А.Әкімханов: Құранды тәржімалауда тәпсірге сүйендік

    Осыдан төрт жыл бұрын белгілі исламтанушы-ғалымдар, Египет университеттерінің түлектері Асқар Әкімханов пен Нұрлан Анарбаев дәл Рамазан айында Қазақ еліне тамаша сый жасаған болатын. Ол – «Құран Кәрім. Қазақша түсіндірмелі аудармасы» кітабы еді.

    0
    1072

    Құранды қазақша сөйлеткен қос автордың бірі, көп жылдан бері Нұр-Мүбарак университетінің Исламтану кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарып келе жатқан ғалым, PhD докторы Асқар Әкімханов kazislam.kz порталына арнайы сұхбат берді.

    Асқар Болатбекұлы, ғылым жолындағы ұстаздарыңыз жайлы айта отырсаңыз, қай оқу орнының түлегісіз?

    –Алланың қалауымен, 1999 жылы Мысыр Араб республикасына оқуға бардық. Әл-Азһар университетінің дайындық курсында оқыдық. Сонымен қатар, араб тілін арнайы оқытатын бір жылдық курсты тәмамдадық. Бұл енді 1-2 жылдық дайындық кезеңі болатын. Мұнан соң, Алланың қалауымен, Каирдегі белді оқу орындарының бірі «Айн Шамс» университетіне қабылдандық. «Айн Шамс» университетінің «Әлсун», яғни, әлем тілдері факультеті, соның ішінде араб тілі бөліміне оқуға түстім.

    2001-2005 жылдар аралығында аталмыш факультеттің Араб тілі және аударма ісі мамандығы бойынша білім алдым. Аударма ісі деп айтып отырғаным, негізгі бөлім араб тілі деп аталады. Базалық біліктілік араб тілі, десе де, бізге аударма ісі бойынша теория және практикасының қыр-сыры оқытылды. Әлемдік тілдер факультетінде орыс тілі кафедрасының араб ұстаздарымен бірлесе отырып, аударма әдістері, аударма қалай жасалу керек деген мәселе бойынша үлкен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік болды.

    Айтып өткенімдей мамандығым тіл болғанымен, шетелдік студенттерге арнайы бағдарлама әзірленген. Сол бағдарлама аясында Ислам ілімдерінің негіздерін, оның ішінде Ислам тарихы, ислам өркениеті, философиясы, Құран және хадис ілімдері пәндерін игердік. 2005 жылы Әлемдік тілдер факультетін «өте жақсы» деген көрсеткішпен тәмамдап елге оралдық.

    Ұстаздарыма келсем, Әлемдік тілдер факультетінде дәріс оқитын мысырлық профессорлар мен докторлар болды. Бұған қоса, араб тілі грамматикасы, хадис және ақида сынды ілімдер бойынша мысырлық ұстаздардан білім алдым.

    Құран Кәрімді аудару жобасын қолға алу идеясы қалай туындады? Аудару барысында қандай талаптарды басшылыққа алдыңыздар, жоба қанша жылға созылды?

    –Құран аудару идеясына келсек, белгілі деңгейде халықпен араласамыз. Сонда көпшіліктен Құранның аудармасын оқысақ, көп жерін түсінбей қаламыз деген сөздер, уәждер естідік. Сөйтіп, бізге дейін, Алла разы болсын, марқұм Халифа Алтай атамыз және Рәтбек аталарымыз белгілі деңгейде Құранның аудармасын жасаған болатын. Біз де өз кезегімізде оқырмандардың сұранысы негізінде, қарапайым қазаққа Құранды ашып оқығанда мейлінше түсінікті болатын аударма нұсқасын жасауды ұйғардық.

    Аударма барысында Құран тәпсірлерімен қатар, бізге дейін Құранды тәржімәлаған аудармашылардың еңбектеріне де қарадық. Соның ішінде, Ақыт қажы Үлімжіұлының Құран аудармасын салыстырмалы түрде қарағанда сәтті шыққан аударма деп айта аламын.

