Ақтөбе: Облыс әкімі жергілікті имамдармен кездесті

    0
    499

    24 сәуір. KAZISLAM – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті имамдармен кездесті, деп жазады Ақтөбе облыстық Дін істері басқармасы Facebook желісіндегі парақшасында.

     «Дін – тұрақтылық кепілі» тақырыбында өткен жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) төрағасының орынбасары, найб мүфти А.Ш.Әділбаев та қатысты.

    Оңдасын Сейілұлы өз сөзінде Ақтөбе облысы бойынша ҚМДБ өкілдігі қызметкерлерінің саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, қайырымдылық шараларын ұйымдастырудағы белсенділігін атап өтіп, оларға осы қызметтері үшін өз алғысын жеткізді. Сондай-ақ, «Уақып» қоры, ҚМДБ өкілдігі және облыс әкімдігі арасындағы үшжақты меморандумның және білікті мамандарды даярлау мәселелерінің маңыздылығын да атап көрсетті. Сөз соңында өңір басшысы имамдарды елімізде болып жатырған саяси оқиғалардың өзектілігі мен ұлттық құндылықтардың маңыздылығын халыққа кеңінен түсіндіруге шақырды.

    Кеше, яғни 23 сәуірде имамдардың біліктілігін тексеру мақсатында өткізілген аттестациялауға орай арнайы шақыртылған ҚМДБ-ның найб мүфтиі А.Әділбаев өз кезегінде өңір басшысына өкілдік пен жергілікті имамдарға көрсетіп отырған қолдауы үшін алғысын білдірді.

    Сонымен қатар, жиын барысында облыстың өкіл имамы Т.Оспан «Діни рәсім» мобильді қосымшасының жобасымен таныстырды. «Діни рәсім» мобильді қосымшасын даярлаудағы негізгі мақсат діни қызметкерлер мен жамағат арасындағы байланысты нығайту. Бұл қосымша арқылы қолданушылар діни жораларға, рәсімдерге және жергілікті мешіттерге қатысты ақпараттармен таныса алады.