Балықшының дұғасы

    971

    Күндердің күні бір балықшы әдеттегідей маңдай терімен адал нәпәқасын таппақ болып, қармағы мен ауын арқалап өзен жағасына келеді. Құдайдан ризық тілеп, ауын суға тастап іске кірісіп те кетеді. Алайда, қармағына шабақ та іліне қойған жоқ. Пақыр балықшы еш үмітін үзбей, Жаратқанға жалбарынып, күн ұзақ тырбанып еңбектенді. Үйге балықсыз қайтуға болмайды. Өйткені, бала-шағасы аш отыр. Күн ұясына батып келе жатқанда Құдай беріп, ауына анау-мынау емес үлкен балық ілінді. Еңбегі еш кеткен жоқ.

    Қуанышы қойнына сыймай, ауы мен қармағын жинап, үйіне қарай асықты. Осы кезде серуен құрып жүрген патшаның көзіне балықшы түсті. Нөкерлерін жіберіп, балықшыны алдына шақырды. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші, патшаның көзі бірден бейшараның бала-шағама деген асына түсті. Осылайша, зорлықпен ең соңғы талғажау ететін тамағын тартып алады. Сондағысы сарайда отырған жұбайын таңдандырмақ.

    Кейін сарайына барғанда «Мынаны қара!» деп балықты жұбайына көрсетіп таң-тамаша боп тұрғанда, жануар ыршып патшаның бармағын тістеп алды. Балық тістеген титтей жері сыздап, жанын қоярға жер таппай, түнімен ұйқы көзін көрмеді. Ақыры, дәрігер шақыртып, тексертті. Дәрігер: «Бармағын кесу керек, одан басқа шара жоқ» — деді. Бірақ, мұнан кейін де ауру басыла қоймады. Қолы сыздап, шыдатпай бара жатыр. Тістің уы қолға тарап кеткендіктен, дәрігер білезіктен тағы кесті. Бірақ, одан басылған қол жоқ. Керісінше, патша өзін қоярға жер таппай, жаны мұрнының ұшына келді.

    Амал жоқ, білегінен бір-ақ кесуге тура келді. Осыдан кейін ғана барып ауру басылғандай болды. Бірақ, патшаның жүрегі мазасызданып, тәнінің дерті қайтса да, жаны ауырады. Аяқасты келген бұл пәле қайдан екенін өзі іштей біліп, тынып отырды. Ақыры, патшаның аузынан болған оқиғаны естіген бір данышпан:

    –Жүрегің балықшы кешіргенде ғана жай табады, — деп ақыл айтты.

    Балықшыны адам салып іздестіріп жүріп ақыры тапты. Бір түнде басына келген мұншама бәлелерді айтып, бас иіп кешірім сұрады. Балықшы да «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дегендей, болар іс болды деп кешірімін берді. Осыдан кейін ғана патшаның жүрегі тынышталды. Патша балықшыға: «Сен Құдайдан не деп дұға еткен едің» — дегенде балықшы: «Уа, Құдайым! Бұл маған күшін көрсетіп кетті, Сен де оған Өз құдіретіңді көрсете гөр» — деп айттым, — деген екен.

    Әрине, балық – бар болғаны себеп. Бұл себептің артында Құдайдың құдіреті тұр. Ал, ол құдірет әділетсіздікке ұшыраған бейшараның дұғасына жауап еді. Өйткені, Бұхари және Муслимде Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Жәбір-жапа көрген кісінің дұғасынан (қарғысынан) қорқыңдар. Өйткені, жәбір көргеннің дұғасы мен Жаратқан арасында ешбір перде (бөгет) болмайды»,-делінген.

    Руслан ҚАМБАР