«Бала он жасында намаз оқымаса, ұрыңдар» хадисін қалай түсінуге болады?

    771

    Сұрақ: «Бала он жасында намаз оқымаса, ұрыңдар» хадисін қалай түсінуге болады?

    Жауап: Хадисте: «Балаларыңа жеті жасынан бастап намаз оқуды үйретіңдер. Он жасында намаз оқымаса, ұрыңдар» (Әбу Дәуіт, Салат/26) делінеді. Бүгінде бұл хадистің мағынасын тікелей қабылдаған бір бөлім адамдар «Ислам діні әлі ақылы тола қоймаған балаға қалай намазды міндеттейді? Балаға бір істі ұрып, мәжбүрлеп жасату ақылға қонымсыз іс емес пе?!» деген сынды уәж айтып, дінді сынға алып жатады. Бұл хадистегі көпшілікке түсініксіз болып тұрған тұсы да «Он жасында намаз оқымаса ұрыңдар» деген жері. Хадистің мәніне тоқталудан бұрын, діни мәтіндегі (аят немесе хадистегі) бір сөздің сыртқы мағынасы негізінде үкім шығару көп жағдайда қателікке ұрындыратынын айта кеткен жөн.

    Хадистегі «Д-Р-Б» үш әріпінен құралған «дараба» сөзінің «ұрудан» басқа да «мысал беру», «жол көрсету», «қозғау» және «қайталау»[1] сияқты бірнеше мағынасы бар. Сөйлемнің құрылымдық орнына қарай «дараба» сөзінің мағынасы өзгеріп отырады. Хадистегі «Дараба» сөзіне ұру мағынасын берудің орнына намаздың мәнін мысал беру жолымен түсіндіру, дұрыс жол көрсету, намаздың мәніне көзін жеткізу мағыналарын берген дұрысырақ. Бұл мағыналар діннің негізгі мазмұны болған «Мейірімділік» түсінігінің аясына саяды. Құранда Алланың «Рахман» және «Рахим» есімдерінің 113 сүренің басында қайталанып келуі діннің негізгі мазмұны мейрімділік екендігін көрсетді.

    Ал, кез-келген бір істі күш көрсету арқылы орындату, ұрып-соғу діннің негізгі мағынасына қайшы саналады. Сондай-ақ, «Дараба» сөзінің «ұру» мағынасын қажеттілік жағдайда, яғни, он жастағы бала жойдақсыз кетіп, теріс жолға түсіп бара жатса «жеңіл ұру» арқылы тәрбие беру кезінде кездесуі мүмкін. Ата-ананың мұндай әрекетке баруының өзі баласының келешегіне алаңдаудан, мейірімділіктен жүз беретін сирек жағдай деуге болады.

    Имам Матуриди: «Адам бір істен нәтиже шығару үшін әрдайым сол істі ойлап, талмай еңбек етуі керек. Адамның қабілетін ұштап, жетістікке жетуі оңай іс емес. Тіпті, жетістікке жету үшін кейде материалдық пайдадан да, өмірдің ләззатынан да бас тартуға тура келеді. Сол себепті, Алла Тағала әлі балиғат жасына толмаған жеті жастағы балаға намаз оқу сияқты ғибадаттарды үйретуге шақырды. Ол – баланың жастайынан еңбекқор, табанды болып ер жетуіне, есейген шағында жауапты ісін тыңғылықты істеуінің кепілі. Сондай-ақ, бір ғимараттың салынуы яки кеменің жасалуы үшін соларды жасай алатын іскер, білімді адам керек. Білімсіз адамның қолынан мұндай үлкен іс келмейді. Қолынан іс келмеген адам өзгелерге кіріптар болумен өтеді»[2] — деп, шариғатта әлі бұғанасы қатпаған баланы намазға бейімдеудің мәні ісіне жауапкершілікпен қарауға, ұқыпты болуға тәрбиелеу екендігін айтады.

    Ислам ғұламалары, жеті жас пен он жас аралығында бірлі-жарым балалар болмаса, көбі он үш жастан кейін, тіпті, климаттық ортаға байланысты одан да кеш балиғат жасына толуы мүмкін дейді. Балиғат жасына толуымен діни парыздарды (намаз оқуы) орындауы керек болады. Хадисте не үшін жеті жас пен он жастағы баланы намазға бейімдеу айтылды дейтін болсақ, оны имам Матуриди көзқарасы негізінде түсінген дұрыс. Өйткені, бала осы шағында физиологиялық-психологиялық даму үдерісінен өтеді. Физиологиялық тұрғыдан баланың бойының үздіксіз өсу уақыты. Күніне бес уақыт намаз оқыған баланың буыны мен бұлшық еттері көп әрекетке түсіп жетіледі, қиямда тұру бойын тік ұстап жүруге және т.б. физиологиялық дамуына көмектеседі. Ал, психологиялық дамуы болса, намаз оқыған бала ойын жинақтауға, күнделікті ісін реттеуге әдеттенеді. Сол арқылы әлеуметтік өмірге тез бейімделіп, өзін қоғамның жоғын жоқтап, кемін бүтіндеуге лайықты жан ретінде сезіне бастайды, сөйтіп толық адамға айналады.

    Қорыта айтар болсақ, хадисте әлі балиғат жасына толмаған жеті жастағы баланы намазға бейімдеу, он жасқа толғанда онымен көбірек жұмыс істеудің мәні баланы өзі өмір сүрмеген уақыттың талаптарына жауап бере алатындай етіп дайындау керектігін ұқтырады. Яғни, баланың ой-санасы өмір сүрген уақытының талабынан алда жүріп отырмаса, бір күні діни әрі ұлттық, қоғамдық пікірі өзінен әлдеқайда озық адамға жолығатын болса, іштей өз құндылықтарынан жерініп, соның артынан кетіп қалуы мүмкін. Демек, дінде жас ұрпақты даналықпен намаз оқуға баулумен бірге, ораза ұстауға және т.б. құлшылықтарға ертерек әдеттендіру ұрпақтың жан-жақты жетілуіне жол ашады.

    [1][1] Мунжид фил-лұғати уәл әғлам, 1-том,  448-449 бб.

    [2] Матуриди, Китәбут тәухид, 18-19, 140, 175 бб.