Бай болудың 2 жолы

    0
    766

    Алла Тағала пенделерін кең мейірім, рақымымен сан-алуан нығметке бөлеген. Ішіп-жеу, киім-кешек, дүние-мүлік тәріздес нығметтердің барлығы Алла тағаланың құлына сыйлаған ерекше сыйы.

    Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сабырлылық, үнемділік және қажетсіз ысырапшылдыққа жол бермеушілік, пайғамбарлық сипатының жиырма төрт қасиетінің бірі. Ысырапшылдыққа жол бермеңіз», – деп ескертеді.

    Ал адамзатқа жүктелген міндет – сол берілген сансыз нығметтерді жөнімен қолданып, астамшылық көрсетпей, ысырапшылдыққа жол бермей, үнемшіл болу керек.

    Егер бай боламын десеңіз, онда оның екі жолы бар, бірі  ысырыпқа жол бермеу, екіншісі үнемшіл болу. Осы орайда, ата-бабамыз «Тарта жесең тай қалар, тартпай жесең не қалар!?», — деп бекерге айтпаса керек-ті.

    Ысырап –  Алла Тағаланың сыйлаған әрбір нығметін өз орнымен қолданбау, яғни ысырап деген:

    1. Алла Тағала сүймейтін іс, үлкен күнә,
    2. дүние-мүлкіңді орынсыз шашу,
    3. уақытыңды дұрыс қолданбау,
    4. берекені қашыратын жағымсыз әрекет,
    5. мөлшерден артық ішіп-жеу,
    6. тапқан дүниенің түбіне жету,
    7. бұ дүниенің өзінде де кесірін тарттыратын дерт, шайтан әрекеттерінен,
    8. артық тамақтар мен таза нан қалдықтарының қоқысқа тасталуы,
    9. суды бекерге ағызып қою, дәрет алу кезінде артық суды қолдану.
    10. той немесе құдайы ас бергенде шама-шарқына қарамастан құр қалмайын деп шашылу.

    Ал, үнемшілдік – Алла Тағала берген нығметті орынды жұмсап, ұқсатып пайдалануға саяды. Яғни үнемшілдік деген:

    1. кедейліктен сақтану,
    2. байлыққа жету,
    3. шектен тыс кетпеу,
    4. шүкіршілікті ұғыну,
    5. Алланың берген нығметтерінің қадірін білу,
    6. Алланың мейірімі барын сезіну,
    7. өзіне берілген сый-сыяпаттың қадірін түсіну,
    8. белгілі бір өлшемде ғана қажетіне жұмсау,
    9. Жаратушының бергенін қанағат қылу,
    10. Алла Тағаланың разылығына бөлену.

    Ислам ғалымдарының көзқарасы бойынша, Алла үшін жұмсалған дәулет ысырапқа жатпайды. Туған-туысымызға, міскін-кедейлерге, сапарға шығып жолда қалғандарға қанша қайырымдылық көрсетсек те ысырапқа жатпайды. Сондықтан әрбір ісін жақсы ойлап, ысырапқа жол бермей, үнемшіл болу – мұсылманның міндеті.