Ақтөбе облысында діни қайраткерлерге арналған аллея ашылды

    154

    9 қазан. KAZISLAM – Қазанның алғашқы аптасында Ақтөбе облысының іргелі өңірі – Қобда ауданының 90 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Аудан мерейтойына облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған қонақтар республиканың түкпір-түкпірінен жиналды. Мерейтой аясында айрықша тағылымды шара өтіп, Қобда аудандық орталық «Шәріп молда» мешітінің алдында «Руханият әлемі» аллеясы салтанатты түрде ашылды.

    Елімізде мұсылман дінін таратып, ағартушылықпен айналысып, қажылыққа барған ата-баба есімдерін халық жадында жаңғыртып, жас толқынның жаттап-өсуінің маңызы зор. Сондықтан Қобда жерінен шыққан діни қайраткерлер құрметіне 13 ескерткіш тақта қойылды. ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша бас имамы Төлеби Оспан жаңа аллеяның ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, заманында елге еңбегі сіңген қасиетті ата-баба әруағына Құран бағыштады.

    Кезінде бала оқытқан ишандар мен хазреттерге арналған гүлзардың ашылуына ұрпақтары демеушілік жасады. Діни қайраткер Абдоллаұлы Бисен хазіреттің ұрпағы Жібек Абдуллина жомарт жүректі азаматтарға алғысын айтып, сый-сияпатын тарту етті. Әкелі-балалы Абдолла хазірет пен баласы Бисен хазіреттің есімдері аңызға пара-пар. Қажылық парызын өтеп келіп, Меккеге екінші рет бара жатқан сапарында қайтыс болған қажылардың есімдері ұмытылмай, жас толқынға өнеге болып келеді.

    Мерейтойға орай, аудан орталығында бір мезгілде білім, спорт алаңдарымен қатар, «Денсаулық» аллеясы және Исатай Тайманұлы атындағы мектеп-гимназия алдында «Ұлы даланың жеті қыры» гүлбағы ашылды. Ал «Мәңгілік Ел» саябағында – еңбек адамдарына арналған «Ауданның ерен еңбек иелері» тақтасы орнатылды. Туған жердің торқалы тойына сүбелі үлес қосқан жергілікті жұртшылық пен құрметті қонақтар жас тал көшеттерін отырғызды.

    Орталық стадионда өткен «Батырлар мекені – Қобда ауданына 90 жыл» салтанатында облыс әкімі О.Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты М.Жұмағазиев, аудан әкімі М.Шермағанбет қобдалықтарды мерейтоймен құттықтады. Көпбалалы аналарға пәтер сертификаттары, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілік көрсеткен кәсіпкерлерге «Жомарт жүрек» сыйлықтары тарту етілді.

    Аудандық Мәдениет үйінде «Ұлы Қобданың даңқты батырлары» атты ғылыми-танымдық конференциядан соң «Қобыланды батыр» қойылымы сахналанды.

    Пікір жазу