А.Қуанышбаев: Алла құзырында ешкім ешкімнен жоғары емес

    597
    @ sunna.kz

    Нұр-Сұлтан. 18 маусым. KAZISLAM –  Нұр-Сұлтан қаласы «Ғылмани» мешітінде ҚМДБ «Балаби қари» қарилар дайындау орталығының директоры, елімізге белгілі ұстаз Арман Қуанышбаевпен кездесу болды, деп жазады sunna.kz.

    Айтылмыш игі жиында Арман Қуанышбаев «Исламдағы бірліктің орны» тақырыбында тағылымды уағыз-назихат айтты.

    Уағыз тыңдаушылардың қарасы бұрынғы кездесулермен салыстырғанда анағұрлым көп болған.

    Жиналған жамағат арнайы келген исламтанушыға маңызды сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.

    – Ислам – амандық пен бейбітшілік діні. Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аятта айтылған. Өйткені Құран ынтымақ пен бірлікті баса назарда насихаттайды. Ислам ең соңғы кәміл дін. Ислам қоғам ішіндегі өзге дін өкілдеріне дінді мәжбүрлеп қабылдатуды бұйырмай, керісінші құрметпен қарауды, жүректеріне жол таба білуді бұйырады. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла құзырында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді, – дейді, ұстаз Арман Қуанышбаев.