    Аударма ісі екі жарым жылдай уақытқа созылды. Одан кейін аударманың өңделуі, редакциясы, коррекциясы және баспаға дайындық жұмыстарымен қосқанда үш жылдан аса уақыт жұмсалды. Негізгі мақсат ‒ қарапайым қазақ оқырманы, сондай-ақ тіл мен дін саласындағы мамандар да пайдалана алатын деңгейде еңбек жасау болды. Сол мақсатымыз белгілі деңгейде орындалды деп ойлаймын. Ал, аударма барысында алға қойған басты мақсатымыз ‒ Құран аяттарының оқырманға мейлінше түсінікті де ұғынықты болуы.

    Құран Кәрім қазақша аудармасымен оқырман тұңғыш рет алғаш мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы және ғалым Халифа Алтай еңбектері арқылы танысты. Кейін тағы да бірнеше авторлар да аударды. Аталмыш еңбектер өз уақытының діни бейнесін көрсететін сияқты. Сіздердің еңбегіңіз ғылыми ортада қалай қабылданды?

    –Иә, жоғарыда айтқанымдай, Халифа Алтай, Рәтбек қажы Нысанбайұлы аталарымызға Алла разы болсын, Құранға жасаған қызметтері ақырет таразысында ауыр бассын деп тілейміз. Әрбір ғылым, аударма ісі де ғылымның бір тармағы ретінде белгілі бір даму кезеңдерінен тұрады. Сондықтан, ол кісілердің жұмыстарын өз кезеңінде ауадай қажетті, қоғам сұранысына толық жауап берген, қоғамның мұң-мұқжатын белгілі дейгейде өтеген іргелі еңбектер ретінде бағалаймыз.

    Біздің де Құран аударуды қолға алуымыздың негізгі себебі, оқырмандардың: «Біз Құранды барынша жеңіл тілде түсінгіміз келеді» деген өтініші немесе ұсынысы еді. Сол тұрғыдан қолға алынып, Алланың қалауымен еңбегіміз жарыққа шықты.

    Ғылыми ортада қалай қабылданды дегенге келсек, жалпы оқырман, оның ішінде исламтанушы және дінтанушы мамандар аударманы оқып алғысы мен ризашылығын білдіруде. Бұл Алланың қалауымен болған іс. Аллаға шүкір алға қойған мақсатымызға жеттік деп ойлаймыз.

    Құранның тілі мен стилі ерекше. Ауқымды ойды қысқа екі ауыз сөзбен жеткізеді. Қала берсе, бір сүрелерде бір аят бірнеше рет қайталанып келеді. Құран оқығанда мұндай қайталаулар ерекше әсер қалдырады. Ал, аударған кезде, түп нұсқадағы маңызы сезілмей тұрады. Осындай, аяттарды аударуда құнарын қаз-қалпында жеткізу қалай шешімін тапты?

    –Құранның кейбір аяттары өте маңызды болғандықтан, пайғамбарлар мен олардың қауымы жайлы қиссалар бірқатар сүрелерде қайталанады. Бұл бекер емес. Құранда бірде-бір сөз орынсыз айтылмаған. Барлығының астарында, арғы жағында көптеген хикметтер жатыр. Құранның ақиқаттарды жеткізуде өзіндік әдісі бар. Сол әдістердің бірі де бірегейі – тасриф әдісі. Тасриф әдісі – бір оқиғаны, қиссаны немесе ақиқатты орайы келген кезде бірнеше рет қайталап өту. Бұл әдісті бүгінгі таңда да діни құндылықтарды насихаттауда қолдану аса қажет деп ойлаймын.

    Мысалы, Құрандағы Мұса пайғамбардың (ғ.с.) қиссасы бірнеше жерде келеді. Сондай-ақ, Сүлеймен мен Дәуіт пайғамбарлардың (ғ.с.) қиссасы да бірнеше сүрелерде қайталанады. Бірақ, әр сүреде сол қиссаның ерекше жаңа қыры ашылған. Адам баласының күнделікті ішіп-жемінде тағамның бір түрін бір ғана әдіспен әзірлеп, пайдалана берсе, яғни етті тек қайнатып жей берсе одан жалығатыны мәлім. Сол себепті, біз бір өнімнің өзін түрлендіріп бірнеше әдіспен әзірлеп, тұтынамыз. Тасриф әдісі де сондай, адамды жалықтырмайды. Құранда да бірнеше мәрте қайталанып келетін белгілі аяттар мен ғибратты қиссалар реті келгенде оқырманның назарын өзіне тартып, қызықтырып отырады.

