтау тұрғысында қандай кеңес айтасыз?

    – Еліміз егемендігін алып, дербес мемлекет болғалы ата дініміз – Исламға бостандық берілгені баршаға мәлім. Әрине халқымыздың жастары тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап дін ілімдерін үйренуге ден қоя бастады. Қазақтың жастары бабаларымыздың жолын қуып ислам елдеріне ілім іздеу үшін сапар шегіп те үлгерді. Сол жастарымыз исламның қазақ қоғамының дәстүрлі ұстанымы мен ерекшеліктеріне ешбір тұрғыдан бөтендігі жоқ тәлімін үйреніп келіп жатыр. Десек те, солардың арасында қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығаратын кейбір араб елдерінде тәлім алып келген жастарымыз бар екенін айтпай кетуге болмайды. Әрине соңғыларын ислам шариғатының жоғарыда айтылған түпкі мәні мен мазмұнын дұрыс ұқпағандардың қатарына жатқызуға болады. Сондықтан оларды ғасырлар бойы бір ғана емес, жүздеген ұлттардың ұйытқысы болып келген асыл дінімізді дұрыс түсініп, үйренуге шақырамын. Сол кезде, олар Яссауи, Абай, Шәкәрімдердің ізін қуған нағыз қазақияның тұлғаларына айналмақ.

    – Бәрімізге белгілі, сіз, ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша Өкіл имамы болып тағайындалғаныңызға бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде Алматы қаласы бойынша дін мен дәстүр аясында қандай айтулы шаралар өтті?

    – Иә, расында, жаңа қызметке келгелі, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің қолдауымен тыңғылықты істер атқаруға барымызды салудамыз. Мәселен, былтыр «Ислам және отбасы» жылы аясында дін мен дәстүріміздің сабақтастығын насихаттайтын қалалық деңейде Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен көптеген игілікті шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, қала мешіттерінің бәрінде екі айт мерекесі дәстүрлі сипатта өтсе, ал Наурыз мерекесі дін мен дәстүріміздің аясында тойланып келеді. Биыл да Наурыз мерекесі қала мешіттерінде кең көлемде аталады. Осы орайда, құрметті қала тұрғындары, сіздерді 22 наурыз күні жұма намазынан кейін Алматы қаласы Орталық мешітінде, 30 наурыз күні таңғы сағат 10.00 ден бастап Қарасудағы «Мырзахмет» мешіті жанында өтетін үлттық-дәстүрлі мерекелік шараларға қатысуға шақырамыз.

    – Сұқбатыңызға рақмет!

    Сұқбаттасқан: Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ, Zakon.kz