Ақтөбе: жас жамағат зияткерлігі сынға түсті

    0
    177

    Нұр-Сұлтан. 25 сәуір. KAZISLAM – ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Нұр-Ғасыр» мешітінде Ақтөбе қаласы әкімдігінің кубогы үшін жас жамағат арасында «150 жылдыққа – 150 сұрақ» атты зияткерлік сайысы өтті, деп хабарлайды «Нұр-Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі.

    Жастар жылына және Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай өткізілген бұл байқаудың бұған дейін 2 іріктеу туры өтіп, 60 үміткердің ішінен бүгінгі сайысқа 8 жас жолдама алған болатын.

    Бас демеушісі – Ақтөбе қаласының әкімдігі болған бұл байқаудың мақсаты: жас жамағаттың төл тарихымызды зерделеу, ұлттық санамызды жаңғырту, Ислам құндылықтарын бойына сіңіру, тәлімі мол салт-дәстүрлерімізді қайта түлету, Туған өлкемізді зерттеп-тану бағытындағы зейінділігі мен зияткерлік әлеуетін саралап көрсету болды.

    Байқауға наиб мүфти Алау Әділбаев бастаған әділқазылар: ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов, Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Төлеби Оспан, философия ғылымдарының докторы, профессор, академик Алтай Тайжанов, Ақтөбе қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Елеусіз Нұрғалиев төрелік етті.

    Байқауға Ақтөбе облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің, «Досжан Хазрет» және «Әл-Латиф» мешіттерінің жас шәкірттері қатысты.

    Байқау шартына сәйкес, сайыскерлер «Сәлем – сөздің атасы», «Бәйге», «Полиглот», «Жеті жарғы», «Мінбер», «Пікір-сайыс» деп аталатын 6 айналым бойынша өзара бақ сынады.

    Соңғы айналымда 2 сайыскер қазылар алқасы таңдап берген тақырып – «Өз еркімен діни білім алу дұрыс па?» деген тақырыпта пікір сайысқа түсті.

    Аса тартысты өткен байқаудың нәтижесі бойынша Ақтөбе облыстық орталық «НұрҒасыр» мешітінің жас жамағаты Мейіржан Ақмырза І орынды жеңіп алып, қомақты жүлде – 300 000 теңгені қанжығасына байлады.

    ІІ орын – 200 мың теңге жүлдесімен Ақтөбе қалалық орталық мешіті атынан шыққан Арман Көпбергенұлына, ал, ІІІ орын – 100 мың теңге жүлдесімен «НұрҒасырдың» жас жамағаты Шүкірәлі Ердосқа бұйырды.

    Сондай-ақ, сайысқа Ақтөбе қалалық орталық мешіті атынан қатысқан: Жылқайдарұлы Қонысбек, Нурлин Райымбек, Елеусізов Оразбек және Мыңбаев Жалғас («Досжан Хазрет» мешіті), Алтынбек Алдияр («Әл Латиф» мешіті) ынталандыру сыйлығына ие болып, олардың әрқайсысына 50 мың теңгеден берілді.

    Жүлдегерлерді салтанатты түрде марапаттауға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов арнайы келіп, жастарға ақ жол тіледі.

    Біз барша тілектестерінің үкілі үміттері мен сенімдерін ақтап, мазмұнды сыннан сүрінбей өткен жастарды бүгінгі Жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Мерейлеріңіз таси берсін!