    Әрине, Құран аяттарын қазақша сөйлеткен кезде, маңызды тәпсірлерге жүгіндік. Тәпсірге сүйенбей Құранды аудару мүмкін емес.

    Құран аудармасында, менің байқағаным, дау тудыратын мәселелер муташабих аяттар аудармасы. Бұл мәселені қалай шештіңіздер? Негізі муташабих аяттардың аудармасы қалай болғаны дұрыс? Мысал келтірсеңіз…

    –Муташабих аяттарға қатысты айтсам, бастапқыда ондай аяттарды түпнұсқа мәтін негізінде белгілі деңгейде сөзбе-сөз берген жерлер де болды. Сосын сол аяттарға сілтеме беріп, негізгі мағынасын түсіндіруге тырыстық. Бірақ, Діни басқарманың Сараптау бөлімінен аударманы өткізгенімізде, осы мәселе бойынша бірқатар нұсқаулар берілді.

    Муташабих аяттарға қатысты бүгінгі таңда туындап отырған ақидалық проблемаларды ескере отырып, муташабих аяттар мен сипаттарды барынша тәуил әдісі негізінде аудару керектігі айтылды. Тәпсірші ғалымдар мұндай аяттардың астарлы және ауыспалы мағынасын берген болса, дәл сол әдісті аудармада қолдану қажет деген ұсыныс болды. Осылайша, Құрандағы муташабих сипаттар мен аяттарды классикалық және заманауи тәпсірлерге қарай отырып, тәуил әдісімен аударуға тырыстық.

    Бұдан бөлек, муташабиһ аяттарды тәуил әдісі негізінде аударудан бөлек, оларға қосымша түсіндірме де бердік. Бұл өте маңызды. Өйткені, бұл тақырып – өткен заманда және бүгінгі таңда мұсылмандар арасында дау тудырған мәселе. Сондықтан, біз бұған баса назар аудардық. Мысалға, Құрандағы муташабих сипаттардың бірі – «Иәд». Бұл сипат Құранда жекеше, екілік және көпше түрде келген, сондықтан аталмыш сипат келген аяттарды контекст және тәпсірлер негізінде аудардық.

    Бұған қоса, осы аяттардың түсіндірмесін бергенде негізінен тәпсірші ғалымдардың, оның ішінде өзіміздің сенім мектебіміздің негізін қалаған имам Әбу Мансур Матуридидің «Тәуиләт Құран» немесе «Тәуиләт әһл әс-сунна» деп аталатын Құран тәпсірін басшалыққа ала отырып аударуға тырыстық.

    Имам Матуриди (Алла оны рақымына бөлесін) муташабих аяттарды тәуил жасаған кезде контекстке баса назар аударған. Имам Матуридидің Құранды тәпсірлеуде ұстанған басты әдісі – Құранды Құранмен тәпсірлеу. Яғни, Құран аятын оның мәнін аша түсетін басқа бір аятпен тәпсірлеу. Міне, біз осы контекстуалды тәпсір әдісі негізінде Құранда бірнеше сүрелерде келетін «Истауа алә әл-Арш» аятын «Алла Аршқа истиуә етті» деп аудардық. Біз Арш және истәуә сөздерін аудармай термин сөз қалпында қалдырдық. Бірақ, мағынасын, атап айтқанда, «Арш», «истәуә» сөздерінің түпкі мән-мағынасын қосымша түсіндірме беру арқылы түсіндірдік.

    Имам Матуридің бір ерекшелігі Құранда бірқатар аятта келген «Истауа алә әл-Арш» деген сөзді контекстуалдық тұрғыдан тәпсірлейді. Яғни, ол бәз біреулер сияқты аяттың дәл осы бөлігін қырқып алып, оны өзінің ақидасына дәлел ретінде алға тартпайды. Имам Матуриди бұл аяттың осы бөлігін алдында келген сөздермен сабақтастырып, байланыстыра отырып тәпсірлейді. Бір қызығы, осы «Истауа алә әл-Арш» сөзі келген барлық аяттарда Алла Тағаланың көктер мен жерді жаратқандығы, әсіресе көктер мен жерді алты күнде жаратқандығы баян етіледі. Сондықтан да имам Матуриди «Истауа алә әл-Арш» сөзін аятта келген алдыңғы сөздермен байланыстыра отырып тәпсірлейді. Яғни, көктер мен жерді алты күнде жаратты дегеннен кейін келетін «Истәуә алә әл-Арш» сөзінің ықтимал мағынасы ‒ жетінші күн екенін айтады, ал ол күннің мән-мағынасының не екенін тәпсірінде бірнеше жолдармен керемет тарқатып тәпсірлеген.

