Түркістан облысы Созақ ауданына жолыңыз түсе қалған күнде Жартытөбе елді мекенінің іргесіне тиіп тұрған Баба ата ауылына соқпай кетпегейсіз. Мұнда іргетасы VIII ғасырға тиесілі деп саналатын қазақ даласындағы шежірелі орынның бірі – Ысқақ баб кесене-мешіті орналасқан.

Тарихи жазбаларда Ысқақ баб Түркістанға хижраның 150-ші жылдары, яғни қазіргі жыл санауымен алғанда 762-767 жылдары келгені айтылады.

Сол кездегі дала түріктерінің ең соңғы шекарасы болып саналатын Қаратаудың терістігіндегі Қаракөз бұлағының маңына қоныс теуіп, тұрақтап қалған. Сол жерде мешіт, медресе салып, бала оқытып, жергілікті халықты исламға уағыздаған. Ысқақ баб қайтыс болған соң басына сағана орнатылып, ел арасында осы бір киелі жер Бабата елді мекені деп аталып кеткен.

Алыстан көз тартатын еңселі кесене үш бөліктен тұрады. Төріндегі сағанада – Бабтың қабірі орын тепкен. Оның сол жағында тағы бір шағын бөлмесі бар, ал кіре берісіндегі кең жай – құбылалы мешітте баба басына зияраттап келгендер намаз өтейді.

Жұма күні ауыл тұрғындарының қатысуымен азан шақырылып, жамағатпен бірге апталық ғибадат орындалады. Кесененің кіре берісіндегі мешіттің төріне көнеден жеткен жәдігер – насабнама, яғни қожалар әулетінің шежіресінің көшірмесі қойылыпты. Бұл Ысқақ бабқа қатысты барлық сауалдарға жауап беретін тарихи құжат саналады.

Кесене салынғалы бері ата-бабасы осында шырақшы болған Садық Әбдірашұлы өткен-кеткендерге киелі жердің аңыз-әфсанасын әңгімелеуден жалыққан емес. Ұзақ жылдар жергілікті мектепте мұғалім болған, қазірде зейнет жасындағы қарияның жөн сілтеуімен, қазақ халқы қашаннан қастерлеп келген әулиенің басында тың деректерге қанықтық.

«Менің әкем де, оның әкесі де, жалпы аталарымыз неше ғасырдан бері осы жерде шырақшы болған. Бірақ қуғын-сүргін жылдары кесене қараусыз қалып, азық-түлік, астық сақтайтын қамбаға айналды. Ұжымшар кезінде мал қора болғанын, қойма болғанын көзім көрді. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана азаматтар бас көтеріп, үлкен ас берді. Зиярат етушілерге жай салып, шырақшысын қойып халық игілігіне берді» — дейді ақсақал.

Оның айтуынша, Ысқақ Баб – әлемге ислам нұрын шашқан Мұхаммед пайғамбардың (с.ә.у.) төрт Ұлық халифасының соңғысы, Хазреті Әли Мұртаза ибн Әбу Талибтің жетінші ұрпағы. Дін орнату жолындағы ерен еңбегі үшін «Исламның қылышы» атағын алған.

Аталған тарихи сәулеттік кешеннің аумағында  діни сауат ашуға арналған 23 құжыралы медресе де бар. 400 шәкіртке лайықталған ғимарат қазір  қаңырап, қараусыз тұр. Көптен жөндеу көрмеген есік-терезелерінің тозығы әбден жетіп, ортағасырлық дәстүрлі композициямен тұрғызылған ғимарат кірпіштері күнге қурап, желге мүжіле бастаған. Ал сол маңдағы таңбалы тастар мен көне қалашықтың орны әлі де толық зерттеліп бітпеген.

Мысалы, кесененің алдында қаз қатар тізілген төрт тас бағана туралы түрлі болжам айтылады. Бірі ат байлайтын қазық есебіндегі дүние десе, енді бірі қылыш жанитын қайраққа балайды.

Ал осынау бағаналардан әрірек тұста тарихы беймәлім ойық, шомбал тағы бір тас жатыр. Тастың алып адамның табан пішініне келетін ойығына аяғын салғандар, бойына ерекше шипа дариды деп сенеді. Мұның да кесене аумағында қайдан жатқандығы турасында да ешкім біле бермейді.

Сан ғасырлық тарихын ішіне бүгін жатқан Бабата кентінде қазір мыңнан астам тұрғын тіршілік етеді. Жартытөбе ауылының әкімі Бақытжан Әділбековтің айтуынша, мұнда алыс-жақыннан келетіндердің легі қысы-жазы толастаған емес. Сондықтан тиісті ұйымдар тарапынан аталған орынды туристік кешенге айналдыруға жағдай жасап, материалдық-техникалық базасын жақсарту шаралары іске асырылса дейді.

Бүгінде кесене мәдениет және спорт министрілігінің қарауында болғанымен, кешенді жөндеу жұмыстары ұзаққа созылатын сыңайы бар. ХІІ ғасырда өмір сүрген әйгілі Сүлеймен Бақырғанидің

«Ысқақ баба ұрығы,

Шайқы Ибрагим құлыны,

Машайықтың ұлығы,

Шайқым Ахмет Йассауи» — деп ұлықтаған Қожа Ахмет Йассауи – осы Ысқақ Бабтың он үшінші ұрпағы екен.

Халық жыр-дастандарынан аңыз болып бүгінге жеткен, түркі жұртына тиесілі рухани үдерістердің дерек көзіндей болған әулиелі орын, сәулеттік ескерткіш әзірге ауыл тұрғындары мен шырақшылардың бас-көз болуымен ғана қалқиып тұр.