Ақпараттық-түсіндіру топтары жұмысының бүгінгі  ахуалы

    97

    «Парасат» кеңес беру-әдістемелік орталығы» мекемесі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты аясында  2019 жылдың сәуір-қараша айларында дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған «Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерін даярлау және қайта даярлау жұмыстарын ұйымдастыру» курсын өткізді. Ең соңғы қорытынды курсы Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын.

    Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленгендей, оны жүзеге асыру діни экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністері мен терроризм қауіптерінен адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру бағыттарының бірі:

    — барлық деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметіне қоғамда радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті және антитеррорлық сананы қалыптастыруға бағытталған тиімді әдістер мен тәсілдерді енгізу:

    — ақпараттық-насихаттау жұмыстары субъектілері қызметкерлерінің ақпараттық ықпал ету технологиясындағы кәсіптік құзіреттіліктерін арттыру» есебінен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру іс-шараларының сапасын арттыру болып табылды.

    Сондықтан жобаны жүзеге асырудың көкейкестілігі ешқандай күмән туғызбайды, өйткені оны іске асыру Қазақстан Республикасындағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018–2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның бір бағытын толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

    Еліміздің 10 қаласында (Өскемен, Павлодар, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Нұр-Сұлтан) өткен оқыту курсына 637-ден астам адам қатысты.

    Курстың соңында  қатысушыға арнайы сертификаттар мен 167 адамға Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің «Өңірлік дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі» атты арнайы куәліктері табысталды.

    Курстың қорытындысы бойынша бірнеше ұсыныстар даярланды:

    Біріншіден, курсқа қатысқан АТТ мүшелерінің сапалық құрамына талдау жасай келсек 34пайызы, яғни 215 адам теологтар мен дінтанушылар, 23 пайызы – 148–і педагогтар, яғни мектепте мен колледждерде, жоғарғы оқу орындарында тарих және дінтану негіздері пәнінінің оқытушылары, 26%-ы  — 165-і әр түрлі сала мамандары (айти, экономика, медицина, техникалық, қаржы т.б.) 8%-ы , яғни 54-і заңгерлер, 6%-ы, яғни 38-і психолог мамандар болып табылады.

    АТТ мүшелерінің әлеуеті деструктивті діни ағымдардың даярлығы бар өкілдері мен лидерлеріне, деструктивті идеяларға төтеп бере алатындай болуы керек, идеологиялық ықпал етудің түрлі тәсілдерін меңгеруі тиіс.

    АТТ мүшелері тек жалпы алдын алу мәселелерімен ғана емес, сонымен қатар, деструктивті ағымның ықпалына түскен тұлғалармен адрестік, жеке, райынан қайтару жұмыстарымен айналысатындықтан әлі де болса, псиохолог, заңгер мамандар қатарын  көбейту керек.

    Екіншіден, АТТ мүшелерінің еңбекпен қамтамассыз етілу мөлшеріне тоқталатын болсақ, 637 адамның 215-і – 37%-ы мемлекеттік қызметте, ішкі саясат басқармалары мен бөлімдерінде, ішкі істер басқармаларында, соның ішінде түзету мекемелерінде, жедел уәкілеттік бөлімдерде қызмет атқарады.

    108-і – 18%-ы бюджеттік мекемелерде, оның ішінде білім беру мекемелерінде, емханаларда, жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері. 23%-ы — 137-сі дін мәселелері жөніндегі зерттеу орталықтарында, 15%-ы – 87-сі діни бірлестіктерде жұмыс істейді.

    Тек, 7%-ы ғана азаматтық қоғам өкілдері ретінде әр түрлі үкіметтік емес ұйымдарда қызмет атқарады.

    Демек, АТТ мүшелері дін мәселелері жөніндегі түсіндіру жұмыстарын өздерінің негізгі қызметтерімен қатар алып жүретінін ескерсек, АТТ жұмыстарының сапасы мен тиімділігіне әсер ететіне назар аударуымыз қажет.

    Бұл жұмыстарға көбірек азаматтық қоғам өкілдерін тартқан жөн. Осыған орай, діни экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы белсенді ақпараттандыру жұмысына өмірдің түрлі салаларындағы беделді азаматтардың, этномәдени орталықтардың, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының әлеуетін пайдалану қажет.

    Үшіншіден, өңірлердегі АТ жұмыстарына тартатын дін мәселелері жөніндегі республикалық АТТ мүшелерінің уәкілетті органмен бекітілген тізімінің қажеттілігі туындап отыр. Жыл сайын дін істері комитетінің сайтында арнайы республикалық АТТ мүшелерінің тізімі жарияланып тұруы керек.

    Төртіншіден, АТТ мұшелерінің ғаламтордағы, әлеуметтік желілердегі түсіндіру жұмыстарын жүргізудегі белсенділігі көп жастарымызға сауатты ақпаратпен қамтамасыз етуге маңызы зор.

    Осы ретте, әлеуметтік желілердегі алдын алу шараларын кеңейту үшін әлеуеті жоғары, белсенді АТТ мүшелерін ынталандыру, қолдау шараларын арттыру қажет.

    Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз елдің дәстүрлері мен мәдениетінің нормаларына сәйкес келетін діни сананы қалыптастыруға  тиістіміз», — деп атап өтті.

    Сондықтан қазіргі қоғамның талаптарына негізделе отырып, жобада көзделген шаралар бөтен идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға, бар қауіп-қатерлерге тойтарыс беруге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

    Индира БЕРКІМБАЕВА,
    «Парасат» кеңес беру-әдістемелік
    орталығының директоры

    Пікір жазу