    Аударма барысында тәпсір кітаптары қолданылғаны байқалып тұр. Жалпы, тәпсір оқимын деген исламтанушы мамандарға қандай классикалық әдебиеттерді оқуға кеңес бересіз?

    –Әрине аударма барысында тәпсірге қарау әрбір аудармашыға міндетті болып табылады. Сондықтан да, тәпсір кітаптарына жүгіне отырып, аяттардың мән-мағынасын ұғынықты етіп беруге тырыстық. Бұл жерде мына нәрсені де айта кеткен жөн, біздің аударманың ерекшелігі – мағыналық аударма болуында. Құран аяттарын сөзбе-сөз аударудан гөрі мағыналық тұрғыдан аудару өте тиімді.

    Жалпы, Құран аудармасына қатысты тәржімәнің негізгі екі түрі болады. Ол сөзбе-сөз аударма, аударманың бұл түрі қайткен күнде де толыққанды түсінікті және ұғыныңқы аударма болмайды. Ал, мағыналық аударма болса, аяттардың мән-мағынасын ашып беретін тәпсірлер негізінде аяттарды мағыналық тұрғыдан аудару. Сөзбе-сөз аударма мен тәпсірдің ортасы мағыналық аударма саналады. Негізі Құран аудармаларының барлығы дерлік аударманың осы түріне жатады. Өйткені, Құранды сөзбе-сөз дәл арабшадағыдай толыққанды жеткізу әсте мүмкін емес. Құран араб тілінде ғана Құран һәм мұғжиза саналады. Ал, басқа тілге аударылғанда, ол Құран сөздерінің немесе аяттарының негізгі бір-екі мағынасын ғана білдіретін аударма болып қалады.

    Ал, тәпсірлерге келетін болсақ, Құранға жазылған том-том тәпсірлер бар. Тәпсірлерді классикалық және біздің заманымызда жазылған еңбектер деп бөліп қарастыруға болады. Классикалық тәпсірлерге тоқталатын болсақ, риуаят негізінде жазылған және дираят негізінде жазылған тәпсірлер болып екіге бөлінеді. Риуаят тәпсірінің ең алғашқы үлгілерінің бірі де бірегейі – имам Табаридің тәпсірі. Дираят тәпсірінің ең алғашқы үлгісі – имам Матуридидің «Тауилат әл-Құран» атты еңбегі.

    Одан кейін Құран тәпсірлері белгілі бір сала, белгілі бір бағыт бойынша да жазылған. Мысалы, фиқһи тәпсір. Бұған имам Құртубидің тәпсірін жатқызуға болады. Ақидалық тәпсірге Имам Матуридидің тәпсірін жатқызуға болады. Имам Замахшаридің тәпсірін тілдік негізде жазылған тәпсір деп айтып жатады. Имам Замахшари ақидалық тұрғыдан муғтазилә көзқарасында болғанымен тілдік тұрғыдан алғанда оның еңбегі құнды боп саналады. Сонымен қатар ишари тәпсір деген тәпсірлер де кездеседі, бұл сопылық дәстүр негізінде жазылған тәпсірлер. Міне, осындай түрлі ғылым салалары бойынша жазылған тәпсірлер де бар.

    Исламтанушы және дінтанушы мамандарға араб тіліндегі имам Табари, имам Матуриди, Бағауи, Құртуби, сонымен қатар, Ибн Касир, Самарқанди сынды ғалымдардың тәпсірлерін оқуды ұсынар едім. Қысқа да нұсқа әрі ұғынықты тілмен жазылған тәпсір ретінде «Тәфсир әл-Жалалайн» тәпсірін айтар едім. Заманауи ғалымдардың ықшамды тәпсірлерінен имам Сабунидің «Сафуат әт-Тәфәсир» кітабын оқуды кеңес беремін. Бұл тәпсірдің бір ерекшелігі өзіне дейін жазылған бірқатар классикалық тәпсірлерді қамтыған. Заманауи ғалымдардан Уаһбат аз-Зуһайли, Шарғауи және Тантауи сынды ғалымдардың тәпсірлері бар. Бұл еңбектер бірнеше томнан тұрады. Міне, осы тәпсірлерді оқуға кеңес берер едім.

    Менің ойымша, бұл еңбек арқылы бүгінгі таңдағы елдегі исламтанушы ғалымдардың әлеуетін көруге болады. Ғылым үшін аз уақытта айтулы жетістіктің бір бейнесі іспетті. Ислам тарихында Аббаси халифалығы дәуіріндегі ғылыми зерттеулер жоғары жетістікке жетті. Оның бірден бір себебі ретінде мемлекет тарапынан толықтай қаржыландырылғаны айтылады. Қолымыздағы Құран аудармасы сияқты жобаға мемлекет қаржы бөле ме?

    –Отандық ғылым саласында, оның ішінде дінтану мен исламтану ғылымы бірте-бірте дамып келе жатыр. Соның ішінде, жас мамандар тарапынан Құран ілімі, хадис ілімі, тәпсір ілімі, фиқһ пен ақида ілімдеріне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – қуантарлық жағдай. Біздің міндет – заман талабына сай, діни ғылымдардың дамуына үлес қосатын лайықты деңгейде еңбектер жазу.

    Ал, қаржыландыру мәселесіне келсек, бұл Құран аудармасы жеке идея әрі өз тарапымыздан қолға алынған жоба болатын. Сондықтан мемлекет тарапынан ешқандай қаржылай қолдау болған жоқ. Десек те, діни әдебиеттердің ішінде, мейлі ол аударма болсын, мейлі арнайы жазылған кітап болсын, мемлекет қолдауымен шығып жатқан кітаптар да баршылық. Бірақ, бұл Құран аудармасы – Алланың қалауымен жеке өз тарапымыздан қолға алынған жоба. Сондықтан бұл жеке кәсіпкерлер мен дін жанашырларының қаржыландыруымен жарыққа шыққан еңбек.

    «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам университетінде ұстаздық қызмет атқарасыз. Жұрт аталмыш білім ордасын тек мешіт имамдарын шығаратын университет деп біледі. Жалпы студенттердің ғылымға деген құлшынысы қандай?

    –Егемендік алғаннан бері елімізде іргелі діни оқу орнын ашу және оны дамыту қолған алынған болатын. Қазіргі таңда, «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті Қазақстандағы діни жоғары білім беретін, Исламтану және Дінтану салалары бойынша білікті мамандар даярлайтын іргелі оқу орны саналады. Еліміздегі имамдар, дінтанушылар және исламтанушылардың дені – осы университет түлектері. Жастардың бүгінгі таңда, әсіресе исламтанушы мамандығындағы студенттердің ғылымға деген ықылас-ынтасы ерекше деп айта аламын.

    Әрине, бес саусақ бірдей бола бермейді, дегенмен, унисерситет бағдармаласынан бөлек, ертелі-кеш мешітте және ұстаздардан қосымша дәрістер алып, асыл дініміздің іргелі кітаптарын оқып жүрген шәкірттер де баршылық. Аллаға шүкір, олардың ғылымға деген ықыласы арта береді деп сенемін. Жалпы жас буын студенттердің аяқ алысы жаман емес. Болашақта Орталық Азия жерінен шыққан кешегі имам Матуриди, Самарқанди, Баздауи, Нәсәфи және имам Бұхарилердің жолын қуған үлкен ғалымдар шығады деген сенімдеміз. Кезінде Қазақ жерінен Сығнақи, Итқани, Тарази, Кәрдәри және Исфижабилер (Сайрамилер) сынды үлкен ғұламалар шыққан болатын. Солардың үзіліп қалған жалғасы бүгінгі өскелең жас ұрпақтан шығады деп үміт етемін.  

    Салиқалы сұхбатыңыз үшін көп рақмет!